
Бүгін Жезқазған аймақтық кәсіподағының ұйымдастыруымен жыл сайынғы өткізіліп келе жатқан спартакиада ойындары ауданымызда өтті. Ұлттық ойындарды ұстаздар арасында дәріптеуді мақсат еткен байрақты бәсеке былтырғы жылы Жезқазған төрінде тоғызқұмалақ турнирінен өткізілсе, биыл спартакиадаға волейбол, үстел теннисімен бірге қазақтың арқан тарту, асық ату, бес тас, зіл тасын көтеру сынды ұлттық спорттық ойындары қосылған. Аталмыш спартакиаданың ашылу салтанатына аудан әкімі М.Мұхтаров арнайы қатысып, барша спортшыларға сәттілік тіледі. Аталмыш шарада аудан әкіміне Қазақстан салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының шешімімен білім саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолындағы табысты еңбегі мен ынтымақтастық қолдауы үшін «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі салтанатты түрде «Жезқазған аймақтық білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы
Қоңырбаев Марат Сейілбекұлы табыстады. Спартакиадаға әр аудан мен қаланың кіл мықты деген ұстаз-спортшылары келіп қатысып, өзара бақтарын сынады. Нәтижесінде топтық есепте қарсыластарынан оқ бойы озық көрінген Шет ауданымыздың құрамасы жүлделі 1-орынды иеленсе, Жаңаарқа командасы 2-орынды місе тұтса, ал 3-орынды Балқаш қаласының құрама командасы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы кубок, медаль және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.