
Бүгін еліміздегі спорт күні мерекесі қарсаңында аудандық мәдениет үйінде «Спорт – денсаулық кепілі» атты салтанатты шара ұйымдастырылды. Аталмыш шарада аудан әкімі М.Мұхтаров барша қауымды мерекемен құттықтап, ауданымыздағы спорт саласының дамуына үлестерін қосқан және әлемдік бәсекелерде топ жарып жүрген спортшыларға естелік сыйлықтар мен қаржылай сыйлық сертификаттарын табыстап, облыстық спорт басқармасы мен аудан әкімінің «Құрмет» грамоталарымен марапаттады. Сонымен қатар, биылғы жылы шежірелі өлкемізде өткен «Сары – Арқа» облыстық жазғы ауылдар спартакиадасында жүлделі орындарға ие болған аудан құрама командаларына қаржылай ынталандыру беріліп, аталмыш іс – шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына мұрындық болған ауыл, кент әкімдері мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері аудан әкімінің «Алғыс хаттарына ие болды. Сондай – ақ, биылғы жылы республика, азия, әлем чемпионаттарында топ жарған жас спортшылар мен олардың жаттықтырушылары да назардан тыс қалмай қаржылай сыйлықтар берілді. Көпшілік алдында аудан әкімінің орынбасарлары мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының қолынан марапаттаулар алып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген спортшылар қауымы, аудан өнерпаздары дайындаған мерекелік концертті тамашалады.