«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы № 2592 Конституциялық заңының 21-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына, 25-бабына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық Заңының 24, 25, 26, 26-1-баптарына сәйкес Орталық референдум комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1.Жергілікті атқарушы органдар:
1) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Дауыс беруге арналған сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы № 11/197 қаулысына сәйкес республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін қалыптастыруды қамтамасыз етсін;
2) республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізімдеріне енгізуді тексеру бойынша ақпараттық сервистерді (Call-орталықтар, цифрлық сервистер, интернет-ресурстар) әзірлесін және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етсін, осы сервистердің жұмысы туралы азаматтарды ақпараттандыруды жүргізсін;
3) дауыс берудің басталуына жиырма күн қалғанда референдумның әрбір учаскесі бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін белгіленген тәртіппен тиісті комиссияларға акт бойынша ұсынуды қамтамасыз етсін.
2.Аумақтық референдум комиссиялары:
1) жергілікті атқарушы органдардың акт бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін уақтылы беруін бақылауды қамтамасыз етсін;
2) жергілікті атқарушы органдардан республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін алған күннен бастап екі күн мерзімде оларды электрондық түрде Орталық референдум комиссиясына берсін;
3) белгіленген тәртіппен танысу үшін республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін учаскелік референдум комиссияларының уақтылы ұсынуын бақылауды қамтамасыз етсін.
3.Учаскелік референдум комиссиялары:
1) дауыс берілетін күнге он бес күн қалғанда тиісті учаскелік референдум комиссияларының үй-жайларында танысу үшін республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін ұсынсын;
2) республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтарды тізімдерге енгізу, олардан алып тастау не азаматтардың тізімдеріне түзетулер енгізу қажеттігі туралы өтініштер референдум комиссиясына өтініш келіп түскен күні қаралуға тиіс;
3) республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне өзгерістер енгізілген жағдайда бұл туралы жоғары тұрған референдум комиссиясын дереу ақпараттандыру қажет.
4.Осы қаулы Орталық референдум комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылсын және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдеріне, аумақтық референдум комиссияларына орындау үшін жолдансын.
5.Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Төраға |
Н. Әбдіров |
|
Хатшы |
М. Ерман |
Нұр-Сұлтан қаласы,
2022 жылғы 6 мамыр,
№ 33/487