
Бүгінгі күн бір сыныпқа жоғарылаған оқушыларды жаңа белесімен құттықтап, алтын ұядан қияға қанат қаққан ұл - қыздарымыздың қадамдарына ақ бата, сәтті сапар тілейтін күн.
Қазіргі таңда шежірелі өлкемізде жалпы саны 46 мектеп жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып, жемісті қызмет етіп келеді. Оның ішінде биылғы жылы 26 орта білім беретін мектеп қабырғасын 370 оқушы бітіріп, 26 оқушы алтын белгі, 34 оқушы үздік аттестат алады деп күтілуде.
Аяулы ұстаздар!
Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлестеріңізді қоса жүріп, жас ұрпақты нұрлы болашаққа бастап, саналарына отансүйгіштік сезім ұялатып, күш–қайратын аямай жұмсап жүрген Сіздерге ақпейіл алғысымды жеткізіп, ұстаздық ұлы жолдағы қызметтеріңізге шығармашылық табыстар мен толайым жетістіктер тілеймін. Сонымен қатар, бала тәрбиесіне ерекше назар аударып, оларға деген ыстық ықыластарыңыз бен шуақты мейірімдеріңіз үшін, құрметті ата-аналар, Сіздерге де шынайы алғысымыз бен ризашылығымыз шексіз.
Қымбатты мектеп бітіруші түлектер!
Сіздер, бүгін алдағы өмір белестерін бетке алып, шыңдарға қанат қағуға жолдама алып отырсыздар! 11 жыл бойы алған білімдеріңізді әрі қарай жетілдіріп, болашақ мамандықтарыңызға таңдау жасайтын сәт келді. Олай болса, өмір жолдарыңыз қашанда биік мақсаттарға толы болсын. Жаңа Қазақстанымыздың жарқын болашағын құруға бар күш – жігерлеріңізді жұмсап, еліміздің мәртебесін асыруға, білім берген ұстаздар мен мәпелеген ата-ананың үкілі үмітін ақтап, халқына қалаулы азамат болуларыңызға тілектеспін.
Жолдарыңыз даңғыл, болашақтарыңыз жарқын болсын!
Мереке құтты болсын!