Заманауи қазақстандық қоғамда қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білу адамның жеке және кәсіби қызметінің ажырамас бөлігі болып келеді. Жан-жақты дамыған жеке тұлғаны, өзінің және өзгенің мәдениетін құрметтей білетін бәсекеге қабілетті маман тәрбиелеу үшін көптілділікті енгізу қажет.
Үш тілді білу – жемісті мансапқа қол жеткізудің кепілі. Шет тілдерді меңгеру іскерлік, әріптестік ынтымақтастық машықтарының қалыптасуына, еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілікті арттыруға ықпал етеді. Көп тілді білу өмірде де көп жетістікке жеткізеді, ол басқа адамдарға қарағанда бір саты жоғары тұруға, қарым-қатынас жасау кеңістігін неғұрлым кеңейтуге, өзге халықтардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің ерекшеліктерімен танысуға мүмкіндік береді.
Тұңғыш Президентіміз Н. Назарбаев атап өткендей үш тілді білу заман талабы. Адам неше тілде өз ойын еркін жеткізе алатын болса, ол сол адамның соншалықты білімді және мәдениетті екенін көрсететін көрсеткіш, ал кей елдерде қонақжайлылық көрсеткіші де болып табылады.
Тіл қарым-қатынас құралы бола тұра, баланы жеке тұлға ретінде қалыптастырады. Өзге халықтардың тілдерін меңгере отыра, бала ол тілде сөздерді және оның мағынасын ғана меңгеріп қоймайды, сол халықтың мәдениетімен, салт-дәстүрімен, әдеп-ғұрпымен, олардың халық ауыз әдебиетімен, ұлттық ойындарымен терең таныса түседі. Алуан түрлі әлемдік мәдениетті тану арқылы адамда Отанға деген сүйіспеншілік, азаматтық патриотизм, өзіңнің туған еліңе және өзіңнің ана тіліңе деген мақтаныш қалыптасады.
Бірнеше тілді білу бізді рухани байыта түседі және адамның қарым-қатынас жасау ортасын кеңейтеді.
«Шахтинск қаласы әкімінің аппараты» ММ әдеп жөніндегі уәкілі, мемлекеттік –құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы А. Майдина