
Егер Сіз дауыс беру күні 18 жасқа толған Қазақстан Республикасының азаматы және белсенді сайлау құқығына ие болсаңыз, онда Сіздің Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын сайлауға құқығыңыз бар.
Сіздің сайлаушылар тізімінде болуыңыз сайлауға қатысуға конституциялық құқықты жүзеге асырудың кепілі болып табылады.
Сайлаушылар тізімін жергілікті атқарушы органдар құрайды.
Сіздің нақты сайлау учаскесінің аумағындағы тұрғылықты жеріңіз бойынша тіркелуіңіз Сізді сайлаушылар тізіміне енгізу үшін негіз болып табылады.
Сайлау учаскелерінің шекаралары аудандық газеттің 2020 жылғы 5 қарашадағы санында жарияланды.
Әрбір сайлаушы сайлау тағайындалған кезден бастап тиісті жергілікті атқарушы органда сайлаушы ретінде тіркелуге құқылы.
Егер сайлау күні тіркелу орны бойынша дауыс беруге арналған үй-жайға келу мүмкіндігіңіз болмайтыны белгілі болған жағдайда, Сіз 2020 жылдың 10 желтоқсанынан кешіктірмей Сіз болатын жеріңіз бойынша әкімдікке сайлаушылардың тиісті тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен жүгінуге құқылысыз.
Егер Сіз тұрақты тіркелген жеріңізден тыс елді мекенде болсаңыз және тұрғылықты жеріңіз бойынша уақытша тіркелетін болсаңыз, Сіз сайлау күні дауыс беретін сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізіміне енгізу туралы жазбаша өтінішпен 2020 жылғы 10 желтоқсаннан кешіктірмей өзіңіз тұратын жердегі әкімдікке жүгінуге құқылысыз.
Құрметті сайлаушы! Құқықтық сауаттылық танытыңыз және өзіңіздің сайлау құқығыңызды іске асырыңыз! Өзіңізді сайлаушылар тізіміне енгізу бойынша заңды маңызды әрекеттерді уақытылы қабылдау қажет.
2020 жылдың 26 желтоқсанынан бастап Сізге сайлау учаскесіндегі сайлаушылар тізімінен өзіңіз туралы мәліметтерді тексеру мүмкіндігі беріледі.
ӨЗ ТАҢДАУЫҢЫЗДЫ ЖАСАҢЫЗ!