
Ағымдағы жылдың 13 шілдесі күні аудан орталығы Ақсу – Аюлы ауылындағы спорт алаңында «Сары-Арқа – 2022» ХХХIV облыстық жазғы ауыл спартакиадасының ашылу салтанаты өтті. Дүбірлі додаға Қарағанды облысындағы Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра, Осакаров және Шет аудандарынан жалпы саны 600-ден астам адам қатысуда. Аталмыш спартакиданың ашылу салтанатында аудан әкімінің міндетін атқарушы Д.Кәрсембаев, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының, дене шынықтыру бұқаралық жұмыс бөлімінің басшысы Н.Әшірбек пен жерлесіміз, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт ардагері А.Қызыловтар көпшілікті жарыстың басталуымен құттықтап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Сондай – ақ, ауданымыздың мақтанышы, қазақ еліне еңбегі сіңген жаттықтырушы, республиканың он дүркін женімпазы, Азия құрлығынын екі алтын, екі күміс женімпазы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәрібай Оспановқа аудан әкімінің 300 000 теңге сертификаты табысталып, спартакиада алауын жағу құрметі берілді. Сән салтанаты жарасқан шырайлы шарада спартакиаданың бас төрешісі Әсет Ахметов спортшылар антын қабылдады. Ашылу салтанаты Сейіл Аяған, Қуандық Рақым бастаған өнер жұлдыздарының концертімен жалғасып, шара соңы отшашуға ұласты. Енді барлық спортшылар шілде айының 14-15 күндері волейбол, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату, үстел теннисі, шағын футбол, жеңіл атлетика, армрестлинг, шахмат, дойбы, пауэрлифтинг, жазғы президенттік көпсайыстары сынды спорттың 11 түрінен өзара бақсынасатын болады. Жарыстың жабылу салтанаты 15 шілде күні кешкі уақытта аудан орталығының спорт стадионында өтетін болады.