15 ақпан – Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылған күні. Айтулы күнге орай аудан орталығындағы интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткіш обилискіге гүл шоқтарын қою рәсімі мен аудандық орталық кітапхана ұжымы ұйымдастырған «Ауғанстан жүректегі жазылмас жара» атты онлайн іс - шара өтті.
Гүл шоқтарын қою рәсіміне аудан әкімі М.Мұхтаров, аудандық маслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов бастаған әкімдік және ауданның қорғаныс істер жөніндегі біріктірілген бөлімі мен аудандық полиция бөлімінің өкілдері, сондай – ақ Ақсу - Аюлы аулындағы ауған ардагерлері арнайы қатысты. Жиылған көпшілік осыдан 32 бұрын жат жерде жан тапсырған боздақтар рухына тағзым етіп бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткіш басына гүл шоқтарын қойды.
Осыдан кейін, онлайн режимде арамызда жүрген ардагерлерді ардақтауға арналған салтанатты жиын өтті.
Жиын барысында аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин мен аудандық маслихат хатшысы Б.Төлеуқұлов жауынгерлерді атаулы мерекемен құттықтаса, кітапхана қызметкерлері Ауған соғысы туралы ақпараттар оқып, «Ауғанстан ақиқаты» атты кітап көрмесімен таныстырды. Сонымен қоса, аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жауынгерлерге арналған әсем әнді өз нақышына келтіре орындады.
Өз кезегінде ауданымыздағы ардагерлер алқасының төрағасы І.Бейсентай арда ерлерге деген жылы лебіздерін білдіріп, ал, ауған ардагерлері өздерін елеп ескеріп, құрмет көрсетіп жатқан азаматтарға ақеділ алғыстарын жеткізді.
Айта кетелік, ауданымызда бүгінде 15 ауған ардагерлері бар. Жуырда аталмыш жауынгерлерге жәрдемақы есебінде әрқайсының жеке есепшоттарына 100 мың теңгеден аударылып берілді.