Біздің еліміз ГРЕКО-ға кіру үшін 10 жылдам астам уақыт жұмыс істеді. Бұл жұмыс сонау 2009 жылы басталған болатын.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылдың 15 қазанында Страсбург қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлік Шпекбаев пен Еуропа Кеңесінің бас хатшысының орынбасары Габриэлла Баттаини-Драгони тиісті келісімге қол қойды. Келісімді ратификациялау туралы заң жобасын парламенттің екі палатасы да мақұлдады және 2019 жылғы 30 желтоқсанда мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойды. Қол қойылған сәттен бастап Қазақстан ГРЕКО-ның жаңадан кірген 50-ші мүшесі болды.
Еуропа Кеңесінің сарапшылары сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға және жалпы біздің еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың әлемнің ең үздік тәжірибелеріне және халықаралық нормативті құқықтық актілерге сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргізетін болады.
Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының озық тетіктері мен тәжірибелері осы ұйымға кірген өзге де елдерге таратылады.
Еуропа Кеңесінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттер тобы (ГРЕКО) озық еуропалық стандарттардың негізінде мүше-елдердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын жетілдіру мақсатында 1999 жылы құрылды. ГРЕКО 49 мемлекеттің, оның ішінде АҚШ, Великобритания, Германия, Франция, Швеция, Норвегия сияқты және тағы басқа мемлекеттердің басын біріктірген. Посткеңестік мемлекеттердің ішінде ГРЕКО-ға Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Украина, Молдова, Беларусь мемлекеттері кірген.
«Шахтинск қаласы әкімінің аппараты» ММ
мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы,
әдеп жөніндегі уәкілі А. Майдина