
БАЛҒЫН БАЛУАНДАР БАҚСЫНАСТЫ!
Шежірелі Шет өңірі жауырыны жер иіскемеген білекті балуандардың мекені. Оған аядай ғана ауданның өзінен еліміздің туын байрақты бәсекелерде желбірете білген жерлес спортшыларымыздың есімдері дәлел. Осынау іргесі мықтап қаланған, тағылымды күрес мектебін дамыту, балғындардың күрес түріне деген қызығушылыған ояту бүгінгі күннің басты талабы. Осыған орай, ағымдағы жылдың 7 наурызы күні аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде дзюдо күресінен 2012 – 2013 жылы туған кіші жасөспірімдер арасында Шет ауданының ашық біріншілігі өтті. Басты мақсат аудан бойынша күреске икемі бар талантты жас спортшыларды анықтау әрі ынталандыру болды. Аталмыш жарысқа аудан аумағындағы Ақжал, Ақадыр, Өспен, Талды, Кеншоқы, Босаға елді мекендерінен жалпы саны 70 балғын балуандар қатысып, салмақ дәрежелері бойынша өзара бақсынасты. Игі шараның ашылу салтанатына ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Ахмедия мен ауған соғысының ардагері Е,Балкенов арнайы қатысып, жас буын спортшыларға сәттілік тіледі. «Күш – атасын танымас» демекші боз кілемде білек сыбанып, белсене күрескен балуандар көпшіліктің делебесін қоздырды. Бірнеше сағатқа созылған спорт сайысының нәтижесінде 7 салмақ дәрежесі бойынша 32 жеңімпаз анықталып, жүлдегерлерді бөлім басшысы С.Ахмедия медаль, грамоталар мен сондай – ақ, арнайы номинациялармен марапаттады. Мұндай балуандарға зор тәжірбие алмасуға мүмкіндік беретін спорт біріншіліктері алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
Ж.Тілеуханов Шет ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің бас маманы