АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНДЕ ЖАҢА ТӨРАҒА!

АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНДЕ ЖАҢА ТӨРАҒА!

Бүгін «ZOOM» бейнеконференция байланысы арқылы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Шет аудандық филиалы кеңесінің мүшелерінің қатысуымен кезекті пленум отырысы өтті. Пленумға аудан әкімінің орынбасары А.Әбілдин, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары Ж.Томпиев, ауданға қарасты ауыл, кент әкімдері мен аталмыш елді мекендердегі ардагерлер алқасының төрағалары қатысты. Аталмыш шараны аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Байтанасов ашып жүргізіп, бүгінде орталарынан орындарын ойсыратып мәңгілік бақи өмірге аттанған ардагерлерді бір минут үнсіздікпен еске алысты. Сонымен бірге, пленумның күн тәртібіне аудандағы ардагерлер кеңесі төрағасы қызметін абыройлы атқара білген Қ.Сейілбековтың қайтыс болуына байланысты жаңа төраға сайлау қойылып, кандидатура ұсынылды. Жиынға қатысқан кеңес мүшелерінің бірауыздан дауыс беруімен аталмыш орынға Б.Ілиясов тағайындалды. Ауданымыздағы жергілікті елді мекендердегі ардагерлер кеңесінің төрағалары жаңа төрағаның жұмысына сәттілік тілеп, жылы лебіздерін білдірді.
Б.Ілиясов 1950 жылы 11 қарашада дүниеге келген. 1972 жылдан бастап ауданның ішкі істер бөлімінде түрлі жауапты қызметтерде, 1995 -1997 жылдары Жезқазған облысы ІІБ Шет ауданы бойынша милиция бөлімінің бастығы, 2003 – 2019 жылдар аралығында «Nur Otan» партиясы Шет ауданы филиалы төрағасының бірінші орынбасары лауазымдарында жемісті еңбек атқарған. Қазіргі уақытта зейнеткерлік демалыста.