С праздником Наурыз!

С праздником Наурыз!

ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Түркі әлемінің әріден келе жатқан Наурыз мейрамы бүгін аудан орталығында әдеттегідей, ерекше салтанатпен тойланды.
Мерекенің шымылдығы «Қош келдің, Әз Наурыз» атты театрландырылған көрініспен ашылды. Алаңды керней үні кернеп, жаршылар, жарты әлемде Ұлыс күні – Наурыздың басталғанын хабарлады. Жайлаудағы ағайынның жер-дүниені жасандырып жеткен көктемге қуануы, қыз-жігіттердің сауық-сайраны халықтың көңіл-күйін көтеріп, мерекеге ажар қосты. «Мал төлдеп, қой қоздап, сүттен бұлақ ағызған, Молшылыққа аңыз боп, басталыпты Наурыздан» деп Қыдыр ата ақжайықтықтарға ақ батасын берсе, Жер ана ақжаулықты әжелермен баршаны пәле-жәледен аулақ болуды меңзеп, айналаны отпен аластап шықты.
Жиналған қалың қауымды аудандық мәслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов мерекемен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
Наурызда бұл жолы да халықтық мұралардың, дәстүр байлығының молынан көріністелуі, оған халқымыздың ынтасы мен ниетінің асқақтығы аңғарылды. Сөйтіп, халқымыздың бірлігі мен ынтымағы тағыда жарқырай көрінді.
Сонымен қатар, алаңда осы күні спорттық шаралар да жанкүйерлердің қызу қолдауымен тартысты өтті. Балуандар қой көтеріп, білек күшімен мықтылығын көрсетсе, ауданымыздың азаматтары арқан тартысып күштерін сынға салды.
Баршаңызды Наурыз мерекесімен құттықтаймыз!