Қарттар – елдің береке – бірлігінің түп қазығы, ауызбіршілігінің алтын діңгегі

Қарттар – елдің береке – бірлігінің түп қазығы, ауызбіршілігінің алтын діңгегі

Қарттар – елдің береке – бірлігінің түп қазығы, ауызбіршілігінің алтын діңгегі. Өмірдің ащы – тұщысын қатар татып, түйгені мен көргені мол шежіре кеуде қарияларды қадірлеу әу бастан ұлағатты ұрпақ парызы. Жуырда 16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік мерекесі күні аудан әкімі М.Мұхтаров бастаған әкімдік өкілдері ауданымыздағы еңбек ардагерлері Ш.Қасымов пен Е.Көкенов ақсақалдардың шаңырақтарына арнайы барып "Тәуелсіздік күні" мерекесімен құттықтап, мерекелік сыйлықтарын табыстады. Кездесу барысында аудан басшысы ширек ғасыр бойы қажырлы еңбек етіп, ел экономикасының дамуына үлес қосқан қарттарға ұзақ ғұмыр тілеп, бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің іргетасының бекем болуы аға буын толқынның жанкешті еңбекқорлығы мен өнегелі бірлігінің арқасында екендігін атап өтті. Бүгінде сексеннің бесеуіне шыққан қарттар ұл – қыздары мен немерелерінен ұрпақ сүйіп, отбасының ақылман әкесі болып отырған абзал жандар. Көкенов Егінбай ақсақал өмірлік жары Нәсіпжан Әбдікәрімовамен бірге 5 бала тәрбиелеп өсіріп, саналы өмірін аудандағы ауылшаруашылық саласына арнап, 35 жыл бойы ветстанцияда қызмет атқарса, Қасымов Шәкен ата ұзақ жылдар кезіндегі Шет ауданының Орджоникидзе кеңшарында бас инженер, Дәрия, Ақшоқы кеңшарларында директор,аудандық «Отан» саяси партиясының төрағасы лауазымдарда абыройлы еңбек еткен. БІзде жүрегі мейірімге, көкірегі сырға толы қарттарымыздың естеліктеріне құлақ түріп, бойымызға рухани нәр жинап, асыл жандарға сарқылмас қуат пен ортаймас шуақ тілеп қайттық.