
Бүгін аудан әкімдігінде аудан әкімі М.Мұхтаровтың төрағалығымен кезекті кеңейтілген аппарат отырысы өтті.
Күн тәртібінде келесі мәселелер қаралды:
1. 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларындағы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары.
Ауданның макроэкономикалық көрсеткіштері мен негізгі салалардағы өсім динамикасы баяндалды. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі көлемі, ауыл шаруашылығы, инвестициялар тарту, шағын және орта бизнестің дамуы, бюджеттік түсімдер, құрылыс пен инфрақұрылым саласындағы көрсеткіштер талқыланды. Аудан басшысы сала жетекшілеріне өз бағыттары бойынша нақты жоспар құрып, жұмысты жандандыруды тапсырды.
2. Күзгі жиын-терім жұмыстарының қорытындысы және алдағы міндеттер туралы.
Ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы биылғы егін орағының қорытындысын ұсынып, алынған өнім көлемі, техникалық қамтамасыз ету, тұқым дайындау және мал азығын жинау мәселелерін баяндады. Аудан әкімі алдағы көктемгі дала жұмыстарына дайындықты қазірден бастауды тапсырды.
Отырыс қорытындысында аудан әкімі күн тәртібінде көтерілген барлық мәселені бақылауда ұстайтынын айтып, жауапты бөлімдер мен мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, әр сала бойынша алдағы жоспарлар нақтыланып, есепті кезеңде жіберілген кемшіліктерді жою міндеттелді.