ЖАЗУШЫ МӘДИ АЙЫМБЕТОВПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ!

ЖАЗУШЫ МӘДИ АЙЫМБЕТОВПЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ!

Биылғы балалар жылына орай, жуырда аудан орталығындағы балалар кітапханасында елімізге белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері М.Айымбетовпен кездесу өтті. Айтулы шараға Қарағанды облыстық Абай атындағы балалар кітапханасының директоры Б.Уатаева мен ауданның білім мекемелерінің ұстаздары және кітапхананың жас оқырмандары қатысты. Шара барысында жазушының «Күнікей» әңгімесінен үзінді көрініс қойылып, кейіпкердің өмірінен сыр шертетін бейнеролик көрсетілді. Осыдан кейін, жүргізуші мен оқырмандар тарапынан бірқатар қызықты сұрақтар қойылып, кеш қонағы оларға тұщымды жауаптарын берді. Көрікті кеште аудан орталығындағы С.Мұхамеджанов атындағы өнер мектебінің ұстазы, талантты күйші Ж.Дәулетбеков Тәттімбеттің «Балбырауын» атты күйін кәсіби деңгейде орындап, Ақсу – Аюлы» әнін әуелеткен аталмыш мектептің оқушысы Д.Қайролла да көрермендердің қошеметіне ие болды. Сырлы сұхбат соңында Келелі кездесуді қорытындылаған аудандық орталық кітапхана директоры М.Нурпеисова сүйікті оқырмандарына уақыт бөліп келген Мәди Айтбенбетұлына алғысын білдіріп, туған күніне орай, аудан әкімі М.Мұхтаровтың құттықтау хатын салтанатты түрде табыстап, қазақы жолмен иығына шапан жапты. Қатысушы қонақтар мен оқырмандар шара аяқталысымен жазушының қолынан қолтаңба алып, естелік суреттерге түсті.