
Қарағанды облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау жүйесі кеңейтіледі. Жаңа оқу жылында Қарағандыдағы №4 мектеп-интернат 130 орынға арналған №11 арнайы мектеп-интернат болып қайта ұйымдастырылады. Сонымен қатар өңірде аутизмі бар балаларды қолдайтын екі орталық ашу және «Уақыт мүмкіндіктері» ерте көмек көрсету қызметінің қамту аясын кеңейту жоспарланып отыр. Инклюзивті білім беруді дамыту шаралары тамыз конференциясында талқыланды.
Бүгінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың 92 пайызы арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамтылған. Қарағанды қаласы мен Шет ауданында түзету кабинеттері жұмыс істейді. Қажетті жағдайлардың жасалуының арқасында бұған дейін үйде білім алған 364 бала мектепке ауысты.
Педагогтерге жергілікті жерлерде қолдау кабинеттері мен ресурстық орталықтар көмек көрсетеді. Жаңа оқу жылынан бастап ПМПК базасында тағы алты орталық жұмысын бастайды.
Өңірде жаңа мамандарды даярлауға да басымдық беріліп отыр. Қарағанды жоғары гуманитарлық колледжінде «педагог-ассистент» мамандығы ашылады.
Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінеді. Мектептерде педагог-психологтардың жұмысы күшейтіліп, «Жеке қауіпсіздік» курсы енгізіледі.
Биыл облыста Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы құрылды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылармен жұмысты күшейтіп, барлық жауапты қызметтердің өзара іс-қимылын жолға қоюды тапсырды. Сонымен қатар Қарағанды, Теміртау және Балқаш қалаларында балалардың құқықтарын қорғау бөлімдерін құру мәселесі қарастырылып жатыр.
Сондай-ақ облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев барлық білім беру ұйымдарында мүгедектігі бар балалар үшін қажетті жағдайлардың қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Ведомствоаралық тәсілдің айқын мысалы Шахтинск қаласындағы аутизмі бар балаларды қолдау орталығы болуы тиіс. Оның жұмысын жыл соңына дейін қамтамасыз ету керек. Орталық педагогикалық, медициналық және әлеуметтік көмекті бір жерге біріктіріп, Шахтинск қаласындағы ғана емес, Саран және Абай аудандарындағы балаларды да қамтиды.