«Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Aqua» шаруашылық жүргізу
құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының
жер учаскесіне жария сервитут белгілеу туралы»
Осакаров ауданының әкімдігінің
қаулының жобасы баспасөз релиз
Осакаров ауданы әкімдігінің «Астана қаласы әкімдігінің «Elorda Aqua» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының жер учаскесіне жария сервитут белгілеу туралы» қаулысының жобасы Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 17-бабының 5-1) тармақшасына, 69-бабына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабы 1-тармағының 10) тармақшасына сәйкес әзірленді.
Жоба маңызды инфрақұрылымдық жобаны — Қ.И. Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін магистральдық су құбырын салуды іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған. Ол үшін Осакаров ауданы шегінде орналасқан жер учаскелеріне жария сервитут құқығын уақытша беру жоспарлануда.
Осы қаулыны қабылдаудың мақсаты Қ.И. Сәтбаев атындағы каналдан Астана қаласына дейін су құбырын тарту мақсатында 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге жер учаскелерін алып қоймай орналастыру схемасына сәйкес шекара шегінде жер учаскелерін шектеулі пайдалану (жария сервитут) құқығын беру болып табылады.
Сервитут жалпы ауданы 188,2739 га жер учаскелерін қамтиды. жер учаскелері мынадай ауылдық округтердің аумағында орналасқан: Озерный, Есіл, Пионерский, Қарағайлы және Ақбұлақ. Жер пайдаланушыларға уақытша өтеулі ұзақ мерзімді жер пайдалану құқығы негізінде ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын шаруа және фермер қожалықтары, сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жатады.
Жария сервитут тек су құбырын төсеу мақсатында белгіленеді және жер учаскелерін меншіктен немесе жер пайдаланудан алуды көздемейді.
Меншік иелері мен жер пайдаланушылардың сервитутты белгілеуге байланысты шеккен барлық шығындары Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген тәртіппен толық көлемде өтелетін болады.
Осы қаулыны қабылдау жергілікті бюджет қаражатынан қаржылық шығындарды көздемейді.
Қаулы жобасы ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылуға жатпайды.
Қаулы жобасы 2025 жылғы 20 мамырда Осакаров ауданы әкімдігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылды.
Әкімдіктің қаулысын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және / немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды.