АУДАН ӘКІМІ АУЫЛ ӘКІМІН ҚҰРМЕТТІ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ!

АУДАН ӘКІМІ АУЫЛ ӘКІМІН ҚҰРМЕТТІ ЗЕЙНЕТ ЖАСЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ!

Бүгін аудан әкімі М.Мұхтаров ауданымызға қарасты Нұраталды ауылдық округінің әкімі С.Ахымбековті қабылдап, құрметті еңбек демалысына жетуімен құттықтап, ұзақ жылдар ауданымыздың әлеуметтік – экономикалық дамуына қосқан айрықша үлесі үшін алғысын білдіріп, «Алғыс хат» пен естелік сыйлығын табыстады.

Ахымбеков Сағынбай Дәуренбекұлы 1958 жылдың 1 қаңтарында Шет ауданына қарасты Нұраталды ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Қарағанды политехникалық институтын «инженер – механик» мамандығы бойынша тәмәмдаған. Еңбек жолын туған ауылында қарапайым техника маманынан Жарық, Ақадыр елді мекендерінде техника саласындағы жауапты лауазымдарда, Нұраталды кеңшарының кәсіподақ комитеті төрағасы, Ақсу бөлімшесінің басқарушысы, Нұраталды ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы қызметтерін атқарған. 2006 жылдан бастап Нұраталды ауылдық округінің әкімі ретінде бүгінге күнге дейін абыройлы қызмет атқарып келді.

Өз кезегінде аудан әкімінің орынбасарлары да жылы лебіздерін білдіріп, Сағынбай Дәуренбекұлы өзімен бірге істеген әріптестеріне еңбегін елеп, ескеріп жатқандығына алғысын білдірді.