Ауданымызда ауыл,кент әкімдерінің 3 тоқсан бойынша дәстүрлі қорытынды есеп беру кездесулері басталды. Бекітілген кестеге сәйкес, бүгін алғашқы болып, Ақшоқы, Талды және Нұраталды ауылдық округтерінің әкімдері ел алдында атқарылған жұмыстары мен жоспарлары туралы есеп берді.
Аталмыш кездесулерге аудан әкімі М.Мұхтаров, аудан прокуроры Е.Жаппар, аудандық мәслихат хатшысы С.Социал және ауданның сала бөлім басшылары қатысты.
Округ әкімдерінің елді мекен тұрғындарымен кездесуі сұрақ- жауап форматында өтті. Сондай-ақ есеп беру кездесулермен қатар "Заң керуені" акциясы аясында аудан прокуроры да тұрғындарға маңызды мәліметтер беріп отырды. Кездесулерде аталмыш акцияның мақсаты жергілікті жерде халыққа жедел құқықтық көмек көрсету , өңірдегі қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті нығайту екендігіне тоқталып өтті.
Көтерілген мәселелерге тоқталсақ, ауыл тұрғындары тарапынан кейбір елді мекендерге асфальт төсеу, көшелеріне жарықшамдар мен таза ауыз сумен қамтамасыз ету сынды мәселелер айтылды. Мәселен, Нұраталды ауылының жұртшылығы ауылға тұрақты электр тоғының болуын қамтамасыз етуді өтінсе, ал, Талды ауылының тұрғындары қалған екі көшеге жарық шамдарын орнатуды және мәдениет үйінің қасбетін жаңартып беруді алға тартты. Осыған орай, аудан әкімі өз кезегінде, Ақшоқы ауылының ауызсу экспертизасы жылдың соңына дейін алынып, ары қарайғы жұмыстар жүргізілетінін, жолдың негізінің қайта жаңарту бойынша жобалау - сметалық құжаттар дайындалып жатқанын жеткізді. Осы айтылған ұсыныс-пікірлердің барлығы жеке бақылауында болатынын айтып, жиналысты қорытындылады.
Есеп беру соңында аудан басшысы халықты өзге де мәселелері бойынша жеке қабылдады.