АУДАН ӘКІМІ ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСТІ!

АУДАН ӘКІМІ ЖЕРГІЛІКТІ ЖҰРТШЫЛЫҚПЕН ЖҮЗДЕСТІ!

Бүгін аудан әкімі М.Мұхтаров (елдегі карантин режимі талаптарын сақтай отыра) ауданға қарасты Нұраталды,Талды ауылдық округтеріндегі тұрғындармен кездесті.

Аталмыш кездесулерге аудан әкімінің орынбасары М.Жумкин, ауданның тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Д.Смаилов пен комуналдық сала мамандары және ауыл тұрғындары қатысты.

Кездесулерде ауылдық округ әкімдері өткен жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы шешуін күтіп тұрған мәселелер төңірегінде тоқталып өтті. Сонымен қатар, көпшілік қауым да көкейкесті сұрақтарын жолдап, күрмеуі шешілмей жатқан жұмыстарға көмек көрсетуін өтінді.

Мәселен, екі ауылдың тұрғындары тарапынан электр қуатының күші әлсіздігі, көшелерге қосымша электр жарықшамдарын орнату, ауылшаруашылығына жер алу, абаттандыру сынды мәселер толғандыратыны айтылды.

Бұл орайда аудан әкімі биылғы жылы екі елді мекенге де көше жарықшамдарын орнатуға қаржы қаралып отырғандығын, ал, электр тоғын беруші жеке меншік иесі болғандықтан жергілікті әкімдер заң аясында бірлесе жұмыс жасауы қажеттігін атап өтті. Ауылдық елді мекендерден тұрғындар малының жайылымы мен ауылшаруашылық кәсіпкерлерінің жер алуы бойынша аудан әкімінің орынбасары М.Жумкин қазіргі уақытта жер алу мемлекеттік конкурс арқылы өтетіндігін, ал жерді дұрыс пайдаланбай отырған шаруашылықтардың жерлері кері қайтарылатынын түсіндіріп өтті.
Сонымен бірге Нұраталды елді мекеніндегі интернет мәселесі бойынша алдағы уақытта жоспарлы жұмыстар жүргізілетіні айтылып, Ақсу ауылына орталықтандырылған ауыз су құбырын тарту мәселесі іс - шара жоспарына алынды.

Жалпы маңызды кездесулердегі тұрғындардың басқа да өтініш, ұсыныстарына тиісті жауабын беріп, алдағы жұмыс жоспарына алынатындығын жеткізген аудан басшысы ауыл әкімдеріне жергілікті елді мекендердегі қоғамдастық жұмысын жандандырып, ауыл тазалығы мен ажарына аса мән беруді, санитарлық тазалық жұмыстарын қатаң қадағалауды тапсырды.