
Халқымыз «Қыстың көзі қырауда» -дейді. Әсіресе Арқа жұртының қысы айрықша бөлек болатынын дүйім көпшілік жақсы біледі. Соңғы күндері қар қалың жауып, боран соғып тұр. Бет қарыған аязда жолда қалған көліктер көбейді. Республикалық маңыздағы "Алматы-Екатеринбург" тас жол бөлігінің ауданымыздың үстінен өтетін Қарағанды - Ақсу-Аюлы – Балхаш бағытында жүздеген жолаушы жолдың жабылуына байланысты кешегі түннен бері ауданымызда тұрақтап қалған болатын. Жүзге тарта жолаушы аудан орталығындағы «Жаңқұтты би» атындағы мешітте және аудандық мәдениет үйінің ішінен құрылған жылыту бекеті мен аудан тұрғындарының үйлеріне орналастырылды.
Осы жағдайға байланысты жолаушылардың хал – ахуалымен аудан әкімінің міндетін атқарушы А.Әбілдин бастаған әкімшілік қызметкерлері, ауданның бөлім және мекеме ұжымдары арнайы барып, жолда тұрған барша жолаушылар мен жылыту бекетінде орналасқан жолаушыларға ыстық тамақ пен азық – түлік тегін берілуде. Сонымен қатар, аудан еріктілері мен кәсіпкер азаматтарыда жеке көліктерімен азық – түлік, су, нан секілді қажеттіліктерді жеткізуде. Боран басылып жолдың қары тазаланған соң жолда тұрған барлық көлік түрлері жіберілетін болады. Жат жерде қалып, қиын сәтте қол ұшын беріп жатқан аудан халқына барша жолаушылар жүрекжарды алғыстарын білдіруде.