
Кеше Өспен, Үңірек ауылдық округтері мен С.Сейфуллин атындағы кент әкімдері тұрғындар алдында 2022 жылғы II тоқсанда атқарылған жұмыстары туралы есеп берді. Есептік кездесулерде жергілікті әкімдер өткен кездесуде түскен мәселелерге тоқталып, алдағы атқарылатын жұмыс жоспарымен ауыл тұрғындарын таныстырды. Жиын барысында көпшілік көкейкесті мәселелерін алға тартты. С.Сейфуллин кентінің тұрғындары банкомат орнату мәселесін алға тартса, Үңірек ауылының тұрғындары ауылдағы электр тоғының қалыпты жұмыс жасауы қиындық тудырып отырғандығын, осыған орай, бағаналар мен трансформаторларды ауыстыру керек екендігін жеткізді. Сонымен бірге, ұялы телефон байланысын қосып беру сынды өтініштерін білдірді. Әкімдік тарапынан алдыңғы есептік кездесуде түскен сұрақтарға жауап ретінде биыл тұрғындар сұранысына байланысты Еркіндік ауылының көшелеріне жарықшам орнатуға қаржы бөлініп, Үңірек ауылының бұрынғы су ұңғымасының жанынан тереңірек тағы бір ұңғымаға қаржы бөлінетіндігін және басқа да көтерілген мәселелер назарға алынғандығын жеткізді. Сонымен қоса, кездесу соңында аудан әкімі жеке қабылдау өткізіп, тұрғындар тарапынан келген барлық өтініш – тілектерді ауыл әкімдері мен тиісті бөлім басшыларының заңдылықтар аясында шешуін бақылауында ұстайтынын айта кетті.