Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылғы 24 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына қол қойды. Заң 2021 жылғы 4 маусымда күшіне енді. Осы өзгерістерге сәйкес, Қазақстан Республикасының азаматтары аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің және ауылдық округтердің әкімдерін сайлауға құқылы.
Аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімін кемінде жиырма бес жастағы Қазақстан Республикасы азаматтарының арасынан тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің халқы жасырын дауыс беру арқылы тікелей құқық негізінде төрт жыл мерзімге қызметке сайлайды.
Бір адам қатарынан екі реттен артық әкім болып сайлана алмайды. Кандидаттың Қазақстан Республикасының азаматтығы болуы және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне тексеруден өтуі тиіс.
Егер мерзім аяқталатын күнге жергілікті қоғамдастық жиналысының келісімі бойынша екіден кем кандидат ұсынылса, өз мүшелері арасынан саяси партиялар, азаматтар – өзін-өзі ұсыну тәртібімен аумақтық сайлау комиссиясына дауысқа түсу ниеті туралы өтініш беру арқылы, сондай-ақ қала (облыстық маңызы бар) әкімі кандидатты ұсынуды жүргізеді. Кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, дауыс беруге құқығы бар сайлаушылардың жалпы санының кемінде бір пайызы дауыс беруі тиіс. Саяси партия ұсынған кандидатты қоспағанда, кандидат өз қаражатынан ең төменгі жалақының бір еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын төлейді. Саяси партиялар сайлау жарнасын өз қаражатынан төлейді.
Бұдан әрі кандидат пен оның зайыбы (жұбайы) тіркелгенге дейін мемлекеттік органдарға активтері мен міндеттемелері туралы декларация ұсынады. Қалалық сайлау комиссиясы тіркеуге құжаттар келіп түскен сәттен бастап кандидаттың құжаттарын арнайы тексеру үшін ұлттық қауіпсіздік органдарына жібереді. Кандидатты тіркеу сайлау өткізілетін күннен он күн бұрын аяқталады. Дауыс беру күні таңғы сағат 7-ден кешкі 20-ға дейін созылады.
Облыстық, қалалық сайлау комиссиялары сайлауды әзірлеу мен өткізуді ұйымдастыратын сайлау органдары болып табылады.
Қалалық сайлау комиссиясының төрағасы
К. Омаров