
Ақадыр кентінде Ю.А. Гагарин атындағы мектеп-лицейінде аудан әкімінің балаларға арналған дәстүрлі «Қош келдің, Жаңа жыл!» атты жаңа жылдық шырша мерекесі жоғары деңгейде өтті.
Жыл сайынғы игі дәстүрге айналған мерекелік шараға ауданға қарасты барлық ауылдық округтер мен кенттердегі мектептерден мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ оқу озаты, өнер мен спортта жетістікке жеткен дарынды балалар арнайы шақырылып, мерекеге қатысты. Жаңажылдық кештің мақсаты – балалардың жүздеріне қуаныш ұялату, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлау, қоғамның әрбір мүшесіне қамқорлық таныту, болашақ ұрпаққа мейірім мен жылулықты сезіндіру.
Іс-шараға аудан әкімі М. Мұхтаров арнайы қатысып, бүлдіршіндерге жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде аудан басшысы барша жас жеткіншектерді келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, бейбіт өмір, жақсы оқуға деген ынта мен қажырлы еңбек тіледі. Сонымен қатар, биылғы 2025 жыл аудан үшін табысты жыл болғанын атап өтіп, білім беру саласында жеткен жетістіктерге тоқталып, алдағы 2026 жылы да балаларға жағдай жасау, мектептерді жаңғырту мен заманауи білім беру үдерістерін енгізу бойынша жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Шара барысында балалар Аяз ата мен Ақшақармен бірге ән айтып, би билеп, ертегілер әлеміне еніп, түрлі кейіпкерлермен бірге қызықты ойындар ойнады. Театрландырылған қойылымдар, концерттік бағдарлама мен балалардың өз өнерлері мерекенің көркін аша түсті.
Мереке соңында барлық қатысушы балаларға қаржылай сертификаттар, тәттілер мен сыйлықтар үлестірілді. Балалардың қуанышты жүздері мен жарқын күлкісі – бұл шараның басты жетістігі болды. Шара жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға қуаныш пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады.