
Конституция күні қарсаңында Қарағанды облысында қайтарылған активтердің есебінен салынған жеті жаңа фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункт ашылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат еліміз бойынша әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымға бағытталуда.
Жаңа медицина нысандары Ақтоғай, Шет, Абай және Бұқар жырау аудандарында ашылып, ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттырады.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Бұқар жырау ауданына барып, бірден үш жаңа нысанның – Байқадам, Сарытөбе және Тоғызқұдық ауылдарындағы екі ФАП пен дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен танысты.
Олардың бірі – Тоғызқұдық ауылындағы дәрігерлік амбулатория. Мұнда дәрігер, екі медбике және акушер еңбек етуде. Ауылда 1100 адам тұрады.
– Бұрын біздің қызметкерлер пешпен жылытылатын бейімделген ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр болатын. Қазір бізде заманауи үлгідегі амбулатория бар, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажеттінің бәрі қарастырылған. Сонымен қатар физиотерапия, емдік дене шынықтыру кабинеттері, күндізгі стационар, жөтел кабинеті, бейне-кольпоскоп бар, – деді Орталық аудандық аурухананың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Айгүл Мергенбаева.
Бұқар жырау ауданындағы медицина мекемелеріне жас мамандар белсенді түрде тартылып жатыр. Соңғы жылдары 24 медициналық қызметкер келді. Олардың арасында жалпы тәжірибе дәрігерлері, хирург, педиатр, фармацевтер, акушерлер мен медбикелер бар. Биыл бес маман жұмысқа орналасып, тағы төртеуі – терапевт, акушер-гинеколог және анестезиолог-реаниматолог келеді деп күтілуде.
– Қарағанды облысының ауылдарында барлығы 92 денсаулық сақтау нысаны салынады. Бұл – еліміздегі ең жоғары көрсеткіш. Президент тапсырмасы бойынша біз ауылдардағы алғашқы медициналық көмекті жаңғыртып жатырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпеав.
Сондай-ақ Конституция күні қарсаңында Бұқар жырау ауданының Үштөбе ауылында «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында жаңа Мәдениет үйі ашылды.
#Қарағанды #сарыарқа