АУДАН ӘКІМІ АССОЦИАЦИЯ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ!

АУДАН ӘКІМІ АССОЦИАЦИЯ МҮШЕЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ!


Бүгін аудан әкімі М.Мұхтаров Ақадыр кентіндегі жергілікті кәсіпкерлер ассоциациясы мүшелерімен кездесу өткізді. Кездесуге әкім орынбасарлары мен сала бөлім басшылары,сондай - ақ, аудандық мәслихат депутаттары қатысты. Еркін пікір алмасу форматында өткен алқалы жиында көлеңкелі бизнес өкілдері мен тіркелмей жүрген өзге де кәсіпкерлердің кент экономикасының өркендеуіне айтарлықтай кері әсерін тигізіп отырғандығы, кент дамуының бас жоспарына қажетті өзгерістер енгізу керектігі секілді көпшіліктің көкейінде жүрген кесек мәселелер көтерілді.Сонымен бірге, аудан басшысы біраз уақыттан бері тұрғындардың сұранысында жүрген кенттегі аурухананы жөндеуге биылғы жылы облыс әкімінің сұрауымен республикадан қаражат бөлініп отырғандығын айтып өтті. Сондай - ақ, аталмыш аурухана мен Ә.Ермеков мектебінің құрылыстарына жауапты мердігерлер кездесуге арнайы шақырылып, олардан қандай кедергілер туындап жатқандығы және алдағы жұмыс барысының жоспары сұралып, көпшіліктің ортақ талқысына салынды.
Бұлардан бөлек, алдағы уақытта тұрғындар игілігіне арналған ауқымды істердің сапалы орындалуын қадағалау бойынша жергілікті қоғамдастық өкілдері арқылы қоғамдық бақылау жасау қажеттігі де айтылмай қалмады. Кездесу соңында аудан басшысы әр салаға байланысты ұсыныстар мен өтініштердің назардан тыс қалмай жоспарға алынатынын жеткізіп, барша азаматты бірлесе жұмыс жасауға шақырды.