Дезинфекциялау жұмыстары жалғасуда

Дезинфекциялау жұмыстары жалғасуда

Бүгінде еліміздің кейбір аймақтарында коронавирус инфекциясының өршуі қайта төбе көрсетуде. Тәж атауына ие болып, әлем халқын әбжыландай арбаған аты жаман індет талай азаматтардың өмірін келте қиғанын көзіміз көрді. Дана халқымыз «Аузы күйген үрлеп ішеді» дейді. Бұл індетте де  бейғамдыққа бой алдырып, салғырттыққа жол бермеуіміз қажет екендігін анық түсіндік.

Осыған орай, Шет аудандық әкімдігінің ұйымдастыруымен ауданымыздағы барлық ғимараттарда күшейтілген санитарлық-зарарсыздандыру тәртібін сақтау үшін едендер, есіктің тұтқалары, кеңселік құрал-жабдықтар, компьютерлер, жиһаздар мен терезелерге күніне бірнеше мәрте дезинфекция жасалуда. Барлық қызметтік кабинеттердің терезелері ашылып, кемінде үш рет желдетілуі міндеттелген. Мемлекеттік мекемелердің ғимаратына кісі кірген кезде өткізу пункттеріндегі қадағалау шаралары қарастырылған. Әрбір қызметкермен коронавирустан сақтану және оның алдын алу жөнінде түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылып, аудандық ішкі саясат, санитариялық қызмет, аурухана ұжымы тараптарынан парақшалар мен жадынамалар таратылып, вирустан сақтануға байланысты бейнероликтер мен банерлер ілінуде.

 Сонымен бірге арнайы мекеме қызметшілерінен жасақталған топтың көмегімен аудандағы көптеген нысандарға, ауданішілік жолаушылар көліктеріне залалсыздандыру жұмыстары басталды. Алғашқы жұмыстар аудандағы сапаржай, банк, мемлекеттік мекемелер мен білім ошақтары аумағында және басқа да тұрғындар көп шоғырланатын орындарда жүргізілді. Дезинфекциялау жұмыстарын жүргізуші мамандар сонымен қоса, аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің подъездері мен ауларына да залалсыздандыру жұмыстарын атқаруда. Жеке қорғаныс киімдерін киген қызметшілер арнайы жуу құралдары мен дезинфекциялық ертіндісі бар жеке газсыздандыру жинақтарын пайдалануда. Алдағы уақыттарда да аудандағы жеке меншік нысандар мен тұрғындар көп баратын қоғамдық орындардың тиісті санитарлық талаптарға сай болуы қатаң бақылауда болмақ.Алайда, бұл тарапта әрбір азаматтың жеке түсіністігі аса қажет. «Сақтанған қапы қалмайды, сақтанғанды сақтайды» демекші барша ағайыннан өзінің қауіпсіздігін алдыға қойып, айналасы үшін жанашырлық танытса екен дейміз