Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексы

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексы

 

«Жаңа Қазақстанды» құруда еліміздің мемлекеттік қызметшілерінің рөлі зор. Мемлекет басшысы «мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талап өте жоғары болуға тиіс» деп айтқан болатын және де мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңаша көзқарас қажет екенін және мемлекеттік қызмет жүйесі іс жүзінде сервистік сипат алып, клиентке бағдарлануы үшін түбегейлі өзгерісті талап ететінін атап өткен болатын.

Осыған байланысты, тәртіптік жауапкершілікті және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру, дамыту мақсатында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен Қазақстан мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.

Жаңа Әдеп кодексі мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру үшін негіз болады.

Жаңа Кодекстің мемлекеттік қызмет ұсынуда ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша басым талаптар көзделген, соған байланысты Кодекстің құрылымына өзгерістер енгізілді, жаңа тарау пайда болды – «Мемлекеттік қызметтің этикалық қағидаттары». Осыған сәйкес мемлекеттік қызметшілердің қызметтік этикасы алты қағидатқа негізделеді. Бұл:

1) адал ниеттілік – қоғам игілігі үшін мемлекетке кәсіби және жауапты қызмет ету;

2) адалдық – өз міндеттеріне шынайы көзқарас;

3) әділдік – жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық топтар мен ұйымдардың ықпалына қарамастан заңды шешім қабылдау және кез келген мән-жайлар бойынша біржақтылық пен субъективтілік себебінен адамдарды кемсітуге жол бермеу;

4) ашықтық – жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсету және өз іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету;

5) сыпайылық – азаматтар мен әріптестерге дұрыс және құрметпен қарау;

6) клиентке бағдарлану – мемлекеттік қызметтерді тұтынушы ретінде халықтың сұраныстарына толықтай бағдарлай отырып, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және жолданымдарды қарау кезiнде төрешiлдiк көрiнiстерiне және әуре-сарсаңға салуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.

Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Тәртіптік жаза қолдану қағидаларында қызметтік тергеу жүргізу, дискомиссия материалдарын қарау тәртібі және дискомиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімдері нақтыланды.

Кодекс қызметтік әдепті бұзудың профилактикасы бойынша үйлестіруді жүзеге асыратын органдарды айқындайды. Осы мақсатта Әдеп жөніндегі уәкілдердің, Әдеп жөніндегі комиссиялар мен кеңестердің бұзушылықтардың алдын алу және олардың профилактикасы жөніндегі жұмысы жандандырылатын болады.

Шахтинск қаласында Әдеп жөніндегі уәкіл қызметін «Шахтинск қаласы әкімінің аппараты» ММ мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің басшысы Асия Исмагуловна Майдина жүзеге асырады.

Мемлекеттік қызметшілер қызметтік әдеп нормаларын бұзған жағдайда әдеп жөніндегі уәкілге 8(72156)54438 телефоны бойынша хабарласа аласыз.

 

«Шахтинск қаласы әкімінің аппараты» ММ мемлекеттік-құқықтық жұмыс

бөлімінің басшысы,Әдеп жөніндегі уәкіл А. Майдина

 

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексы
Дата публикации
27 мая 2022