
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Орджиникидзе атындағы колхоздың құрылғанына 90 жыл және совхоз болып құрылғанына 60 жыл толуына орай, Шет ауданының Құрметті азаматы, ҚР ауылшаруашылық саласының Құрметті ардагері Жұмкин Боранбай Исатайұлының жинақтап, құрастыруымен «Ел ырысы - нұрлы Нұра» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Айтулы шараға аудан әкімі М.Мұхтаров бастаған әкімдік өкілдері, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, академик К.Сарханов, белгілі ақын – жазушы, өлкетанушылар мен журналистер Т.Майбас, Ө.Кәріп, Е.Мұсабек, Ә.Тойжігіт, А.Смағұл және С.Мұстафин, М.Баданов т.б. көптеген қонақтар арнайы келіп қатысып, кеш иесіне жылы лебіздерін арнап, кітаптың жас ұрпақ үшін құнды мұра екендігін тілге тиек етті. Ал, аталмыш кітаптың тұсауын кесу құрметі аудан әкімі М.Мұхтаров, ауыл ақсақалы Е.Байжанов пен Шет агротехникалық колледжінің ардагер ұстазы Ү.Әйешоваларға берілді. Сондай – ақ, Боранбай Исатайұлының замандас – әріптестері мен кітапқа енген тұлғалардың ұрпақтары жылы лебіздерін білдіріп, құрастырушыға алғыстарын жеткізді. Шара барысында ел үлкендері ескірмес естеліктер мен өткен күндерге шолу жасап, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының орындауында әсем әндер шырқалды.