
ҚР Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында ауданымыздағы 1983 жылы туылған азаматтар мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған мерейтойға орай, дзюдодан аудандық ашық біріншілік ұйымдастырды. Аудандық жасөспірімдер спорт мектебінде өткізілген шырайлы шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары М.Жумкин арнайы қатысып, салауатты өмір салтын баулуға шақырып, келешек ұрпаққа үлгі - өнеге болатын байыпты бастамаға мұрындық болып жатқан түлектерге алғысын білдірді. 2009 - 2010, 2011 - 2012 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасында өткен спорт сайысына ауданымыз бен республиканың әр аймағынан 26 топ құрамасы қатысып, өзара бақсынасты. Боз кілемде бабы мен бағы қатар келіскен балуандар арнайы кубок грамоталармен және де қомақты сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, шараны ұйымдастырушы 1983 жылғы түлектер мектеп қабырғасында білім берген ұлағатты ұстаздары мен саңлақ спорт ардагері С.Айнатаевқа қазақы кәдемен шапан жапты.Айта кетелік, шара барысында жуырда Ташкент қаласында Самбо күресінен өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген жерлес спортшымыз А.Дәртаевқа кәсіпкер ағалары Р.Мұсаханов, Е.Шынкеев, Ғ.Әміров есімді аудан азаматтары 1миллион теңге көлемінде қаржылай сыйақы табыстады.
Мұндай игілікті іс алдағы уақытта жалғасын тапсын деген ниетте 1983 жылғы түлектер эстафетаны 1984 жылғы азаматтарға табыстады.