
Жуырда ауданымызға қарасты Ақадыр кентінің мәдениет үйінде белгілі ғалым, ақын – жазушы, компазитор, өнер зерттеушісі Ақселеу Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойына орай «Алаштың Ақселеуі» атты еске алу кеші өтті. Жерлесіміз, дарынды жазушы Өмір Кәріпұлының бастамашы болуымен ұйымдастырылған шараға елімізге танымал ғасыр адамы, әйгілі академик Т.Көкетаев, этнограф, жазушы Т.Майбас, теларна ардагері, жалынды журналист Ә.Тойжігіт, Ақселеу Сейдімбектің бауыры А.Сейдімбек, өнер жанашырлары, меценат А.Бидайбеков пен А.Смағұл, шежіреші, өнертанушы Б.Боқайтегі, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Е.Мұсабек сынды зиялы қауым өкілдері арнайы келіп қатысты. Шара барысында аудандық мәслихат хатшысы кент тұрғындарын кейінгі буынға үлгі – өнеге боларлық тағылымды кештің өтуімен құттықтап, тарихи тұлғаға тағзым қыла келген құрметті қонақтарға қош келдіңіздер айтып, жүрекжарды алғысын білдірді. Осыдан кейін, кешке арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері сөз алып, өнер иесінің ғибратты ғұмырдариясы мен қазақ баласына сіңірген айрықша қызмет жолын тебірене тілге тиек етісті. Көрікті кеш барысында жергілікті Ш.Бейсекқызы атындағы мәдени – сауық орталығының қызметкері А.Төлеухан Ақселеу Сланұлының бет – бейнесін сомдап, монолог оқыса, Қарағандыдан арнайы келген дәстүрлі әнші Қ.Төкеновтың орындауынадағы тарихи тұлғаның «Сарыарқа, Дәурен – ай» әндері көрерменнің қошеметіне ие болды. Сонымен қатар, кеш бойы Ақселеу Сейдімбекке арнап шығарған замандас достарының жоқтау жырлары мен әсем әндері шырқалып, кенттегі «Ақ әжелер» ансамблінің орындауындағы әсем әндер көтеріңкі көңіл – күй сыйлады. Шара соңында кент әкімі А.Әбілдин шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған аудан әкімдігі мен жазушы Өмір Кәріпұлына сондай – ақ алыстан арнайы ат басын бұрып келген барша қонақтарға алғысын білдіріп, қазақы жолмен иықтарына шапан жапты.