Тапсыру тәртібі:
Жастар практикасы- Жастар практикасын ұйымдастыру үшін
Жастар практикасы меңгерген кәсібі (мамандығы) бойынша техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы, алдыңғы үш жыл ішінде оқуын аяқтаған және жиырма тоғыз жасқа толмаған жұмыссыздарға арналған.
Жастар практикасы барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды ұдайы төлейтін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілер қатысуға жіберіледі.
Жастар практикасы тұрақты жұмыс орындарынан тыс және бос тұрақты жұмыс орындарынан тыс жүргізіледі.
Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Жастар практикасының ұзақтығы алты айдан аспайды.
Жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жастар практикасынан өтуге арналған жұмыс орындарын құрады. Жұмыс орындары түлектердің білім беру ұйымдарында меңгерген кәсібіне (мамандығына) сәйкес келеді.
Жастар практикасына қатысу жұмыссыздар үшін халықты жұмыспен қамту орталығына Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес нысан бойынша өтініш береді.
Білім беру ұйымдарының түлектері қатарындағы жұмыссыздарды жастар практикасына жіберуді халықты жұмыспен қамту орталықтары жүзеге асырады.
Бос жұмыс орны пайда болған кезде жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша және жастар практикасына қатысушының келісімімен тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі. Бұл ретте жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.
Жұмыс берушілер жастар практикасын ұйымдастырудың белгіленген тәртібін бұзған жағдайда олармен жасалған тиісті шарт бұзылып, жұмыс берушілер жастар практикасына қатысушыларға жалақы төлеуге мемлекет жұмсаған шығыстарды бюджетке өтеуге тиіс.
Жастар практикасын қаржыландыру республикалық немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздерден жүзеге асырылады.
Түлектер қатарындағы жастар практикасына қатысушылардың жалақысын қаржыландыру еңбек шартына сәйкес алты ай бойы жүзеге асырылады.
Экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді қоспағанда, республикалық немесе жергілікті бюджеттерден субсидиялаудың бір айдағы мөлшері жиырма бес айлық есептік көрсеткішті (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысына өтемақыларды және банк қызметтерін ескергенде) құрайды.
Жергілікті бюджет қаражаты есебінен жастар практикасына жіберілген жеке тұлғалардың еңбекақысын қоса қаржыландыру және субсидиялау ЖАО-ның шешімі бойынша жүзеге асырылады.
"Еңбек" бағдарламасы шеңберінде азаматтардың қатысу шарттары және жастар практикасын ұйымдастыру мен қаржыландыру тәртібі халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекіткен Жастар практикасын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
Қоғамдық жұмыс- Қоғамдық жұмыстар республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттер және жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша олардың қаражаты шегінде қаржыландырылады.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуға:
1) жұмыссыздардың;
2) денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмыстарға оқудан бос уақытта студенттердің және жалпы білім беретін мектептердің жоғары сынып оқушыларының;
3) бос тұрып қалуға байланысты жұмыспен қамтамасыз етілмеген адамдардың құқығы бар.
Қоғамдық жұмыстарға қатысуға басым құқықты:
1) жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемдерді алмайтын жұмыссыздар;
2) халықты жұмыспен қамту орталығында алты айдан астам есепте тұрған жұмыссыздар пайдаланады.
Адамдардың қоғамдық жұмыстарға қатысуы олардың халықты жұмыспен қамту орталығында тіркелген күніне сәйкес кезектілік тәртібінде олардың келісімімен жүзеге асырылады.
"Еңбек" бағдарламасы шеңберінде азаматтардың қатысу шарттары және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі Қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын ұйымдастыру
Арнайы жұмыс орны мүгедектерді жұмысқа орналастыру және олардың жұмыспен қамтылуын сақтау үшін оны құрған кезден бастап кемінде күнтізбелік он екі ай мерзімге құрылады.
Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орнын құруды жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығымен жасасқан шарт негізінде жүзеге асырады.
Жұмыс беруші қалауы бойынша қолда бар жұмыскерлердің штат саны шеңберінде немесе жаңа (қосымша) штат бірлігін құру арқылы арнайы жұмыс орнын құруға құқылы.
Арнайы жұмыс орындарына жұмысқа орналасуды қалайтын мүгедектерге халықты жұмыспен қамту орталығы мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін құрылатын арнайы жұмыс орындарына жолдама береді.
Жұмыс берушілердің арнайы жұмыс орындарын құрумен байланысты шығындарын субсидиялау бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды халықты жұмыспен қамту орталықтары республикалық бюджет қаражаты есебінен бекітілген міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкес және осы мақсаттарға аудандардың (облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың) бюджеттерінде көзделген сомалар шегінде жүзеге асырады.
Қатысу шарттары және ұйымдастыру тәртібі және қаржыландыру халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Мүгедектерді жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттарында айқындалады.
Азаматтардың жекелеген санаттары үшін квоталанатын жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру
Әлеуметтік жұмыс орындары барлық меншік нысанындағы кәсіпорындар мен ұйымдарда, сондай-ақ үйде ұйымдастырылады, бұл ретте салық және басқа да әлеуметтік аударымдарды ұдайы жүргізетін, жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі жоқ және бір жылдан астам қызмет ететін жұмыс берушілер қатысуға жіберіледі.
Әлеуметтік жұмыс орындары тұрақты жұмыс орындарынан тыс және тұрақты жұмыс орындарына арналған бос жұмыс орындарынан тыс құрылады. Мұндай жұмыс орындары ауыр жұмыстарда, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары бар жұмыстарда құрылмайды.
Әлеуметтік жұмыс орындарындағы жұмыс уақытша сипатқа ие болады. Азаматтардың әлеуметтік жұмыс орындарына қатысу ұзақтығы он екі айдан аспайды.
Көпбалалы және/немесе табысы аз отбасылардың еңбекке қабілетті мүшелеріне, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналарға да үйде әлеуметтік жұмыс орындары ұйымдастырылады.
Бос жұмыс орны пайда болған кезде жасалған еңбек шартының мерзімі аяқталғанға дейін жұмыс берушінің бастамасы бойынша және қатысушының келісімімен тұрақты жұмысқа орналастыруға рұқсат беріледі. Бұл ретте жұмыс беруші халықты жұмыспен қамту орталығына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген мерзімдерде тұрақты жұмысқа қабылдау туралы бұйрықтың көшірмесін жолдайды.
Жұмыссыздарды әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыруды халықты жұмыспен қамту орталықтары Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
Әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыруды халықты жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздарға еңбекақы төлеуге жұмсалған жұмыс беруші шығындарының бір бөлігін өтеуге субсидия беру жолымен республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан жұмыссыздардың жалақысына берілетін ай сайынғы субсидия мөлшері экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есепке алмағанда, салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды және пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін берілетін өтемақыны ескергенде жалақының белгіленген мөлшерінің 35 %-ын құрайды, бірақ тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда айқындалған ең төменгі жалақы мөлшерінен аспауға тиіс.
Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін үкіметтік емес ұйымдар құратын әлеуметтік жұмыс орындарының жалақысын субсидиялау мөлшерін ЖАО дербес белгілейді.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздардың жұмыс берушілердің қаражаты есебінен төленетін еңбекақысының қалған бөлігін жұмыс беруші ай сайын еңбек шартында белгілеген мөлшерге байланысты нақты орындалған уақыт үшін жүргізеді.
Жұмыс беруші "Еңбек" бағдарламасына қатысушының еңбекақысының субсидияланатын бөлігін көрсете отырып, халықты жұмыспен қамту орталығына жалақысының жарты бөлігін төлеу туралы мәліметті ұсынады.
Әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған жұмыссыздардың еңбекақысының субсидияланатын бөлігін халықты жұмыспен қамту орталығы еңбек шартында белгіленген жалақы мөлшеріне байланысты жұмыс берушілер ұсынған мәліметтердің негізінде ай сайын жүргізеді және "Еңбек" бағдарламасына қатысушының екінші деңгейдегі банкте ашылған ағымдағы шотына (карточкалық) ақшалай қаражатты аудару арқылы жүзеге асырылады.
Орындалатын жұмыстың көлеміне және күрделілігіне қарай жұмыс беруші өз қаражаты есебінен, қажет болған жағдайда, нақты орындалған жұмыс үшін қосымша үстемеақылар белгілейді.
"Еңбек" бағдарламасы шеңберінде әлеуметтік жұмыс орындарына азаматтардың қатысу шарттары мен оларды ұйымдастыру және қаржыландыру тәртібі халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларында айқындалады.
Жұмыспен қамту орталығы
Тел. 22130, 22195