«Адал көмек» акциясының жүру барысы мен сыбайлас жемқорлықтың болдырмау және алдын алудағы атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндама.
Ауданымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және жемқорлық фактілерін болдырмауға бағытталған бірқатар іс-шаралар қолға алынуда. 2020 жылдың желтоқсан айынан бері келген азаматтарды әкімдіктің бірінші қабатында құрылған «Фронт офис» бөлімінде қабылдап, көмек көрсетілуде.
Аудан тұрғындарына тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін 2020 жылдан бері, апта сайын «Адал көмек» құқықтық көмек көрсету іс-шаралары жүргізіледі, аудандық бөлім басшылары, ауыл, кент әкімдерінің барлығы аудан әкімімен бекітілген кестеге сәйкес аталған іс-шараға қатысып, тікелей эфир арқылы «Инстаграм» парақшасында брифинг өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жасап, туындаған сұрақтарға жауаптарын беруде. Бұл іс-шара әлі де жалғасады. Ашық есік күндері, жеке қабылдаулар өткізіліп тұрады. (Жыл басынан бері жеке қабылдауда 24 адам болып, мәселелері қаралды.)
Ауыл, кент әкімдіктерінде барған азаматтарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында сервис орталықтары ұйымдастырылған.
Елді мекендердің көшелерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және жемқорлық фактілерін болдырмауға бағытталған билборттар мен баннерлер ілінген. Ауыл кент әкімдеріне бір ескертпе, сол билборттарды жиі барып қарап, мерзімінде жаңартып тұруларын сұраймын.
Ақпан айында «Сарыарқа-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің уәкілдері Ақадыр кентіне барып, мекемелер мен ұйымдарды аралап, фотосуреттерді фейсбук парақшаларына жариялап қойған болатын. Cондықтан Ақадыр кентінің әкімі мекемелерді жиі аралап, ұжымдармен кездесіп жұмыс жүргізуі керек сияқты. Кейін ол адамдар Ақсу-Аюлыға да келді, олармен аппарат жетекшісі Орал Зәмірбекұлы және өзім бірге жүріп, барамыз деген жерлерінің ұжымдарымен кездестірдік. Жағымсыз жағдай болған жоқ.
Ағымдағы жылдың басында мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарын жүзеге асыру мақсатында бюджеттен 1500,0 мың теңге қарастырылды. Оған конкурс ұйымдастыру үшін техникалық ерекшеліктері жасалып берілді. Енді оны бекітілген жоспарға сәйкес ішкі саясат бөлімі орындау керек.
«Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында, ағымдағы жылдың 18 қаңтарында өткен Қарағанды облысының аппараттық селекторлық жиналысында, мемлекеттік мекемелердің ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс әкімі Жеңіс Махмұдұлы Қасымбек, бірінші басшылардың қызметтік кабинеттерін шыны кабинеттерге ауыстыру, ондай мүмкіндік болмаған жағдайда мөлдір шыны есіктерін орнату керектігін тапсырды. Сонымен қатар, басшылардың кабинеттері екінші қабатта болған жағдайда бірінші қабатқа аусуы керек. Сол себептен, Ақадыр мен Ақшатау кенттерінің әкімдері, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметтік кабинеттерін екінші қабаттан бірінші қабатқа ауыстырылуы қажет. Орындалысы туралы ақпаратты а.ж. 15 наурызына дейін аудан әкімі аппаратына ұсынулары керек. Ол туралы хат, аудан әкімінің аппарат жетекшісінің қолымен 11 ақпанда жолданған болатын. Сондықтан тездетулеріңізді сұраймын, ақпарат облыс әкіміне ұсынылады.
2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның ұстанымдарын кезеңдеп жүзеге асыру іс-шаралар жоспарын орындау арқылы қамтамасыз етілуде. Бағыныштыларының сыбайлас жемқорлығы үшін басшылардың жауапкершілік институты іске асырылатындығы ұжымдарда түсіндірілуде.