
Бүгін аудандық мәдениет үйінде жерлесіміз, сазгер, сырнайшы, күйші, актер, суретші, КСРО Еңбек ардагері, көптеген респуликалық байқаулардың лауреаты Ыбыжан Төлегенұлының есімі кезінде өзі алғаш жетекшілік еткен Ақсу – Аюлы ән – би халық ансамбліне берілді. Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары М.Жумкин жылы лебізін білдіріп, ансамблдің жаңа есіміне арналған дипломды табыстады. Осыдан кейін өнер иесінің туысқандары атынан Б.Доскеев және замандас – әріптестері Қарағанды қаласы Кеншілер мәдениет сарайының директоры Ж.Акишев, ақын А.Рашитов, белгілі мәдениет қайраткері Г.Ахметова, ардагер әнші М.Медеуовалар сахынаға шығып, жүрекжарды лебіздері мен ескірмес естеліктерімен бөлісті. Сонымен қатар, Ыбыжан Төлегенұлының әріптестері, өнердегі бауырлары «Арай» ансамблінің жетекшісі Қ.Боранбаев және ансамбл мүшелері С.Ахметов, А.Омарбековтердің орындауында әсем әндер әуелеп, аудандық мәдени – сауық орталығы өнерпаздары Ы.Төлегеновтың «Ақсу – Аюлы - жыр мекен», «Сағыныш», әндерін шырқады. Сондай –ақ, немересі А.Әбжанқызының орындауында «Балауса», «Тәжік» билері көрермендердің қошеметіне ие болды. Шырайлы шара соңында ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Ахмедия барша ұйымдастырушылар мен қадірменді қонақтарға алғысын білдіріп, атасының жолын жалғап киелі өнер сахынасында жүрген Ы.Төлегеновтың немересі Айзере Әбжанқызына аудан әкімінің Құттықтау хатын табыстады. Жалпы кеш барысында талантты тұлғаның ғибратты ғұмыры мен соңында қалған құнды мұралары дәріптелді.