2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында Қазақстанда 136 548 жеңіл автокөлік өндірілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 38%-ға жоғары.
Қыркүйек айында 19 377 жеңіл автокөлік шығарылды. Өндіріс көлемі өткен жылдың осы айымен салыстырғанда 66,4%-ға, ал ағымдағы жылдың тамыз айымен салыстырғанда 35,5%-ға көп.
Қазақстанда автокөлік өндірумен 12 кәсіпорын айналысады. Жеңіл автокөлік өндірісінің негізгі көлемі Алматы қаласы мен Қостанай облысына тиесілі. Олардың үлесі тиісінше 50,5% және 49,5%-ды құрайды.
2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында «Автокөліктер, тіркемелер және жартылай тіркемелер» санаты бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі ақшалай мәнде 1,67 трлн теңгеге жетті. Осы санаттағы өнеркәсіп өндірісінің индексі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 129,9% деңгейінде қалыптасты.
2026 жылғы қыркүйекте өндірілген өнім көлемі 198,4 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіш ақшалай мәнде 2026 жылғы тамызбен салыстырғанда 25,7%-ға, ал 2025 жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 10,5%-ға өсті.
Қазақстанда аудандық ветеринариялық зертханалар желісі жүйелі дамып келеді. Соңғы үш жылда төрт нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында Қарағанды облысында жаңадан ашылған аудандық ветеринариялық зертхана да бар, деп хабарлайды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Қарқаралы ауданында «Республикалық ветеринариялық зертхана» мекемесінің аудандық ветеринариялық зертханасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Мұнда жылына 800 мыңға дейін зерттеу жүргізуге болады.
Жаңа зертхана ветеринариялық зерттеулердің кең ауқымын жүргізуге арналған заманауи инфрақұрылыммен жабдықталған. Бұл диагностиканың жеделдігі мен сапасын арттыруға, зерттеудің қосымша әдістерін енгізуге, сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық сараптама бағытын дамытуға жол ашады.
Сондай-ақ, жануарлардың жұқпалы ауруларының алдын алуға және оларды ерте анықтау жұмыстарын күшейтуге, қажетті зерттеулерді жедел жүргізуге және ветеринариялық-санитариялық шараларды уақтылы қабылдауға мүмкіндік зор. Заманауи зертханалық база жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін бақылауды да кеңейтеді.
Ветеринариялық зертханалық инфрақұрылымды дамыту – ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Ветеринарияны дамытудың кешенді жоспары аясында зертханаларды жаңғыртуға, диагностиканың сапасын арттыруға және ветеринариялық бақылау жолдарын арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда.
2024 жылы Павлодар облысындағы Екібастұз және Абай облысындағы Абай аудандық ветеринариялық зертханалары іске қосылды. Биыл Ақтөбе облысындағы Байғанин аудандық ветеринариялық зертханасы жұмысы жолға қойылады. Қарқаралы ауданындағы нысанмен қосқанда соңғы үш жылда іске қосылған жаңа аудандық ветеринариялық зертханалардың жалпы саны төртке жетті.
Зертханалар желісін кеңейту жұмыстары жалғасуда. Аудандық ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 2026–2027 жылдары Алматы облысындағы Нарынқол, Шығыс Қазақстан облысындағы Катонқарағай, сондай-ақ Абай облысындағы Ақсуат аудандық ветеринариялық зертханаларын іске қосу жоспарлануда.
Қазақстан халқын газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу үшін Энергетика министрлігі магистральдық газ тасымалдау инфрақұрылымын, өңірлік желілерді және газ ресурстық базасын кешенді түрде дамытуды көздеп отыр, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Өңірлерді газбен қамтуды одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретін негізгі жобалар:
- «Ишим – Астана». Жоба солтүстік өңірлерді газдандыру үшін стратегиялық маңызға ие. Оның іске асырылуы Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын сенімді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
- «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының екінші желісі. Жоба газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін арттырып, елдің оңтүстік және орталық өңірлеріндегі өсіп келе жатқан газға деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді;
- КС-14 – Қостанай магистральдық газ құбыры. Ақтөбе облысындағы КС-14 компрессорлық станциясынан Қостанай қаласына дейін газ құбырын салу, сондай-ақ КС-14 алаңында жаңа компрессорлық цех құрылысы көзделеді. Жоба Қостанай облысын сенімді газбен қамтамасыз етіп, солтүстік өңірлерді одан әрі газдандыруға қосымша мүмкіндік береді;
- «Талдықорған – Үшарал». Ұзындығы шамамен 302 шақырым болатын газ құбыры Жетісу облысының елді мекендерін газбен қамтамасыз етіп, газдандыруды одан әрі 84 елді мекенге дейін кеңейтуге мүмкіндік берді. Жоба 2025 жылы пайдалануға берілд;
- өңірлік газдандыру жобалары. Алматы, Түркістан, Қызылорда, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды және басқа да облыстарда жеткізуші және тарату газ желілерінің құрылысы жалғастырылады.
Бұл жобаларды іске асыру еліміздің газбен қамту жүйесінің құрылымын айтарлықтай өзгертуге мүмкіндік береді.
Осылайша, магистральдық және өңірлік инфрақұрылымды дамыту газбен жабдықтаудың сенімділігін арттырып, газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін ұлғайтуға және жекелеген өңірлердің бір ғана бағытқа немесе газ көзіне тәуелділігін төмендетуге мүмкіндік береді.
Аталған жобаларды кешенді түрде іске асыру Қазақстандағы газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізудің маңызды шарттарының бірі болып табылады.
Қарағандыда энергетикалық нысандарды тексеру барысында ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі.
Дрондарды пайдалану электр беру әуе желілерін, ғимараттар мен құрылыстарды, түтін мұржаларын және басқа да қолжетімділігі қиын учаскелерді көзбен шолып тексеруге мүмкіндік береді.
Аэрофото және бейнетүсірілім жабдықтардың техникалық жай-күйін егжей-тегжейлі бағалауға, ақаулар мен ықтимал тәуекелдерді уақтылы анықтауға, сондай-ақ тексеру нәтижелерін кейінгі талдау үшін тіркеуге мүмкіндік береді.
Заманауи технологияларды қолдану мемлекеттік энергетикалық бақылаудың жеделдігі мен тиімділігін арттырып, өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының сенімді жұмысын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қазақстанда жолаушылар пойыздарын спутниктік интернетпен жабдықтау бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. Жоба Мемлекет басшысының цифрлық инфрақұрылымды дамыту, заманауи технологияларды енгізу және жолаушылар тасымалының сапасын арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында жүзеге асырылуда, деп хабарлайды ҚР Көлік министірлігі.
Төмен орбиталы OneWeb және Starlink спутниктік жүйелерін пайдалану бойынша алғашқы сынақ жобалары 2025 жылы Астана – Алматы, Астана – Өскемен, Астана – Бурабай, Астана – Семей және Алматы – Маңғышлақ бағыттарында жүзеге асырылды. 2026 жылы жоба кең көлемде іске асыру кезеңіне өтті.
Қазір спутниктік интернет жолаушылар көп қатынайтын бірқатар бағыттарда қолжетімді. Атап айтқанда, Нұрлы жол – Алматы, Нұрлы жол – Өскемен, Нұрлы жол – Орал, Нұрлы жол – Петропавл, Алматы-2 – Өскемен, Қызылорда – Семей, Ақтөбе – Алматы-1, Маңғыстау – Ақтөбе, Орал – Маңғыстау, Ақтөбе – Қазалы, Ақтөбе – Атырау және Павлодар – Алматы бағыттарында интернетке қосылуға болады.
2026 жылғы 8 қыркүйектегі жағдай бойынша Starlink спутниктік интернеті 31 бағытта қатынайтын 59 пойыз құрамында қолжетімді. Бұл 770-тен астам вагонды қамтиды. Қыркүйек айының соңына дейін 50 бағыттағы 124 пойыз құрамын, яғни 1 235 вагонды спутниктік интернетпен жабдықтау жоспарланып отыр.
Спутниктік интернеттің енгізілуі жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен сапар жайлылығын арттыруға, сондай-ақ, пойыздарда заманауи цифрлық орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Енді пойыздағы уақытты тек жол жүруге жұмсау міндетті емес. Жолаушы сапар барысында жақындарымен байланысып, жұмыс мәселелерін шеше алады, онлайн оқи алады, мемлекеттік және банктік қызметтерді пайдаланып, қажетті интернет сервистеріне қол жеткізе алады.
Спутниктік байланыс арнасы арқылы интернетке қосылу жылдамдығы секундына 100 Мбитке дейін жетеді. Төмен орбиталы спутниктік технологияны пайдалану теміржол желісінің шалғай учаскелерінде де интернетке қосылуға мүмкіндік береді. Мұндай аумақтарда дәстүрлі жерүсті байланыс желілерінің қамту аймағы шектеулі.
Жолаушыларға интернетті пайдаланудың тегін базалық пакеті ұсынылады. Оның аясында WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламалар алмасуға қосымша ақы алынбайды. Ал интернеттегі басқа да сервистерді кеңінен пайдаланып, трафик көлемін ұлғайтқысы келетін жолаушыларға қосымша тарифтік пакеттер ұсынылған.
Спутниктік интернеттің енгізілуі пойыздарда мультимедиялық, ақпараттық және өзге де цифрлық сервистерді дамытуға мүмкіндік беретін технологиялық негіз қалыптастырады.
2 қыркүйектен бастап Қарағанды облысындағы 120 камера кешені жылдамдықты арттыру деректерін ғана емес, көлік жүргізу кезінде ұялы телефонмен сөйлесетін және қауіпсіздік белдігін тақпаған жүргізушілерді де тіркей бастайды. Ереже бұзғандарға айыппұл автоматты түрде салынады.
Полиция департаменті көлік жүргізу кезінде телефон қолдану жүргізушінің назарын бөліп, жол-көлік оқиғасына ұрыну қаупін арттыратынын ескертеді. Ведомство мәліметінше, көлік сағатына 60 шақырым жылдамдықпен қозғалып келе жатқанда экранға небәрі бес секунд назар аударудың өзі 100 метр қашықтықты «көз жұмып» жүріп өткенмен тең.
Ал қауіпсіздік белдігін тағу жол-көлік оқиғасы болған жағдайда жарақат пен өзге де зардаптардың ауырлығын азайтуға мүмкіндік береді.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жолдағы қауіпсіздік әр адамның жауапкершілігіне байланысты екенін еске салды.
Қарағанды облысында ауқымды «Солтүстік Қатпар» вольфрам жобасын практикалық тұрғыдан іске асыру ресми түрде басталды. Жоба Қазақстанда шикізатты өндіруден бастап, оны терең өңдеп, жоғары технологиялық өнім шығаруға дейінгі жаңа өндірістік тізбекті қалыптастыруға негіз болады.
Кен орнында дайындық жұмыстары екінші ай қатарынан жүріп жатыр. Қазіргі таңда өндірістік алаңдар жасақталып, кірме жолдар мен далалық инфрақұрылым нысандарының құрылысы жүргізілуде. Геодезиялық жұмыстар да қатар атқарылып жатыр.
Сонымен бірге жобаның түпкілікті техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Оны 2027 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
– Бүгін Қарағанды облысы үшін де, бүкіл еліміз үшін де маңызы зор жобаға – әлемдегі ең ірі вольфрам кен орындарының бірі саналатын «Солтүстік Қатпар» және «Жоғарғы Қайрақты» кен орындарын игеруге бастау беріп отырмыз. Жоба шетелдік инвестициялардың келуіне жол ашып қана қоймай, Шет ауданының экономикалық дамуына да елеулі серпін береді. Кәсіпорын пайдалануға берілгеннен кейін 1200 жаңа жұмыс орны ашылады, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев.
Cove Kaz Capital Group компаниясының бас директоры Доминик Хитон инвестор алдына қойылған міндеттердің ауқымына тоқталды.
«Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ инвестициялар және стратегия жөніндегі бас директоры Данияр Ыдырысовтың айтуынша, серіктестер кен өндіруден бастап, металлургиялық қайта өңдеуге және қосылған құны жоғары вольфрам өнімдерін шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қалыптастыруды көздеп отыр.
Жоба халықаралық әріптестіктің нақты үлгісіне айналып, Қазақстанға инвестициялар мен озық технологияларды тартуға, сондай-ақ өнеркәсіптің жаңа бағыттарын дамытуға тың мүмкіндіктер ашуға тиіс.
Екі кен орнын игеруге және қажетті тау-кен өндірісі мен қайта өңдеу инфрақұрылымын құруға салынатын инвестицияның жалпы көлемі шамамен 1,1 млрд доллар деп бағаланып отыр.
Қолда бар бағалауларға сәйкес, екі кен орны жылына шамамен 12 мың тонна вольфрам өнімін өндіре алады. Бұл қазіргі әлемдік вольфрам өндірісінің шамамен 15 пайызына тең.
Жоба аясында кенді өндіру мен байытып қана қоймай, оны Қазақстан аумағында терең өңдеу көзделіп отыр. Осылайша, елімізде стратегиялық маңызы бар минералдар секторында шикізатты өндіруден бастап, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығаруға дейінгі жаңа өндірістік тізбек құрылады.
Қолданыстағы жоспарға сәйкес, негізгі құрылыс жұмыстары 2028 жылы басталуы мүмкін. Ал нысанды іске қосу-баптау жұмыстары 2029 жылы жүргізіледі деп жоспарланған.
Қарағанды облысы биылғы жылдың алғашқы төрт айында өнім экспортын 27%-ға ұлғайтты. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауарларының шетел нарықтарына жеткізу көлемі де айтарлықтай артты. Бұл туралы өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары талқыланған Үкімет отырысында мәлімдеді.
Премьер-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдаудың негізгі тетіктері қалыптастырылған.
— Қабылданып жатқан барлық шаралар бәсекеге қабілетті отандық өндірісті құру мен дамытуға бағытталған. Мұндай тәсілді әлемнің барлық дамыған экономикалары қолданады – субсидиялар беруден бастап, тауарларды әлемдік нарықтарға ілгерілетуге дейін. Біз де осы саясатты ұстанамыз. Оның оң нәтижесі де айқын көрініп отыр. Мәселен, бүгінде Қазақстан ішкі нарықты негізгі азық-түлік тауарларымен толық қамтамасыз етіп отыр. Жылдың алғашқы жартысында өндіріс көлемі шамамен 10%-ға өсті. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты да тұрақты өсуде. Бұл экономика салаларын кешенді мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды, — деді Олжас Бектенов.
Қарағанды облысында жергілікті кәсіпорындарды қолдау басым бағыттардың бірі болып қала береді. Жыл соңына дейін өңір билігі жалпы сомасы 70 млрд теңгені құрайтын кемінде 1000 шағын және орта бизнес жобасын қаржыландыруды жоспарлап отыр. Инвесторларды тарту мақсатында өңірлік тауар өндірушілердің тізімі жасақталып, облыстың инвестициялық тартымдылығы жөніндегі арнайы гид әзірленді.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, бүгінде өңірде өнімдерін Қытай, Түркия, Біріккен Араб Әмірліктері, Ұлыбритания, Ресей және Өзбекстанды қоса алғанда, әлемнің 40 еліне экспорттайтын 100-ден астам кәсіпорын жұмыс істейді. Қаңтар–сәуір айларының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 1,2 млрд АҚШ долларына жетті.
Экспорт көлемін одан әрі ұлғайту үшін өңірде инвестициялық жобалар іске асырылып, шығарылатын өнім түрлері кеңейтілуде.
— Оң серпінді сақтап, одан әрі күшейту үшін инвестициялық жобаларды белсенді жүзеге асырып, өндірілген өнімнің өткізу нарықтарын кеңейтіп келеміз. Биыл 44 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен экспортталатын өнім номенклатурасы ұлғаяды. Облыста алғаш рет жылу оқшаулағыш материалдар, жүк және жеңіл автомобильдер, клинкер плиткалары, тау-кен металлургия кешеніне арналған ірі габаритті бұйымдар және басқа да өнімдер өндіріле бастайды, — деп баяндады Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңір басшысы мысал ретінде Саран индустриялық аймағында өндіріс ашқан «ТЭМПО Қазақстан» компаниясын атады. Бірнеше айда жұмысын жолға қойған кәсіпорын металл конструкциялары мен су құбыры желілерін салуға арналған болат тік тігісті құбырлар шығарады. Компания өнімі қазірдің өзінде Өзбекстан мен Қырғызстанға экспортталуда.
Қарағанды облысында орта білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылына дайындау жұмыстары жалғасуда. Биыл 18 мектепте күрделі жөндеу жүргізілсе, тағы 124 білім беру ұйымында ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Барлық жұмысты 1 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.
Күрделі жөндеу барысында мектептердің шатырлары жаңартылып, терезелері ауыстырылады, жылу беру, желдету жүйелері мен инженерлік желілер жаңғыртылады. Сонымен қатар спорт залдары мен асханалар жөнделіп, мектеп аумақтары абаттандырылады. Атқарылатын жұмыстардың көлемі әр нысанның техникалық жай-күйіне қарай айқындалады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мүмкіндігі шектеулі балалар мен жүріп-тұруы қиын өзге де азаматтар үшін кедергісіз орта жасау мақсатында мектептерде пандустар орнатылып, есік ойықтары кеңейтіледі, санитарлық тораптар бейімделіп, тактильді бағыттаушы жолақтар төселеді.
Сонымен қатар білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Өткен оқу жылында білім беру ұйымдары үшін химия, биология, физика, STEM бағыттары және робототехника бойынша 78 заманауи пәндік кабинет сатып алынып, орнатылды. Соның нәтижесінде мектептердің заманауи оқу кабинеттерімен жабдықталу деңгейі 85 пайыздан 91 пайызға дейін өсті.
Өңірде жаңа мектептердің құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Қарағанды қаласында Федоровкадағы апатты жағдайдағы №44 мектептің орнына 300 орындық жаңа мектеп салынуда. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тағы төрт мектептің құрылысы аяқталу кезеңіне жетті. Оның бірі Қарағанды қаласындағы «Жаңа аудан» («Таугүл») шағынауданында орналасса, қалған үшеуі Бұқар жырау ауданындағы Доскей ауылында, Нұра станциясында және Үштөбе ауылында бой көтеруде.
Жалпы алғанда, жаңа білім беру ұйымдары 2400 оқушы орнына есептелген. Оларды пайдалануға беру жұмыс істеп тұрған мектептерге түсетін жүктемені азайтып, балалардың сапалы білім алып, заманауи әрі жайлы жағдайда оқуына мүмкіндік береді.
Қарағандылық шебер Гүлжан Әбдіқашеваның авторлық керамикалық бұйымдары бүгінде тек Қазақстанда ғана емес, Жапонияда да сатылуда. Сондай-ақ оның туындылары Корея, Түркия және Қытай елдеріндегі көрмелерде ұсынылған.
Ал Гүлпахат Құттыбаеваның киізден жасаған бұйымдары Түркия, Франция, Италия және АҚШ нарықтарынан өз тұтынушыларын тапты.
Кәсіпкерлер мұндай нәтижелерге «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысу арқылы қол жеткізді.
Бағдарламаның тиімділігі туралы аппараттық кеңесте «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов айтып берді.
Бүгінде жобаға қатысушылардың өнімдері ішкі нарыққа да сәтті шығарылуда.
Кәсіпкер Жаннара Батырханова SAU SUPERFOOD брендімен пайдалы өнімдер шығарып, оларды Астана қаласына жеткізеді.
Жанар Қантарбаева ірімшік өндіретін цех ашып, жаңа жұмыс орындарын құрды. Оның сүт өнімдері Қарағанды мен елордада сатылымға шығарылуда.
Дәмелі Ермекова ұлттық қолөнерге арналған тауарлардың жеке брендін дамытып, өнімдерін маркетплейстер, көрмелер мен жәрмеңкелер арқылы өткізуде.
— Жобаның өңірдегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпалы айқын байқалады. Қатысушылар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, өндіріс көлемін кеңейтуде, өнім сапасы мен қаптамасын жақсартуда, жаңа жұмыс орындарын ашып, жаңа нарықтарға шығуда. Сонымен қатар керамика, киіз бен жүннен жасалған бұйымдар, сүт өнімдері, пайдалы тағамдар және ұлттық қолөнер туындылары Қарағанды облысының өңірлік брендтеріне айналып келеді, — деді Ернар Күлпейісов.
Биыл жобаға 62 өндіруші қатысуда. Қазіргі уақытта сарапшылар он финалисті анықтап жатыр. Алдағы уақытта оларға өнімдерін сертификаттаудан өткізуге, тауар белгісін тіркеуге, заманауи қаптама әзірлеуге, сауда желілері мен маркетплейстерге шығуға көмек көрсетіледі. Қажет болған жағдайда кәсіпкерлерге технологиялық сүйемелдеу де ұсынылады.