КӘСІПОРЫН ҰЖЫМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ!

КӘСІПОРЫН ҰЖЫМДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ!

Кеше аудан әкімі М.Мұхтаров пен аудан прокуроры Е.Жаппар ауданға қарасты Ақжал кентіндегі "Nova Цинк" кәсіпорнында арнайы жұмыс сапарымен болып, кәсіпорын басшылығы мен жұмыскерлермен кездесті. Кездесу барысында жұмыскерлердің еңбек жағдайларын біліп, еркін форматтағы сұрақ – жауап арқылы өзара пікір алмасты.
Айта кету керек, былтырғы жылғы аудан әкімі мен кәсіпорын басшысының келісімі бойынша қазіргі уақытта "Nova Цинк" кәсіпорны қаржысынан кенттегі абаттандыру, көпқабатты үйлердің төбесі мен сыртын жөндеу жұмыстары және облыс әкімі тарапынан бөлінген қаржатқа көшелерді асфальттау мен көпқабатты үйлерді жөндеу сынды жұмыстар жүргізілуде. Кәсіпорын басшылығының айтуынша мұндай ел игілігіне арналған ауқымды жұмыстарды атқаруды алдағы уақытта да жоспарлап отыр екен. Осыдан кейін, іс - сапар Мойынты кентінде жалғасып, мұнда да “Bapy Mining” кәсіпорнының тыныс тіршілігімен танысып, өндіріс ұжымымен келелі кездесу өткізді. Аталмыш кәсіпорын тарапынан бұл жерде де жұмыскерлердің жағдайын жақсарту айрықша қолға алынған. Екі ауысым еңбеккерлері үшін салынған жаңа спорт ғимаратында дайындық залдары мен теннис үстелі, футбол, волейбол сынды спорт түрлерімен айналысуға толықтай мүмкіндік жасалынған. Екі кездесуде де аудан басшысы бірқатар маңызды мәселелерге назар аударып, кәсіпорын басшылықтарына жұмыскерлердің еңбек жағдайын жақсарту, жыл сайын жалақыны көтеру шараларын жүйелі жүзеге асыру, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға көмек көрсету қажеттігін атап өтті.