
Құрметті білім беру саласының қызметкерлері!
Сіздерді төл мерекелерінізбен шын жүректен құттықтаймын!
Тәуелсіз мемлекетіміздің басты құндылығы – білімді адам деген қағиданы Тәуелсіздігіміздің туын тіккен күннен бастап, қоғамдық өзгеріске сай келетін пәрменді, заманауи білім жүйесі әзірленуде және осы жүйені жүзеге асырудың нақты нәтижелерін біздің ауданымыздан да қөруге болады.
Білім саласына бөлінетін қаржы жыл сайын өсуде. Аудан мектептеріне жөндеу жұмыстары жүргілізуде. Барлық білім ошақтарының материалдық – техниқалық базасы нығайтылуда. Алдағы уақыттарда да білім саласын дамытуға арналған шаралар жалғасын таба бермек.
Білім жүйесінің жаны да, жүрегі де, тірегі де - ұстаз. Сондықтан еліміздің келешегі - ұстаздардың қолында.
Ұстаздық - аса қадірлі, аса қажетті, ауыр да қызықты мамандық. Қадірлі болатыны ұстаз алдынан өтпейтін адам жоқ. Қажетті болатыны - мемлекетіміздің болашағына білім мен тәрбие беру. Ауыр болатыны -уақытпен санаспай, күндіз-түні ізденісте, оқуда, тыным таппайтындығында. Қызықты болатыны - ұжымның ортасында, балалармен бірге жүруі.
Ұстаздар жайында халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлы “Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” - деген болатын.
Мұғалім болу – мамандық болса, ұстаздық - адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі. Себебі ұстаздық - тек үлкен жүректі азаматтардың ғана қолынан келетін іс.
Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын ұстазға деген халқымыздың құрметі қашан да ерекше. Өйткені, қоғамның басты байлығы - адам болса, сол «адамның адамшылығы жақсы ұстаздан», - дейді дана Абай.
Құрметті ұстаздар!
Сіздер рухани дүниеміздің асқақтығын әрқашан туған халқының алдында паш етіп, елдің тұғырының биік болуына, бірліктің іргесі сөгілмеуіне, ырыс пен ынтымақтың біріге түсуіне үнемі зор үлес қосып келесіздер.
Сіздердің шәкірттерге берген жылулық пен тәрбиелеріңіз әр оқушының жандүниесіне жарық сәуле болып құйылып, жүрегіне ізгілік нұрын ұялатсын.
Ұстаздар қауымы – біздің үлкен тірегіміз. Қандай іс – шара болсын алдымен көмекті біз ұстаздар қауымынан аламыз. Оған дәлел - кеше ғана өткен сүйікті ауданымыздың 90 жылдық мерейтойдың жоғары дәрежеде өтуіне ұстаздардың қосқан үлестері ұлан асыр.
Білім саласының дамуына басты ықпал танытып отырған аудандық білім бөлімі мен аграрлық колледж ұжымына және аудандық әдістемелік кабинеттің білікті де тәжірибелі мамандарына зор алғыз айтамыз.
Бүгінгі күнде, мектепке дейінгі балаларды тәрбиелеу бағытындағы «Балапан» бағдарламасын ойдағыдай жүзеге асырып отырған ауданымыздағы балабақшалардың қызметкерлеріне, әсіресе жеке меншік балабақшалардың ұжымдарына айтар алғысымыз қашанда зор.
Біздің ауданымызда көп жылдардан бері ұстаздық қызмет атқарған, талай шәкірт тәрбиелеген қазыналы ардагер – ұстаздар әлі күнге дейін қатардан қалмай қоғамдық өмірімізге араласып жүргендеріне мақтаныш сезіммен қуана қарай, ерекше алғыс білдіреміз.
Құрметті жерлестер!
Бәріміздің де ұстазымыз бар. Бәріміз де ұстазға қарыздармыз. Сондықтан елімізде Мұғалімдер күні дәрежесі биік, ұлық та ұлағатты бүкілхалықтық мерекеге айналып отыр.
Олай болса, баршаңызды осы мерейлі мерекемен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, қажымас қайрат, қиын да қастерлі ұстаздардың қызметіне табыс тілеймін.
Еліміздің, ауданымыздың атын әлемге танытатың білімді де, талантты, рухани дамыған шәкіртеріңіз көбейе берсін.
Мерекелеріңіз құтты болсын құрметті ұстаздар!