Work of the akim of Shetsky district M. Mukhtarov for 2020 report of the akim of Shetsky district M. Mukhtarov on the implementation of socio-economic development programs for 2020 and upcoming tasks

Шет ауданының әкімі М.Мұхтаровтың

2020 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму

бағдарламаларының орындалысы және алда тұрған міндеттері туралы

ЕСЕБІ

 

Құрметті аудан тұрғындары!

Қадірменді жерлестер!

 

2020 жылдың қыркүйек айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кезекті Жолдауын жариялап, әлемге қауіп төндірген үлкен індетке бірігіп, жұмыла қарсы тұруда еліміздің әрі қарайғы дамуының алғышарттарын айқындаған - жаңа үлгідегі басқару, халықтың әл-ауқатын арттыру, сапалы білім мен денсаулық, қоғамдық бақылау мен ақпараттық технология прогресінен тұратын 11 бағытты айқындап берді. Бүгінгі таңда ел Президентінің алға қойған мақсатын жүзеге асыру барысында ауданымызда да тиісті жұмыстар қолға алынуда.

         Өткен 2020 жылы әлемге тараған COVID-19 пандемиясы біздің елімізді де айналып өтпегені өздеріңізге белгілі. Пандемиямен және оның салдарымен күресу, аурудың өсуін тоқтату және ел экономикасы үшін ауқымды теріс салдарын алдын алу үшін бұрын-соңды болмаған шараларды қабылдауды талап етті. Осыған қарамастан аудан тұрғындарының әлеуметтік - тұрмыстық жағдайларын жақсартуға, сонымен қатар, өңіріміздің экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерін орындауға барынша күш салынып, 2020 жылы да межелеген мақсаттарға  қол жеткізілді.

         Ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері келесідей болып қалыптасты.

         Аудан экономикасының нақты сектор саласында, 2020 жылы – 108 714,3 млн. теңгенің өнімі өндірілді, 2019 жылдың қорытындысымен салыстырғанда -19407,0 млн.теңгеге артып, айғақтық көлем индексі 133,9% құрады.

          Салада ұзақ жылдар бойы тұрақты жұмыс істеп келе жатқан «Нова-Цинк» ЖШС тарапынан 2020 жылы 47,6 млрд. теңгеге өнім өндіріліп, өнім көлемі  өткен жыл межесінен 11,1 млрд. теңгеге артты.

Кәсіпорын  2020 жылы 70,3 мың тонна мырыш, 11,9 мың тонна  қорғасын қоспаларын өндірді.

«Бапы Майнинг» ЖШС 2020 жылы тұрақты жұмыс атқарды. Кәсіпорын іске қосылғаннан бері кейінгі төртжыл бойы өзінің жобалық қуатына шығып отыр. Жыл ішінде өндірген темір қоспасы 1,4 мың тонна болса, өндірілген өнімнің бағалай көлемі 20,3 млрд. теңгеге жетіп, 2019 жылдан 1,2 млрд. теңгеге артты.

«Металлтерминалсервис» кәсіпорны 541,4  млн теңгеге 92,0 мың тонна темір қоспасын өндірді.

Өндірістің өңдеу саласында 26,9 млрд. теңгенің қызметі көрсетілсе, оның 24,9 млрд. теңгесі «Сары-Арқа Коппер Процессинг» кәсіпорнының үлесіне тиеcілі. Кәсіпорын жыл ішінде 10,0 мың тонна мыс өндірді.

Бүгінгі күні аудан аумағында орналасқан «Бапы Майнинг», «Сары-Арқа Коппер Процессинг»  кәсіпорындары экспорттқа өнім шығару жұмыстарын жүргізуде.

         Есепті мерзімде негізгі капиталға – 54 млрд. 697,6 млн.теңге инвестиция құйылып, айғақтық көлем индексі- 90,6% болды.

Алдағы уақытта экономиканың қарқынды дамуын қамтамасыз ету үшін кәсіпкерлікті қолдау картасына жалпы құны 8,4 млрд теңгені құрайтын үш жоба еңгізілді. Атап айтатын болсақ,  «Вольфрам Ресурс Груп» ЖШС-ің Ақшатау кенорнында «Паровольфрамат амония өндіретін гидрометаллургиялық завод құрылысы», екіншісі «Resources» ЖШС-ің    «Алайғыр-1 волластонит кенорнында көпмақсатты пайдаланатын микроұнтақ өндіру бойынша өндірістік кешен құрылысы» жобалары және «Akmaya Tungsten» ЖШС-ің «Ақмая» кен орны базасында сирек металлдардың байыту-өндірістік кешенін салу» жобасы 2021-2023 жылдары іске асырылмақшы.

Мемлекет тарапынан энергияның жаңаланатын көздеріне көңіл бөлініп, нәтижесінде бизнес құрылымдарының қызығушылығын арттыруда.

        Осыған байланысты Ақадыр кентінде 2019 жылы жобалық қуаттылығы 50МВт құрайтын  13,0 млрд. теңгеге «Күн сәулесінен қуат алатын электрстанциясын орнату» жобасы іске асырылды. 

        2020 жылы аталған электрстанциясының қуаттылығын арттыру бағытында  5,6 млрд. теңгеге, қуаттылығы 26МВт құрайтын қосымша электростанция салу жұмыстары аяқталды.

        Шағын және орта кәсіпкерлік саласында тіркелген құрылымдар саны 3334 құрылымды құрап, 2019 жылмен салыстырғанда  5,0 пайызға артты. Осы салада 4610 адам жұмыспен қамтылып, өндірілген өнім, көрсетілген қызмет көлемі 27500,0 млн.теңгені құрап, 2019 жылдың сәйкес мерзімінен 1,0 пайызға артты.

Өткен жылы аудан елді-мекендерінде жаңадан 8 нысан (5-дүкен, 1-наубайхана, 2-қызмет көрсету түрлері) іске қосылып, 13 адам жұмыспен қамтылды. 

2020 жылы өз ісін дамытуға және ашуға әр түрлі несиелік қорлардан 1350,0 млн. теңге көлемінде несие алынды (2019 жылы 1321,0 млн. теңге).

 «Бизнестің жол картасы 2020-2025» бағдарламасы бойынша былтырғы жылы жалпы құны 82,2 млн. теңгені құрайтын 2 жоба  үйлестіру кеңесінде қаралып, оң шешімін тапты. Алдағы уақытта жоба бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп, қосымша 7 жұмыс орындары ашылатын болады.

Сондай-ақ, аталмыш бағдарлама аясында субсидиялау бағыты бойынша Қазақстан-Австралия бірлескен кәсіпорны «CENTRAL ASIA MINING» өзінің «Шахта құрылысын жүргізу және пайдалы қазбалар өңдіру» жобасы бойынша «Сбербанк» АҚ екінші деңгейлі банкісінен 274,6 млн. теңге көлемінде несие алды. Алдағы уақытта жобаның аудан аумағындағы кәсіпорындарда іске асырылуына жұмыстар жүргізілуде.

«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы  бастау алғаннан бері «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ-нан, 516,2 млн. теңгені құрайтын 14 жобаға несие алынды. Іске асырылған жобалар негізінен мал бағытын дамытуға және шаруашылық техникаларын алуға бағытталды.

         Ауданда азық - түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында 121 дүкен иелерімен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын өсірмеу және үстеме ақыны 10 пайыздан асырмау туралы меморандумдар жасалды.

Бағаны тұрақтандыру мақсатында округ әкімдері арқылы жергілікті кәсіпкерлермен Қарағанды қаласындағы көтерме сауда орындарынан азық-түлік тауарларын төмен бағамен алу жөнінде келісімдер жасалуда.

Осы жұмыспен қатар, аудандағы шаруашылық құрылымдары және кәсіпкерлер арқылы алғашқы кезектегі қажетті азық - түлік тауарларын арзан бағамен сату бағытында барлығы 21 жәрмеңке өткізілді.

Сонымен қатар, аудан орталығында және Ақжал кентінде әлеуметтік павильондар ашылып, тікелей тауар өндіруші өз өнімдерін халыққа тиімді бағамен ұсынуда. Демеушілердің көмегімен екі жыл бұрын Ақсу-Аюлы ауылы мен Ақадыр, Сәкен Сейфуллин кенттерінде әлеуметтік тегін дүкендер ашылып, бүгінде мұқтаж жандарды қажетті азық-түлік және киім-кешектермен қамтамасыз етіп отыр.  

Ауылшаруашылық саласында 2020 жылы өндірілген өнімнің жалпы құны 45 млрд. 51 млн. теңгені құрап, өткен 2019 жылмен  салыстырғанда 106,4 пайызға немесе 2 млрд. 701 млн.теңгеге артты.

         Барлық шартты түрдегі мал бастары 154,4 мың басқа жетіп 2019 жылмен салыстырғанда 10,4 пайызға өсті.

2020 жылы мүйізді ірі қара саны 2019 жылмен салыстырмалы деңгейде 8,4 пайызға, жылқы 13,0 пайызға және қой, ешкі саны 8,0 пайызға басқа өсті. Өндірілген ет көлемі 21747,0 тонна, сүт 91377,8  тонна, жұмыртқа 8 млн. 967 мың. дана, 2019 жылмен салыстырғанда  ет 4,4 пайызға, сүт 5,0 пайызға және жұмыртқа 4,5 пайызға артты.

         Ауыл шаруашылығы саласын дамыту үшін үлкен инвестициялар құюды қажет етеді. Кейінгі жылдары мемлекеттік қолдаулар арқылы аталмыш салаға едәуір инвестициялар тартылды. 2020 жылы 1 млрд. 565 млн.теңгеге, бұл 122,4 пайызды құрайды, таратып айтқанда 1840 бас асыл тұқымды ірі қара малы- 642,1 млн. теңге, 132 - бірлік ауыл шаруашылығы техникалары бағасы- 698,4 млн. теңге және 181 бірлік күн сәулесінен қуат алатын батарейлердің  құны- 562,5  млн. теңгеге алынды.

         Аудан бойынша әр түрлі бағдарламалар аясында бүгінгі күнге  261 шаруа қожалықтары 1 млрд. 903,2 млн. теңге көлемінде несие алды. Оған 1359 бас ірі қара малы, оның ішінде 915 басы асыл тұқымды ірі қара, қой 1634 бас оның 1286 басы асыл тұқымды және 927 бас жылқы алынды. Таратып айтқанда ірі қара мал басын сатып алуға "Қаржылай қолдау қоры" арқылы 96 шаруа қожалығы 502,0 млн.теңге, "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы 98 шаруашылық 1 млрд.054 млн. теңге және "КазАгроФинанс" АҚ арқылы 67 шаруашылығы 347,0 млн.теңге несие алды.

         Жалпы саланың дамуына үлкен серпіліс беретін техниканың жаңаруы болса, 2020 жылы 698,4 млн. теңгеге 125 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары сатып алынып, техникалардың жаңаруы 2,5 пайызды құрап отыр.

         Мал шаруашылығы өнімділігін және сапасын арттыруға үкімет тарапынан 685 шаруа қожалықтарына 2020 жылы  663,9 млн. теңге бюджеттік субсидиялар берілді.

         Ауданда құрылған 13 ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің 9-ы былтырғы жылы 257,3 тонна-сиыр еті, 382,8 тонна сүт және 101,0 мың дана жұмыртқа өткізді.

Егін шаруашылығымен аудан аумағында 68 шаруа қожалықтары айналысады, картопты 21 шаруа құрылымы өсіреді.

         2020 жылы аудан бойынша егілген дәнді–дақылдардың  көлемі -21300 гектар. Жалпы бастырылған астық - 23413 тонна. Орташа түсімі әр гектарына 11,0 центнерден айналды. Оның ішінде 5949 тонна бидай, арпа 17264 тонна, сұлы 200 тонна, 2300 тонна дәнді-дақылдардың тұқымы қамбаға құйылды.

         Сонымен қатар, ауданның ауыл шаруашылығы құрылымдары бойынша отырғызылған 1200 гектар картоп толық жиналды. Әр гектарынан орта есеппен 250 центнерден айналып, 32100 тонна тауарлық картоп жиналды.

Ауданның ветеринариялық санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында профилактикалық жұмыстар толығымен жүргізілді. 

Сібір жарасы, қарасан, нодулярлы, пастереллез ауруларына қарсы барлық ауыл шаруашылық жануарлар егілді.

Ауыл шаруашылығы  жануарларын  бірдейлендіру жоспар бойынша жүргізілуде.

         Ауданда 13 мал қорымы тіркелген, оның 8 -і қарапайым, 5 -уі типтік үлгіде. Тіркелген 20  мал сою  нысандарының 14-і мал сою алаңы, 6-ы мал  сою бекеті. Әлі де мал сою нысандарының санын көбейтуге жұмыстар жүргізілуде.

Аудан бойынша 22 ветеринар дәрігер, 18 ветеринар фельдшер жұмыс істейді. 2 ветеринар дәрігердің жетіспеуі тіркеліп отыр. 2019 жылдан бастап Шет агротехникалық колледжінде ветеринар мамандығының ашылуына орай, келер жылдан бастап маман тапшылығы толық жойылатын болады.

Аудан жерінің жалпы әкімшілік-аумақтық шекарасы 6 569 405 га, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер – 2 301 157 га, ал, егістікке жарамды – 79 171 га.

Аудан бойынша тіркелген 1194 шаруа қожалықтарына 2 169 959  га жер бекітіліп берілген, соның ішінде егістік жерлерімен – 56 360 га, оның пайдаланбайтыны – 25 256 га.

Қолданыста жоқ жерлердің көлемі - 280364 га, оның ішінде: егістік – 15 174 га, жайылым – 265190 га.

Пайдаланбайтын жерлерін мемлекетке аудан прокуратурасымен бірігіп, өз еріктерімен тапсыру туралы жұмыстары ауқымды жүргізілуде.

2020 жылда 16 шаруа қожалығы пайдаланбай отырған 10 734 га жерлері тапсырылды, 709 га егістік жерлер, шабындық-293 га, жайылым-8881 га, Өз еркімен тапсырылған жерлерді қайта айналымға енгізу үшін конкурс арқылы берілуде.

2020 жылы 9 конкурс өткізілді, 130 жер учаскесі қойылып, 106 жер учаскесін  жерпайдаланушылар ұтып алды, жалпы берілген жер көлемі- 149 736 гектарды құрады.

Өңіріміздің дамуына үлес қосатын негізігі жұмыстарымыздың басым көпшілігі коммуналдық салада. Аталған салада былтырғы жылы айтарлықтай ауқымды жұмыстар жасалынды. Коммуналдық бағытқа 2020 жылы республикалық, облыстық және аудандық бюджеттерден 2 млрд. 725 млн. теңге бөлінді. Оның ішінде:

"Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы бойынша жол инфрақұрылымын дамытуға 553,5 млн. теңге, инженерлік инфрақұрылым нысандарын жөндеуден өткізуге және абаттандыруға 157,4 млн. теңге, "Ауыл -Ел бесігі" арнайы жобасы аясында Ақсу-Аюлы ауылында төрт көшенің жолын орташа жөндеуден өткізуге 406,8 млн. теңге, аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуге республикалық және облыстық бюджеттерден 50/50 трансфертінен 287,2 млн. теңге, елді мекендердің ішкі көшелерін орташа жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 100,0 млн. теңге, төтенше жағдай кезеңінде жекелеген санаттағы азаматтарға коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеуге 125,7 млн теңге қаралды.

Мемлекеттік сатып алу жұмыстарының нәтижесінде 2 млрд. 725 млн теңгеден  184,2 млн. теңге үнемделді.

Аудандық бюджет есебінен елді мекендерде жол белгілерін орнатуға 6,6 млн. теңге, жарықтандыру жұмыстары, оның ішінде жаңадан жарық нүктелерін орнатуға, күтіп ұстауға және электр энергия шығындарына 213,3 млн. теңге, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына 338,8 млн теңге, санитарлық тазалық жұмыстарына 17,3 млн теңге, аудандық маңыздағы автомобиль жолдары мен елді мекендердің ішкі көшелерін орташа, ағымдағы жөндеуге және қыс айларында күтіп ұстауға 345,3 млн.теңге қаралды. Сонымен қоса, су жүйелерін ағымдағы жөндеу, қондырғылар сатып алуға және күтіп ұстау жұмыстарына 26,4 млн. теңге, аудандық маңыздағы "Батық-С.Сейфуллин-Ақсу-Аюлы", "Ақшоқы-Талды-Ақсу-Аюлы" автобус маршруттарына субсидия 5,4 млн. теңге, ішкі көше жолдарын тазартуға арнайы техника сатып алуға 28,4  млн. теңге жұмсалды.

Аудан көлеміндегі автомобиль жолдары бойынша:

Аудан аумағында 1354 шақырым автокөлік жолдары бар. Оның ішінде республикалық 506 км, облыстық 460 км, аудандық маңыздағы 202 км және елді мекендердің ішкі көше жолдары 186 км көлемінде.

"Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы бойынша жолдарды жөндеуге 9 жоба іріктеліп, Ақшатау, Батық, Ақжал, С.Сейфуллин елді мекендерінің ішкі көше жолдары және аудандық маңыздағы Ақшоқы, Ортау-Қызылтау, Дәрия, Жарылғап Батыр, 56 разъезд ауылдарына апаратын  жолдары орташа жөндеуден өткізілді. Атқарылған жұмыстар бойынша жалпы 7,1 кмге асфальт төселді, 91 км жол қиыршық тас пен тегістелді су шайып кету қаупі жоғары 21 жерге жаңадан темір-бетон суағар құбырлары және шақырымдық жол белгілерін орнату жұмыстары жүргізілді.

Аудандық маңыздағы автокөлік жолдарын орташа жөндеуден өткізу мақсатында "Қызылтау ауылына кіреберіс жолдың Нұраталды-Талды аралығында 9 жерге жаңадан суағар құбырлар орнатылып, жол белгілері қойылып, суық ресайклер әдісімен 9 шақырымға асфальт төселді. Ақшоқы-Жанажұрт аралығындағы жолдың 22 шақырымына қосымша материал төселіп, тегістелді. "Ортау-Қызылтау" ауылдарына кіреберіс жолдың Ортау ауылы маңайындағы 3 жерге жаңадан суағар құбырлар орнатылып, 12 шақырымы жөнделді. "Дария кентіне кіреберіс Байқара өзенінің бойындағы көпір бетонмен нығайтылып, асфальтталды және  3 жерге жаңадан суағар құбырлары, жол белгілері орнатылып, 23 шақырым жолына қосымша материал төселді. "Жарылғап батыр ауылына кіреберіс жолдың 3 жеріне жаңадан суағар құбырлары  мен жол белгілері орнатылып, 16 шақырым жолы материал төселіп жөнделді. "56 разъездіне кіреберіс жолдың 3 жеріне жаңадан суағар құбырлары орнатылды және 18 шақырым жолына қосымша материал төселіп тегістелді.

         "Ауыл-Ел бесігі" арнайы мемлекеттік жобасы аясында Ақсу-Аюлы ауылында Абай, С.Сейфуллин, Жаңғұтты би және Шортанбай жырау көшелері орташа жөндеуден өткізіліп, 5 жерге жалпы ұзындығы 70 метр суағар құбырлары, 2800 метр гранит бордюр және жасанды жол бөгеттері қойылды. 4 жоба бойынша ұзындығы 8 шақырым немесе 64000 шаршы метр асфальт төселді.

Республикалық және облыстық бюджеттер есебінен Ақой, Ақжал, Талды елді мекендерінде ұзындығы 3,3 шақырым ішкі көшелер асфальтталды. Аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 9 елді мекеннің (Ақсу-Аюлы, Ақадыр, Ақжал, Ақой, Талды, Үнірек, Нұраталды, Дәрия, Мойынты, Өспен) 17 шақырым ішкі көше жолдары орташа жөндеуден өткізілді.

         Аудан аумағындағы автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстарына лабороториялық сараптама өткізу, жол-құрылыс материалдарының сапалық жарамдылығын тексеру, қадағалау мақсатында 5,0 млн. теңгеге келісім шарт жасалып, жол жөндеу жұмыстарына тексеру мен лабораториялық сынамалар жүргізілді.

Жалпы алғанда, 2020 жылы аудан аумағынан  елді мекендерге дейінгі және ішкі көшелерінде 186,4 шақырым автомобиль жолдары жөндеуден өтті.

2021 жылғы меже де жол сапасын реттеуде біршама болмақ. «Ауыл-Ел бесігі» арнайы жобасының 1 кезеңіне 6 жоба Ақадыр кентінде 435,9 млн. теңгеге ішкі көше жолдарын орташа жөндеу және 2 кезеңіне С.Сейфуллин, Красная Поляна елді мекендерінің ішкі көше жолдарын жөндеуге жалпы құны 173,3 млн теңгеге құжаттары дайындалып, сұраныс беріліп отыр. Сонымен қатар, облыстық, аудандық маңыздағы жолдарды жөндеуден өткізуге 916,1 млн теңгеге жобалау - сметалық құжаттары дайындалып, қаржыландыруға сұраныс беріліп отыр. Оның ішінде жергілікті бюджеттен 11,5 шақырым көше жолдары орталық жөндеуден өткізілетін болады.

         Төтенше жағдай кезеңінде коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеуге байланысты

         Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы Жарлығына сәйкес коммуналдық қызметтерді жеткізушілердің шығындарын өтеу үшін сәуір –мамыр айларында 7933 адамнан өтініш қабылданып, нәтижесінде кәсіпорындармен ереже талаптарына сәйкес расталған 6228 адамға сәуір-мамыр айларында әр адамға 15000 теңгеден 93 млн. 420 мың теңгеге коммуналдық өтем ақы төленді.

Аудан елдімекендерін көркейту, абаттандыру, санитариялық хал ахуалын жақсарту мақсатында 2020 жылы біршама ауқымды жұмыстар атқарылды.

"Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында республикалық трансферт есебінен Ақсу-Аюлы ауылында 2, Ақжал кентінде 1 көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры мен қасбеттері ағымдағы жөндеуден өтті.

Босаға, Нұраталды, Қызылқой елді мекендерінде жарық шамдары орнатылды. Ақсу-Аюлы ауылының орталығындағы балалар алаңына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Ақжал, Төменгі Қайрақты елді мекендерінде балалар ойын алаңдары ашылып, Ақадыр кентінің көшелеріне тротуар төсеу жұмыстары жасалынды.

Сонымен қатар, аудан елді мекендерін жарықтандыруға аудандық бюджеттен бөлінген қаржы есебінен Ақсу-Аюлы, Ақжал, Ақадыр, Ақшатау, Нұраталды, Төменгі Қайрақты, Красная поляна, С.Сейфуллин, Босаға, Бұрма, Өспен, Жұмыскер, Шет, Дәрия, Батық, Киікті ауылдық округтері мен кенттерінде 933 дана жаңадан электр бағаналары мен жарық шамдары орнатылды. Ақсу-Аюлы, Ақсу, Қайрақты, Төменгі Қайрақты, Талды, Ақжал, Ақадыр, Ақой, Ақшоқы, Ақшатау, Жұмыскер, Мойынты, Көктіңкөлі, Еркіндік, Үңірек, Қармыс, Киікті елді мекендерінде шағын спорт және балаларға арналған ойын  алаңдары салынды. Ақсу-Аюлы ауылының  Шортанбай көшесі бойындағы темір қоршаулар ауыстырылып, ақпарат таратуға арналған LED экран мен Дерібсалы-Әбікен Хасенов көшелерінің қиылысына "Сағат" стелласы орнатылып, тротуар төсеу жұмыстары жүргізілді. Өспен ауылы Қ.Сәтпаев көшесіндегі стадионның темір қоршаулары жаңартылды. Бұрма ауылының кіреберісіне арка орнатылды.

           Елді мекендерде тұрғын үй ғимараттары мен сауда нысандарын, аумақтарды және шаруашылықтың басқа да нысандарын санитарлық ережелер мен нормаларға сәйкес келтіру мақсатында 2020 жылы бекітілген аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазарту бойынша екі айлық өткізу ұйымдастырылды.

           Шара барысында барлық елді мекендерде тазалық жұмыстары жүргізіліп, оған 150 ұжым, 3700 адам, 52 техникалар тартылып, ретсіз төгілген 13 күл- қоқыс орындары тазартылып, 2925 тонна қоқыс шығарылды. 3200 түп ағаш санитарлық кесуден өткізіліп, жаңадан 650 түп ағаш көшеттері отырғызылды.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және шығару қызметін жақсарту мақсатында Ақсу-Аюлы, Мойынты елді мекендеріне 100 дана қоқыс контейнерлері сатып алынды.

Инфекциялық және паразиттік аурулардың қоздырғыштарын жою мақсатында ауылдық округтері мен кенттерде орналасқан бюджеттік нысандарда жалпы көлемі 95896,0 шаршы метр аумақта көктемгі және күзгі дератизациялау жұмыстары жүргізілді.

Ауданның ірі елді мекендерінде жаз айларында ішкі көше жолдарын жуып, тазартып отыру үшін көп салалы арнайы Камаз автокөлігі сатып алынды, бұл жұмыстарды жүргізуге жауапты болып "ШетКоммунСервис" мекемесі бекітілді.

2021 жылы аудан елді мекендерінде абаттандыру, жарықтандыру және санитарлық тазалық жұмыстарына аудан бюджетінен 468 млн. теңге қаржы бөлінетін болады.

  Қыс маусымына дайындық және өту барысы:

  Аудан аумағында барлық әлеуметтік маңызы бар нысандарға жылу беру маусымы 2020 жылдың 01 қазанынан бастап берілді.

Биылғы жылу беру маусымында 1 локалдық қазандық арқылы Ақжал кентіндегі (12 көп қабатты тұрғын үй, 2 мектеп, 1 балабақша, 1 мәдениет) барлық әлеуметтік нысандарға жылу беріліп отыр. 85 дербес автономдық жылу қазандықтары және 5 модульді от қазандықтары арқылы Ақадыр, Ақсу-Аюлы елді мекендеріндегі 67 көп қабатты тұрғын үй, 45 мектеп, 22 мәдениет үйлері, 4 спорт нысаны және 8 денсаулық сақтау мекемелері қамтамасыз етілуде.

Инженерлік инфрақұрылым нысандарын дамыту бойынша:

Аудан бойынша 61 елді мекеннің 29 елді мекенінде ұзындығы 305,8 шақырым ауыз су құбырынан 38494 адам таза ауыз су пайдалануда. Бұл аудан тұрғындарының 90,3 пайызы. Қалған 9,7 пайызы немесе 4097 адам ауыз сумен құдық, бұлақ көздері, ұңғымалар (скважина) арқылы қамтылуда.

2020 жылы елді мекендердегі ауыз су құбырларын ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау үшін аудандық бюджеттен 26 млн. 134 мың теңге бөлінді.Оған 6 дана тереңнен су соратын сорғылар, Ақсу-Аюлы ауылында орналасқан су ұңғымасына 2 дана трансформатор  алынып, Үнірек, Талды, Ақсу-Аюлы елді мекендерінің су құбырларына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Ақжал кенті Ықшам ауданындағы 2 көпқабатты тұрғын үй арасындағы квартал аралық жылу құбырының 422 метрі ауыстырылды. Т.Қайрақты ауылындағы коммуналдық меншіктегі электр желілерінен 170 электр бағаналары, 8000 метр сыммен кабель және 2 дана 10/04 160 кВа трансформаторлар  ауыстырылды. Бұл жұмыстар "Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында жүзеге асырылды.

Бюджет қаржы есебінен Босаға ауылының су құбырына және су қоймасына жөндеу жұмыстары жүргізіп, ауыз су мәселесі дұрыс жолға қойылды.

«Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Ақой, Еркіндік елді мекендеріне жаңадан су құбырларын тартуға жобалау сметалық құжаттары әзірленді. Бүгінгі  күнге аталмыш жоба бойынша жер құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

2021 жылы Бұрма, Ақадыр елді мекеніндегі су құбырларының құрылысын жүргізуге қаржы бөлініп отыр. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары үйымдастырылуда.

         Тұрғын үй қатынастары бойынша

          2021 жылдың 1 қаңтарына үй кезегінде аудан бойынша 611 адам кезектілік тізімінде тіркеуде тұр.

2020 жылдың наурыз айында 16 отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды үймен қамтамасыз ету үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша көп балалы отбасыларға 12 үй беріліп, босатылған үйлерден 10 көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Алдыңғы жылдары мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген Ақадыр кентіндегі Тәуелсіз Қазақстан көшесі №12 үйдің келісім-шарттары ұзартылды. Ақсу-Аюлы ауылында - 4, Ақадыр кентінде 3 көпқабатты  тұрғын үй тұрғындарының арендалық төлемдері және тұрғын үй жалдау шартының талаптары тексерілді. Келісім-шарт талаптарын бұзған жалдамалы үйдің 5 тұрғынының ісі сотқа жолданды. Екі тұрғын үй жалдау шарты талаптарын бұзғаны үшін басқа тұрғын үй берілместен,  сот шешімімен шығарылды.

2020 жылы – 7915 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылмен салыстырғанда 106,8 пайызға  артық орындалды.

Бүгінгі күні ауданымызда күн тәртібіндегі өзекті мәселе халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету болып табылады. Осы тұрғыда 2021 жылға Ақадыр кентіндегі 24 пәтерлі тұрғын үй құрлысын аяқтауға тиіспіз. Сондай-ақ аталмыш кентке алдағы уақыттарда қосымша бес 24 пәтерлік үй салу үшін сараптамадан өткізілген 1 млрд. 300 мың теңгенің жобалау сметалық құжаттарын дайындадық. Қаржы мәселесі шешілген жағдайда бұл жұмыста реттелетін болады. Сонымен қатар, аудан орталығы Ақсу-Аюлы ауылында да 24 пәтерлік бір үй салу жоспарда тұр. Қазіргі уақытта тиісті құжаттары заң талаптарына сай реттелуде.

               2020 жылы 50 млн. теңгеге 32 елді – мекендерді дамытудың схемасы жасалды. 2021 жылы 6 млн тенгеге Ақадыр кентінің бас жоспарына түзету енгізу жоспарлануда.

Жыл басынан бүгінгі күнге дейін коммуналдық меншіктегі нысандарды рәсімдеу және оларды мемлекеттік тіркеу бойынша бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 3 – әкімдік ғимараты 6 - әлеуметтік нысан, 5 – жаңадан салынған су жүйесі, 20 тұрғын үй, 5 – модулдық отқазандықтары, 1- автокөлік жолы (56 – разъезд), 6 – автокөлік, барлығы 46 нысан тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен ауыл, кент әкімдерінің баланстарына бекітіліп берілді. Ақшатау кентіндегі «Таңатбай» су қоймасы құжаттары рәсімделіп, облыстық коммуналдық меншікке өткізілді.

         Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан әлеуметтік салаға да баса назар аударылып, қомақты қолдаулар көрсетіліп келеді. Оның ішінде ауданымызда аз қамтылған азаматтардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар іс - шаралар қолға алынды. 2020 жылы аз қамтылған 765 адамға мемлекеттік емес көздерден  4,3 млн.  теңге  көлемінде әлеуметтік  көмек  көрсетілді.

           Жергілікті  өкілетті  органдардың  шешімі  арқылы мұқтаж  азаматтардың жекелеген санаттарына жататын 5 адамға өтініштер бойынша 312,3  мың  теңге және атаулы мереке күндеріне 3135  адамға жалпылай алғанда 22,1 млн. теңге  әлеуметтік көмек берілді.    

         2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек 148 отбасындағы 765 адамға 62,2 млн. теңге төленіп, олардың 1-3 жас және 3-6 жас аралығындағы 1492 балаларына 8,6 млн. теңге көлемінде кепілдендірілген әлеуметтік топтама көрсетілді. Сонымен қоса, төтенше жағдай кезінде халықтың бірнеше саннаттарына 58,6 млн. теңге көлемінде азық - түлік және тұрмыстық жиынтықпен  қамтамасыз етуге арналған төлем төленді.

         Аудан көлемінде 2119 мүгедек бар. Оның ішінде, І топтағы - 162, ІІ топтағы -828, ІІІ – топтағы - 980 және 16 жасқа дейін 127 адам тіркеуде.  

         Ауданның 11 елді мекенінде 14 мүгедек бала және 66 жалғызбасты қарттар мен мүгедектерге 16 әлеуметтік мамандар үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетті.    

Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін 423,0 мың теңге бөлініп, әрқайсысына айына 5556 теңгеден төленді.  

2020 жылы 77 мүгедек, оның ішінде 26 мүгедек бала міндетті гигиеналық құралдармен қамтамасыз етілді. Оларды алуға бюджеттен 12,5 млн.теңге қаражат бөлінді.

Протездік-ортопедиялық құралдармен 44 мүгедек, оның ішінде 32 мүгедек бала қамтамасыз етілді.

Жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы 70 мүгедекке жеке көмекшінің қызметі  ұсынылып, жергілікті бюджеттен 24 млн.теңге төленді.

         Ауданда мүгедектерге әлеуметтік, транспорт және рекреациондық инфрақұрылымдарға  қолжетімділікті қамтамасыз ету, аталған нысандарды мүмкіндігі шектеулі адамдардың мұқтажы мен сұранысына қарай бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.

         Мүмкіндігі шектеулі, өздігінен жүре алмай көмек қажет ететін азаматтардың да қатарынан қалмай мемлекет тарапынан үнемі қолдау тауып отыруы біздің күнделікті міндетіміз. Биылғы жылы аудандағы жеке оңалту бағдарламасы бар осындай 91 адамның күнделікті өмірге толықтай араласуы үшін ауданда инвотакси қызметін пайдалануына жағдай жасайтын боламыз. Ол үшін заңдылықтар аясында тиісті қаражат көлемі қарастырылады.

Ауданда мүгедектерге қолжетімділікті  қамтамасыз ету үшін 81 нысан  бейімделіп, паспорттаудан өткізілді.

         «Еңбек нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша бүгінгі таңда 31 адам жаңа мамандықтар бойынша оқуларын аяқтады. Екінші бағыты бойынша 221 адам 938,8  млн. теңге көлемінде несие алды.

         Жаңа бизнес – идеяларды іске асыруға Республикалық бюджеттен бөлінген 46,7 млн. теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа 84 адам өздерінің жеке кәсібін ашып отыр.

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша аудан көлемінде жалпы жұмыссыздар саны- 516 адамды құраса, жыл басынан электронды еңбек биржасы арқылы 908 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

- Қоғамдық жұмысқа 735 адам, Жастар тәжірибесіне 34 адам жұмысқа жіберілді. Әлеуметтік жұмыс орындарында 12 адам жұмыс істеді.

"Жұмыспен қамту жол картасы" бағдарламасы аясында аудан бойынша 253 жұмыс орыны құрылып, 139 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа жіберілді.

Аталған бағдарлама аясында  М.Мәметова Бұрма, Батық, Көктіңкөлі мектептеріне күрделі жөндеу, Ю.Гагарин атындағы мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ж.Ақылбаев және Ы.Алтынсарин атындағы мектептеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар облыстық бюджет есебінен Ю.Гагарин атындағы мектептің шатырын айырбастауға 27,8 млн. теңге, М.Маметова атындағы мектептің терезелерін айырбастауға 26,9 млн. теңге бөлініп, бұл жұмыстар толықтай  аяқталды.

         Аудандық бюджеттен ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 37 білім беру  нысандарына 101 млн. теңге қаржы қарастырылды, оның ішінде:19 мектептің сыртта орналасқан дәретханаларын ғимараттың ішіне кіргізу үшін 30 млн.теңге бөлініп, бүгінгі күні жұмыстар толығымен аяқталды.

         Сонымен қоса, Нұра  мектебінің ішінде  орналасқан  отқазандық сыртқа шығарылып, Абай мектебі спортзалы мен Дәрия мектеп ғимаратының едендері жаңартылды. Еркіндік мектебінің терезелері ауыстырылып, Ы.Алтынсарин атындағы гимназияның жылу жүйесі айырбасталып, мектеп жанындағы интернатына және Ортау мектебінің спорт залына ішкі ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді..

Киікті ауылында 150 орындық жаңа мектептің  құрылысын салуға 2020 жылы 200 млн. теңге облыстық бюджеттен бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. Нысан 2021 жылға ауыспалы болғандықтан, құрылыс жұмыстарының аяқталуы тамыз айына жоспарланып отыр. Жобаның жалпы құны - 751,4 млн.теңге.

Ақадыр кентіндегі Ә.Ермеков атындағы орта мектепке қосымша асханамен спортзал құрылысын жүргізуге 377 млн. теңгенің жобалау - сметалық құжаттар әзірленіп, сараптаманың оң қортындысы шықты. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары үйымдастырылуда.

Аудан бойынша 49 мектептің 15-не 148 бейнебақылау камералары орнатылған. Былтырғы жылы қалған 34 мектепке  жергілікті бюджеттен 26 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, 100% бейнебақылау камераларымен қамтамасыз етілді. Сонымен қоса, мемлекеттік балабақшалардың барлығы бейнебақылау камераларымен жабдықталып, жекеменшік балабақшаларда да бейнебақылау камералары орнатылуда.

Бүгінгі күні мектепке дейінгі біліммен 1 жастан 6 жасқа дейінгі баланың  95 пайызы және 3-6 жасқа дейінгі баланың 100 пайызы қамтылған. Аудан бойынша мектепке дейінгі мекемелер 1 жастан 3 жасқа дейінгі 491 бала кезекте тұр.

Мектептердегі 25 шағын орталықтарда оқу тәрбиелік шаралар тек мемлекеттік тілде ұйымдастырылған.. Ондағы бала саны -549.

Аудан бойынша 1396 мұғалім жұмыс істейді. Оның ішінде жоғары педагогикалық білімді–1070, арнаулы орта педагогикалық білімді–326, жоғары санатты 187, бірінші санатты-452.

Кадрлардың сапалық құрамын жақсартудың және тәрбиешілер біліктілігін арттырудың бірыңғай жаңартылған бағдарламасы әзірленіп қолданысқа енгізілді.

Барлық 1396 мұғалімнің 76% жаңартылған білім беру мазмұны бойынша курстан өтіп, 2020 жылы білім беру ұйымдарына 18 жас маман орналасты. Жас мамандардың педагогикалық шеберлігін жетілдіру мақсатында 2020 жылы тәлімгерлер жүйесі енгізіліп, тәлімгерлерге арнайы еңбек ақы төленді.

11-ші  сыныпты аудан бойынша 349 түлек тәмәмдап,  204 түлек жоғарғы оқу орындарына оқуға түсті, оның ішінде 96 түлек грант иегері атанды.

 Коронавирус инфекциясының алдын алу және таралуын болдырмауға байланысты мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшіріліп,  оларды компьютерлік техникамен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджет есебінен 36 млн. теңгеге 200 ноутбук сатып алынды. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 1296 ноутбук, 107 компьютер, 22 планшет алынып берілді.

Жаңа оқу жылында 10 білім беру ұйымы қашықтықтан, 38 білім беру ұйымы қалыпты жағдайда, штаттық режимде білім алуда.

 Барлық білім беру ұйымдары санитарлық талаптарға сай медициналық бетперделер, санитайзерлер, бактериялдық лампалар, дезинфекциялық кілемшелер және басқа да қажетті  құрылғылармен толық қамтылған.

2020 жылы балалардың құқықтарын қорғау саласында бірқатар жұмыстар атқарылды. Аудан бойынша 44 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Олардың 27-сі қамқоршылар мен қорғаншыларда,  17  бала патронаттық тәрбиешілерде тәрбиеленуде. 2020 жылы 8 жетім және  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар патронаттық тәрбиеге берілді.

Аудандық бюджеттен қамқоршылар мен қорғаншылардағы  балаларды асырап бағуға арналған жәрдемақыға  5,7 млн. теңге  жұмсалды.

Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, аудан тұрғындарына алғашқы медициналық-санитарлық көмекті Ақсу - Аюлы және Ақадыр кентінде орналасқан 2 аурухана, 6 дәрігерлік амбулатория және 11 фельдшерлік - акушерлік, 36 медициналық пункттері көрсетеді. Ақадыр, Ақжал, С.Сейфуллин кенттерінде және аудан орталығында орналасқан медициналық құрылымдарда қосымша 60 төсек орынға арналған 4 күндізгі стационар  жұмыс атқарады. Сонымен қатар, коронавирус дертіне шалдыққандарды емдеуге арналған стационарларда жұқпалы ауруларға арналған 10 төсек,  қосымша - 50 пульмопровизорлық орындары ашылды.

Аудан бойынша дәрігер кадрлармен қамтылу деңгейі 1000 тұрғынға 13,7 промильді құрайды.

         2020 жылы дәрігерлер мен медициналық қызметкерлердің кәсіби білім деңгейін көтеруге бағытталған шаралар жүзеге асырылды. Дәрігерлердің 49 пайызында квалификациялық категориясы бар. Қазіргі уақытта 5 маман дәрігер (атап айтқанда, 1-жалпы тәжірибелі дәрігер 1-дерматолог, 1-офтальмолог, 1-педиатр, 1 -анестезиолог реаниматолог) жетіспейді. Үш жақты келісім-шартпен Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінде 6 резидент қажетті мамандықтарға оқытылуда.

Ауданға дәрігер мамандарды шақырып тұрақтандыру өзекті мәселенің бірі болып отыр. 2019-2020 жылдары ауданның емдеу мекемелеріне 13 дәрігер маман келіп қызметке орналасты, (7-жалпы тәжірибелі дәрігерлер,3 гинеколог, 1- хирург, 1 терапевт, 1- реаниматолог). Оларды тұрғын үймен қамту мәселелері шешілуде.

Денсаулық сақтау саласының материалдық техникалық базасын жабдықтау 73,8 пайызды құрайды. 2020 жылы  екі ауруханаға 1,718 млн. теңгеге телекардиограф, 2,4 млн.теңгеге тепловизорлар, 22 млн. теңгеге УЗИ аппараттары, 35 млн теңгеге рентген құрылғысы, анестезиология реаниматологиялық  монитор және тағы да басқа медициналық құрыл-жабдықтар мен 3-санитарлық автокөліктер, 5 - Нива автокөлігі алынды. Сонымен  қатар бір жаңа «Нива» автокөлігін Ақадыр ауруханасына сол өңірдің тумасы, кәсіпкер Дандыбаев Әсет табыс  етті.

Пандемия кезінде аудандық орталық ауруханаға ауданның меценат азаматтары және қоғамдық ұйымдардың демеушілік көмегімен 28 млн. теңгенің бірінші қажеттіліктегі 182 медициналық құрал жабдықтары сатып әперілді.

2020 жылы аудандық орталық аурухананың ғимаратына 472,1 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жөндеу жұмыстары ағымдағы жылы толық аяқталды. 2021-2022 жылдарда ауданның 7 елді мекенінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік механизмі арқылы  салынатын модульді ФАП ғимараттарының жерлері рәсімделіп, сметалық құжаттары дайындалды. 2021жылы Ақадыр селолық ауруханасына күрделі жөндеу  жұмыстары жүргізу үшін жобалау сметалық құжаттары дайындалуда. Және де 2 аймақтың  инфекциялық  бөлімшелері күрделі жөндеуден өтеді, тиісті жобалау сметалық құжаттары дайындалып, облыстық басқармаға сұраныс жолданды. 

         Ауданның мәдениет саласының инфрақұрылымын 55 объекті құраса. 29 кітапхана, 2 мәдени-сауық орталығы, 22 мәдениет және клуб үйлері, облыстық бюджеттен қаржыландырылатын 2 музей өз қызметтерін көрсетеді.

Аудандық бюджет шығыстарының бір бөлігі мәдениет және тілдерді дамыту, кітапхана жүйесі мен ауылдық мәдениет саласын нығайтуға бағытталған. 2020 жылы бұл салаға 893 млн. теңге қаржы  бөлінді. (2019 жылы – 572 млн. 253 мың теңге)

Аталған қаржының 1 млн. 800 мың теңгесіне Ақжал, Мойынты, С.Сейфуллин, Ақсу-Аюлы елді мекендеріндегі мәдениет үйлеріне бейне бақылау орнатылды. 17 млн. теңгесіне Ақсу - Аюлы, Ақадыр, Бұрма, Ақой, Ақшатау, Көктіңкөлі, Киікті, Ақжал, Қызылқой, Кеншоқы Дәрия мәдениет үйлеріне музыкалық аспаптар, жарық беру құрылғылары, сахналық, ұлттық киімдер мен кеңселік жиһаздар алынды.

Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің материалдық техникалық базасын нығайту үшін 25 млн. теңгеге компьютерлік құрал - жабдықтар алынып, кітап қорын толықтыру жұмыстары жүргізілді.

«Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында  18 млн. 161 мың теңгеге Ақсу-Аюлы мәдениет үйіне және аудандық бюджет есебінен Ақадыр кентінің Шабал Бейсекқызы атындағы мәдени-сауық орталығының  көрермендер залына 7,8 млн. теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Өткен жылдың жаңалығы болып, Дәрия кентіндегі мәдениет үйінің ашылуын айтуға болады. Жергілікті бюджеттен бөлінген 32 млн. 478 мың теңгеге кенттегі мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қыркүйек айында пайдалануға берілді.

Алдағы жылдары Босаға, Мойынты, Красная поляна, Ақшатау, Қызылқой, Кеншоқы ауылдық мәдениет үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін  жобалау - сметалық құжаттары жасалынуда.

Ауданымыздың мәдениет саласында 372 адам жұмыс істейді. Кадр әлеуетін көтеру бағытында оқу орындарын тәмәмдаған жас мамандарды ауылдық жерлерге жұмысқа тарту үнемі назарымызда. Мәдениет саласына келген жас мамандарға және мәдениет қызметкерлеріне мемлекет тарапынан мейлінше қолдаулар көрсетіліп, былтырғы жылы жергілікті бюджеттен 150 қызметкерлерге отын алу үшін бірреттік әлеуметтік көмек төленді.

Былтырғы жылдың наурыз айынан бастап, қатерлі індетке байланысты еліміздің ұлттық, мемлекеттік және кәсіби мерекелері онлайн режимінде өткізіліп, халық шығармашылығы мен кітапхана ісін ілгерілетуге өз септігін тигізді.

Аудан көлемінде қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша барлығы 264,7 млн теңгені құрайтын 33 жоба іске асырылды. Оның, 46 млн теңгесі жергілікті бюджеттен және 218,7 млн теңгесі демеушілік есебінен бөлінді.

Демеушілер тарапынан Кеншоқы ауылында «Ер есімі – ел есінде» атты мемориалдық тақта, Босаға ауылында өрт сөндіру бекеті мен күрес залы,  Аудан орталығындағы Ы.Алтынсарин мектебінің алдында Ту тұғыры салтанатты түрде ашылды.

“Nova Цинк” кәсіпорнының демеушілігімен 439,0 млн.теңгеге 2019-2020 жылдары Ақжал кентіне кіре беріс 12 шақырым жол жөнделді.
        
Халқымыздың рухани құндылықтары мен тарихи тұлғаларымызды насихаттауға арналып біртуар ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аясында облыстық онлайн айтыс пен жергілікті ақын Тезекбай Амандықұлының 70 жылдығына орай аудандық жазба ақындар мүшайрасы өткізілді. Сонымен қатар, ауданымыздың "Құрметті азаматы" Жумкин Боранбай Исатайұлының «Өмірім мен тағдырымның шындығы» атты кітабы жарық көріп, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жазушы Өмір Кәріпұлының 80 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш өз деңгейінде аталып өтті.

Еліміздің  ерекше салт - дәстүрі мен ұлттық тамырымыздан бастау алатын "Рухани жаңғыру" бағдарламасына жаңадан қосылған «Дәстүр мен ғұрып», «Құқықтық мәдениет», «Еңбек – елдің мұраты», «Үнем – қоғам қуаты» атты арнайы жобалар бойынша түрлі  деңгейдегі 25 іс-шара ұйымдастырылды.

Спорт саласы бойынша:

2020 жылы аудан бойынша бұқаралық спортпен айналысушылар саны 14 200 адам  яғни, 34 % құрайды.

Аудан бойынша 218 спорттық нысандары бар. Атап айтқанда: 3-балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, 1-спорттық сауықтыру кешені, 1-жүзу бассейні, 1-стадион, 40 спортзал, 6-спорттық қосалқы зал, 20-жасыл төсеніші бар спорт алаңдары, 119-жазықтық нысандар, 7-атыс тирі, 17-хоккей корты, 2-ипподром, 1–теннистік корт.

Ақсу-Аюлы ауылы және Ақадыр, Сәкен Сейфуллин кенттерінің балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 162-үйірмелер жұмыс істейді. Онда 1714 бала спортпен шұғылданып, оларға  45  спорт жаттықтырушы қызмет көрсетеді. Сонымен қоса, жергілікті жерлерде бұқаралық спортты дамыту үшін 12 елді мекенде спорт нұсқаушылары жұмыс жасауда.

Өткен жылы «Ауыл –Ел бесігі» жобасы аясында Ақсу-Аюлы ауылының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне 25 млн. теңге бөлініп, ғимараттың қасбетіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен бөлінген 26,2 млн. теңгеге спорт мектебінің екінші қабатындағы спорт залдың едені ауыстырылып, 15 млн. теңгеге тренажер құрылғылары алынып берілді. Орталық стадионға 12 күн сәулесінен қуат алатын жарық шамдары орнатылды.      Ақадыр кентіндегі орталық стадионның жасыл төсенішін қайта қалпына келтіруге аудандық бюджеттен 37 млн. теңге қаражат бөлініп, жұмыстар толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Аталмыш жұмыстан үнемделген қаржыға спорт мектебі мен саябақ арасына қоршаулар орнатылды.

Бұқаралық спортты дамыту үшін, 2020 жылы аудандық бюджеттен 92,8 млн теңгеге Ақадыр, Ақжал, Ақшатау, С.Сейфулин, Ақшоқы, Нұраталды, Киікті, Төменгі Қайрақты, Тағылы, Ақой елді мекендерінде Стрит Воркаут (Street Workout) көше тренажерлары, көпсалалы хоккей корттары және жасыл төсеніші бар спорт алаңдары салынды. Ақадыр кентіндегі паурлифтинг залына 3 млн. теңгеге спорттық құрал-жабдықтары алынды.

Осы уақытқа дейін салынған спорт нысандарын ауыл, кент әкімдерінің балансына алу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 21 спорт нысандарының құжаттары заңдылықтарға сәйкес рәсімделді.

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты аясында, демеушілік есебінен Босаға ауылында Серік Мамашұлы атындағы жаңа күрес залына ағымдағы жөндеуден жұмыстары жүргізіліп, ауыл жұртшылығына пайдалануға берілді.

Жастар саясаты мәселесі бойынша

2020 жыл Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Еріктілер» жылы деп жариялауына  байланысты Шет ауданында  450 ерікті жастардан тұратын 35 топ құрылды. Еріктілер тобы бірнеше ай бойы жағдайы төмен, көп балалы отбасыларға және 65 жастан асқан қарт адамдарға көмек көрсетті. «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен ауданымыздың елді мекендерінде «Біз біргеміз» акциялары жүзеге асырылды. Әр отбасына азық- түліктер мен дәрі-дәрмектер санитарлық сақтық шараларын сақтай отырып жеткізіліп берілді. Сонымен қатар, ауданымызда 10 мыңнан астам дана көпреттік бетперделер тігіліп таратылды. Жалпы демеушілердің көмегімен аудан бойынша  700-ге жуық отбасыға 5,0 млн. теңге көлемінде  әлеуметтік көмек көрсетілді.

        Аудан халқының 20 пайызын 14 пен 29 жас аралығындағы  жастар құрайды. (8754 адам)

         2020 жылдың есепті мерзімінде  18-29 жастар аралығында 335 жас жұмыспен қамтылып, 166 жас - қоғамдық жұмысқа тартылды.

         «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының қызметін ұйымдастыру аясында аудан аумағында 60 жас бірінші кезекте жалғыз және көпбалалы аналардың, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары, жұмыссыз және оқу ақысын төлеу мүмкіндігі аз студент жастар жұмысқа қабылданды.

        Аудан бойынша NEET санатында 25 жас тіркелген болатын. Олардың 12-і тұрақты жұмыс орындарына орналастырылып, 7-і өзін-өзі жұмыспен қамтыса, 5-і бала күтімінде отыр. Бір жас орта арнаулы оқу орнына түсті.

        Жалпы ауданымызда басты мәселенің бірі ол жастарды тұрғын үймен қамту болып табылады. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды  тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін 2020 жылы аталған санаттағы балаларға 4 пәтер  беріліп, 2021-2022 жылы тұрғын үй салынған уақытта тізім бойынша әр жылға 5 пәтерден беру жоспарлануда, яғни кезекте тұрған жасөспірімдердің 65 пайызын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар. 

        «Дипломмен - ауылға» бағдарламасы аясында 32 жас маман тұрғын  үймен қамтамасыз етіліп, 85 жас маман бір реттік көтерме жәрдемақы алды.       Мемлекетімізде кәсіпкерлікті дамыта отырып, жаңа жұмыс орындарын ашу қолға алынуда. Осы ретте 2020 жылы да жас кәсіпкерлердің өз істерін ашуға және дамыту 3,0 млн.теңгені құрайтын аудан әкімінің гранты 4 жас кәсіпкерге берілді. Сондай-ақ, ауданымыздың 6 жас кәсіпкері 1,0 млн.теңгеден облыс әкімінің грантын ұтып алды. Аталған жобалар бойынша 10 жас жұмыспен қамтылды. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында 27 жас кәсіпкердің әрқайсына 555,6 мың теңгені құрайтын 15,0 млн.теңге көлеміндегі грантқа ие болып, өз істерін ашуда. Аудан бойынша барлығы 113 жас кәсіпкер өз кәсібін жүргізіп отыр.   Бүгінгі таңда жастардың бос уақытын тиімді өткізуге тарту мақсатында 2020 жылы коворкинг орталығы ашылып, жастардың бас қосуына жағдай жасалды.

        Жоғарыда айтылған жастар саясатын жан-жақты жүзеге асыру барысы 2020-2022 жылдарға арналған аймақты кешенді жоспар аясында жүргізілетін болады.

Аудан аумағында ел игілігіне бағытталған барша жұмыстар облыстық, аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында тұрақты түрде жарияланып, барлығы дерлік жағымды сипатқа ие болды. Бұл мемлекеттік-ақпараттық саясаттың өз деңгейінде жүргізілуінің көрінісі болмақ. 2020 жылы осы мақсаттарға 11 млн. 160 мың теңге қаржы жұмсалынса, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде «Сарыарқа» телеарнасында 22 сюжет көрсетіліп, облыстық "Орталық Қазақстан", аудандық "Шет шұғыласы" газеттерінде мақалалар жарияланды.

Еліміздегі карантин кезенінде санитарлық сақтық шараларын қамтамасыз етуге байланысты әлеуметтік желілерде 1400 пікір мен 380 бейнеролик жарияланды. Аудан елді мекендерінде «Covid-19» індетіне байланысты 41 баннер орнатылып, 1000 плакат, 3 тартпа ілініп, Ақсу - Аюлы ауылындағы LED экран арқылы 35 бейнеролик көрсетілуде.

Аудан өмірінің ішкі саяси тұрақтылығы бақылауға алынып,  тұрғындарымызды дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтандыруда ішкі саясат бөлімі мен аудан әкімдігі жанындағы діни мәселелер бойынша ақпараттық-түсіндіру тобы, «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы» діни бірлестігімен тығыз байланыста жұмыс атқаруда. Ашып айтқанда, ақпараттық-түсіндіру тобы бекітілген жұмыс жоспарына сәйкес, халықтың нысаналы топтары, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар арасында 25 тікелей эфир сұхбаты мен 12 мәрте (карантин талаптарын сақтай отыра) кездесулер өткізді. Кездесулерде жалпы 4340 адам қатысты.

Сонымен қатар, мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтануда және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу» бойынша аудандық бюджеттен арнайы 1 млн 500 мың теңге қаржы бөлініп, дәстүрлі емес діни ағымдардан сақтану және діни экстремизмнің алдын алу бағытында 25 жеке кездесу, 1 күндік оқыту семинары, 14 жалпы халықпен кездесу өткізілді. Әлеуметтік желілерде ашылған «Дін мен қоғам», «Иманы кемел – ел мықты» атты парақшаларда жыл басынан бері 300 мақала мен бейнероликтер жарияланды.

2020 жылы аудан көлемінде қоғамдық-саяси ахуал тұрақты болып, әлеуметтік шиеленісті жағдайлар орын алған жоқ. Қоғамдық-саяси жағдайдың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында ауданның беделді азаматтарынан құрылған 27 қоғамдық пікір көшбасшысы халық арасында тығыз қарым-қатынас орнатып, жүйелі жұмыстар жүргізуде.

        2020 жылдың қорытындысы бойынша жасалған қылмыстардың барлық түрлері жалпы  5,9% - ға (118-ден 111-ге дейін) төмендеді.

        Ауыр қылмыс 76,9% - ға, алаяқтық- 400% - ға (2-ден 10-ға дейін), ұрлық жасау -125% - ға (4-ден 9-ға дейін),  ауыр емес қылмыстар-46,7%-ға (15-тен 22-ге дейін) өсіп отыр. Ауыр және аса ауыр қылмыстарды ашу 57,7% - ды құрайды.

        Өсу көрсеткіші орын алған қылмыс түрлері бойынша заң аясында тиісті жұмыстар жүргізіп, алдағы уақытта алдын алу шараларын жасау міндеттемелері қойылды.

        Шет ауданының полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне аталған мерзім ішінде 616 қылмыс туралы арыздар мен хабарламалар тіркелген, ал 2019 жылы – 747, немесе 17,5% төмендеген.

        Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында және қылмыстың алдын алу үшін аудандық бюджет бөлінген қаржыға Ақсу - Аюлы, Ақадыр елді мекендеріндегі көшелер мен қоғамдық орындарға 50 бейнебақылау камералары орнатылып, полиция бөліміне дрон камерасы алынды. Полиция қызметкерлерінің жедел  әрекет етуі үшін былтырғы жылы 4 бірлік арнайы автокөліктер берілді.

 

Қадірменді жерлестер!

Былтырғы 2020 жылы аудан көлемінде атқарылған жұмыстарымыздың қысқаша ақпараты осындай. Биылғы 2021 жылы да алдымызда көптеген ел игілігіне арналған межелі мақсат - жоспарларымыз тұр. Ол жоспарларымыздың жұмыс барысында қайта сараланып, өзгеріске түсіп отыратыны белгілі. Тұғырлы Тәуелсіздігіміздің ордалы отыз жылдық мерейтойы аясында да бірқатар байыпты бастамалар мен ілкімді істерді жүзеге асыратын боламыз.  Басты мақсат еліміздің оның ішінде ауданымыздың дамуына қызмет жасап,  барша тұрғындарымыздың өмір сүру сапасын жақсарту болмақ. Осындай ел игілігіне арналған ортақ істе береке – бірлік танытып, қолдау көрсеткен барша жерлес азаматтарға алғысымды білдіріп, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс атқаратынымызға сенім білдіремін.

Келген жылымыз әрбір отбасыға қуаныш – шаттық сыйлап, жағымды жаңалықтар мен тағылымды істерге толы болсын.

Назарларыңызға рахмет!

Work of the akim of Shetsky district M. Mukhtarov for 2020 report of the akim of Shetsky district M. Mukhtarov on the implementation of socio-economic development programs for 2020 and upcoming tasks
Дата публикации
25 февраля 2021