
Ауданымызға жұмыс сапарымен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Nur Otan» фракциясының мүшесі Адамбеков Тілектес Серікбайұлы келді. Қарағанды облысына жоспарланған іссапар аясында Шежірелі өлкеміз Шет ауданына келіп, «Nur Otan» фракциясының мүшелерімен жиын өткізді. Сондай-ақ ауданымыздың әр саласында қызмет етіп жүрген жастарымызбен кездесті. Кездесу барысында, «Дипломмен ауылға» бағдарламасындағы мамандықтар арнасын кеңейту, «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түсу, аудандағы жастар саясатын жүзеге асырушы ұжымның жалақысын көтеру, Алматы - Екатеринбург республикалық тас жолы бойына бизнес нысандарын салу бойынша мәселелер көтеріліп, талқыға салынды.
Сонымен қатар, ауданымыздан өтетін Алматы – Екатеринбург республикалық тас жолына жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан «SINE MIDAS STROY» ЖШС-нің жұмысын бақылап, ондағы жұмысшылардың жағдайымен танысты. Атап айтқанда, жұмысшылардың айлық жалақысын уақытылы беру, еңбек шартына өзгертулер енгізу бойынша тапсырмалар берді. Алдағы уақыттарда аталған тапсырмалардың орындалу барысын қадағалау мақсатында ауданымызға іссапар барысымен қайта келеді.