GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Онлайн қабылдау
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Әкім аппараты
Все материалы
Мемлекеттік қызметтер
30 сентября 2026
eGov Mobile қосымшасындағы «Заң мен тәртіп» сервисінің ауқымды жаңартылуы

eGov Mobile мобильді қосымшасында «Заң мен тәртіп» сервисі ауқымды жаңартылды. нді ол құқық қорғау саласындағы мемлекеттік қызметтерді, цифрлық сервистер мен ақпараттық материалдарды біріктіретін бірыңғай цифрлық витрина ретінде ұсынылады.

Жаңартылған бөлімдерде пайдаланушыларға мемлекеттік қызметтер, дербес деректерді қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған сервистер, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ақпараттық материалдары мен сервистері қолжетімді.

Бірінші бөлімде пайдаланушыларға келесі цифрлық сервистер ұсынылған:

  • полиция қызметтеріне жүгінуге арналған «102» сервисі. Ол арқылы оқиға, тұрмыстық зорлық-зомбылық, жол-көлік оқиғасы, жол қозғалысы ережелерін бұзу және басқа да жағдайлар туралы хабарлауға болады;
  • дербес деректердің таралып кеткені туралы фактілерді тексеруге арналған «Nomad Guard» сервисі;
  • тауарлардың таңбалануын тексеруге арналған «Naqty Оnim» сервисі;
  • қарыздар мен микрокредиттерден бас тарту және басқа да цифрлық шешімдер.

Аталған сервистердің барлығы eGov Mobile қосымшасындағы «Сервистер» бөлімінен шығарылып, жаңартылған «Заң және тәртіп» витринасына орналастырылды.

««Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ командасы цифрлық сервистер мен мемлекеттік қызметтерді тұрақты түрде жетілдіріп, оларды азаматтарға барынша ыңғайлы, қолжетімді әрі олардың қажеттіліктеріне бағдарланған ету бағытында жұмыс істеп келеді. «Заң мен тәртіп» сервисінің ҚР Бас прокуратурасы, Ішкі істер министірлігімен бірлесіп іске асырылған жаңартылуы осы жұмыстың келесі кезеңі болды. Сервис 2025 жылғы маусым айында іске қосылды және сол уақыттан бері шамамен 1,4 млн рет пайдаланды. Бұл оның сұранысқа ие екенін және маңыздылығын көрсетеді», – деп атап өтті «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.

Бұдан әрі құқық қорғау қызметі саласындағы ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер ұсынылған. Олардың қатарында соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама алу, шетелге шығуға тыйым салынғанын тексеру, адамның сыбайлас жемқорлық қылмысын жасағаны туралы мәліметтер беру, әкімшілік айыппұлдарды іздеу және төлеу және т.б. бар.

Жеке бөлім Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ақпараттық материалдары мен цифрлық сервистерін қамтиды. Бөлімде құқықтық статистикаға қатысты материалдар, хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеу сервисі, құқық бұзушылық туралы арыздың тіркелгенін тексеруге арналған сервис және басқа да ақпараттық құралдар орналастырылған.

«Заң мен тәртіп» қағидаты Мемлекет басшысы тарапынан стратегиялық бағыт ретінде айқындалған. Оны дамыту мақсатында Үкімет қаулысымен 2025–2030 жылдарға арналған қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету тұжырымдамасы бекітілді.

Жаңартулар ҚР Ішкі істер министрлігі, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және ҚР Бас прокуратурасының бірлескен жұмысының арқасында іске асырылды.

10 сентября 2026
БЖЗҚ ТУРАЛЫ ӨЗЕКТІ САУАЛДАР

БЖЗҚ ТУРАЛЫ ӨЗЕКТІ САУАЛДАР



1.Әлеуметтік кодекске енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін азаматтардың зейнетақы жинақтарымен не болмақ? Олардың сақталуына кепілдік беріле ме? Бұл кепілдік немен қамтамасыз етіледі?



Әлеуметтік кодекстің 217-бабында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мемлекет зейнетақы төлемдерін алушыларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы міндетті зейнетақы жарналарының, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты енгізілген міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мөлшерінде сақталуына кепілдік береді» деп көзделген.

Мемлекеттің зейнетақы активтерінің сақталуына беретін кепілдігі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) мен инвестициялық портфельді басқарушылардың (ИПБ) қызметін реттеу, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (Ұлттық банк, ҚРҰБ) де, ИПБ-лардың да инвестициялық қызметіне қойылатын талаптарды белгілеу, зейнетақы активтерін орналастыру кезінде оларды әртараптандыру және тәуекелдерді төмендету жөніндегі талаптарды сақтау, сондай-ақ басқа да реттеуші нормалар арқылы қамтамасыз етіледі.

Жалпы алғанда, жинақтаушы зейнетақы жүйесі және қазақстандықтарды зейнетақымен қамсыздандыру мәселесі мемлекеттік реттеу, бақылау мен жауапкершілік аясында қала береді.



2. Зейнетақы активтерін кім басқарады?



Зейнетақы активтерін инвестициялауды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚР ҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сәйкес келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Зейнетақы жинақтарын осындай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – оларды түрлі қаржы құралдарына инвестициялау және инвестициялық кіріс алу.

Зейнетақы активтерін басқаратын ҚР ҰБ мен ИПБ-лардың өздерінің инвестициялық стратегиялары бар және олар инвестициялық декларация шеңберінде инвестициялық портфельдің құрылымын дербес айқындайды.

ИПБ-лардың қолданыстағы тізіліміне қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарын басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді: «Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы зерделеуге болады.



3. Заңнамалық өзгерістерде міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беру мүмкіндігі көзделген. Бұл механизм қалай жұмыс істейді?



Әлеуметтік кодекстің 40-бабына сәйкес салымшыларға өздерінің зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның басқаруына беру және/немесе оларды Ұлттық Банктің басқаруында қалдыру туралы шешімді дербес қабылдау құқығы берілген.

2026 жылғы қыркүйекте салымшылардың инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейтін заңнамалық өзгерістер де күшіне енеді. Егер қазіргі уақытта салымшылар міндетті зейнетақы және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейін, ал ерікті зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін ИПБ-ның басқаруына бере алатын болса, күзден бастап олар ерікті зейнетақы жинақтары сияқты міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен қалыптастырылған жинақтарын да толық көлемде ИПБ-ның басқаруына бере алады.

Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны, сондай-ақ түрлі инвестициялық портфельдерді, яғни зейнетақы активтерін басқару үшін ИПБ ұсынатын инвестициялық стратегияларды өз бетінше таңдай алады. Бұл стратегиялар тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленеді.

Ақшаны ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру үшін салымшы белгіленген нысандағы өтінішті беруі қажет. Мұны электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, enpf.kz сайтындағы жеке кабинеті, invest.enpf.kz интернет-платформасы арқылы немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып жасауға болады.



4. Зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның басқаруына берудің тиімділігі қандай? Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан таба алады? Басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылауға болады?



Зейнетақы жинақтарының 100%-ына дейін ИПБ-ның басқаруына беру салымшыларға кірістілік тарихы неғұрлым үздік немесе неғұрлым агрессивті инвестициялық стратегия ұсынатын ИПБ-ны таңдау арқылы капиталды ұзақ мерзімді перспективада көбейтуге мүмкіндік береді.

БЖЗҚ – зейнетақы нарығындағы бірыңғай инфрақұрылымдық институт, оның 100% акциясы Үкіметке тиесілі. Салымшылардың өз жинақтарын ИПБ-ның басқаруына беру құқығын іске асыруына байланысты БЖЗҚ-ның институционалдық міндеті де арта түсті.

БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (салымшының таңдауы бойынша ҚР ҰБ және/немесе ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады, сондай-ақ азаматтардың жинақтары туралы ақпаратты үзінді көшірмелерде тәулік бойы, яғни «24/7» режимінде толық көрсетеді.

Бұдан бөлек, БЖЗҚ салымшылары үшін заманауи цифрлық ресурс ретінде ақпараттық интернет-платформа (invest.enpf.kz) іске қосылды. Ол барлық басқарушылардың (ҚР ҰБ мен ИПБ-лардың) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік береді.

Invest.enpf.kz платформасы кірістілік туралы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ белгіленген кезеңдер аралығындағы динамикада активтерді басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша көрсеткіштерді салыстыруға болады.

Осы платформа арқылы салымшылар:

  • инвестициялық портфельдердің құрылымымен;

  • әртүрлі кезеңдердегі кірістілік көрсеткіштерімен;

  • инвестициялық құралдардың құрамымен;

  • түрлі басқарушылардың салыстырмалы сипаттамаларымен;

  • инвестициялық декларациялармен және басқару стратегияларымен таныса алады.



Сонымен қатар инвестициялық қызмет туралы ақпарат enpf.kz сайтында және invest.enpf.kz интернет-платформасында тұрақты түрде жарияланып, жаңартылып отырады.



5. Зейнетақы жинақтары сенімгерлік басқаруға берілген ИПБ-ның жауапкершілігі қалай қамтамасыз етіледі?



Салымшы зейнетақы активтерін басқаратын ИПБ-ны және инвестициялық портфельді, яғни тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілігі және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық стратегияны өз бетінше таңдауға құқылы.

Өз кезегінде, ИПБ-ға зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару бойынша заңнамада белгіленген жауапкершілік жүктеледі. ИПБ алған номиналды кірістілік пен реттеушінің талаптарына сәйкес есептелген кірістіліктің ең төменгі мәні арасында теріс айырма болған жағдайда, ИПБ бұл теріс айырманы өзінің меншікті капиталы есебінен өтейді.



Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл
24 июля 2026
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша түсіндірме әңгімелер.

Есіл ауылдық округі әкімінің аппараты» ММ маманы Осанова Г.Р. Есіл ауылдық округінің тұрғындары арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру акциясын өткізді. Іс-шара барысында тұрғындар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы ақпараттық материалдар таратылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Мемлекеттік қызметтер
Мемлекеттік қызметтер бойынша ақпарат
20 июля 2026
Жер учаскелеріне мемлекеттік актілерді беру қызметі толықтай онлайн форматқа көшеді
 
Мемлекеттік қызметтер
Мемлекеттік қызметтер бойынша ақпарат
02 июля 2026
АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

2026 жылы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжат қабылдау мемлекеттік қызметі OQU білім беру платформасына (oqu.edu.kz) көшірілді. Платформада пайдаланушы өтініш беріп, білім беру ұйымын таңдай алады және өтініштің қаралу мәртебесін қадағалай алады.

Өтінішті eGov Mobile мобильді қосымшасының «Қызметтер» бөлімі немесе eGov.kz порталы арқылы беруге болады. Екі жағдайда да пайдаланушы алдымен eGov арқылы авторизациядан өтеді. Осыдан кейін өтініш беруші OQU платформасына автоматты түрде бағытталып, өтінімді рәсімдейді. Авторизация электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ), eGov QR немесе логин мен құпиясөз арқылы жүзеге асырылады.

Өтінішті беру үшін мынадай қадамдарды орындау қажет:

  • eGov.kz порталында авторизациядан өтіңіз;
  • «Білім» бөліміне өтіп, «Колледждер» бөлімінен «Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына құжаттар қабылдау» қызметін таңдаңыз;
  • дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беріңіз. Осыдан кейін жүйе сізді oqu.edu.kz платформасына бағыттайды;
  • өтініш беруші туралы мәліметтерді толтырыңыз (қосымша телефон нөмірі, өтініш берушінің санаты және т.б.);
  • алған біліміңіз туралы мәліметтерді енгізіңіз;
  • білім беру ұйымын, мамандықты және оқу тілін таңдаңыз;
  • өтінімге қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы қол қойыңыз.

Өтінім беру тәртібі көрсетілген бейненұсқаулық сілтеме бойынша қолжетімді: https://www.youtube.com.

Өтініш қабылдау 25 маусым күні сағат 09:00-де басталады. Құжат қабылдау мерзімі дайындық бағытына қарай белгіленген. Жұмысшы біліктіліктері бойынша құжаттар 27 тамызға дейін қабылданады. 9 және 11-сынып негізінде орта буын мамандықтарына құжат қабылдау 22 тамызға дейін, шығармашылық мамандықтарға 20 шілдеге дейін жалғасады. 9 және 11-сынып негізіндегі педагогикалық мамандықтарға, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім негізінде оқуға түсушілерден құжаттар 10 тамызға дейін қабылданады.

Медициналық мамандықтар бойынша қабылдау мерзімі білім деңгейіне байланысты белгіленген. 9-сынып негізінде түсетін талапкерлер үшін құжат қабылдау 10 тамызға дейін, 11-сынып және техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім негізінде түсетіндер үшін 15 тамызға дейін жүргізіледі. Кешкі оқу нысаны бойынша өтініштер 20 қыркүйекке дейін қабылданады.

Бұған дейін бірінші сыныпқа қабылдау қызметі де OQU платформасына көшірілген болатын. Жоба жоғары жүктеме кезінде жүйенің тұрақты жұмысын көрсетті. Алғашқы екі аптада 100 мыңға жуық өтініш қабылданды.

Колледждерге құжат қабылдау қызметін көшіру кезінде де осы сәулет пен іске қосу тәсілі қолданылды. Қызметтің технологиялық негізін Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның қатысуымен әзірленген QazTech платформасы қамтамасыз етеді. Соның нәтижесінде жаппай өтініш қабылдау кезеңінде сервистің тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді.

02 июля 2026
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар

 

«Ең төменгі жеткіліктілік шектері (ТЖШ) – оларды есептеудің ашықтығы және оларды пайдалану мүмкіндігі сақтала ма?»

 

  1. Жеткіліктілік шегінің мөлшеріне салымшының жасы әсер ете ме және қолданыстағы Әдістеме бойынша ТЖШ қалай есептеледі?

 

Ең төменгі жеткіліктілік шегінің (ТЖШ) мөлшері салымшының жасына байланысты айқындалады. Салымшы неғұрлым егде тартып, зейнеткерлік жасқа жақындаған сайын, оның болашақ зейнетақы төлеміне қойылатын талаптар да арта түседі. Себебі, оның еңбек қызметі аяқталғаннан кейін алатын зейнетақы табысы халықаралық стандарттарға барынша жақын деңгейде қамтамасыз етілуі тиіс.  

ТЖШ мөлшерін айқындау кезінде болашақтағы зейнетақы төлемдерінің келтірілген құнын есептеудің классикалық формуласы қолданылады. Басқаша айтқанда, жаңа формула арқылы салымшының жеке зейнетақы шотында (ЖЗШ) дәл қазіргі уақытта болуы тиіс зейнетақы жинағының ең төменгі мөлшері, яғни ТЖШ көлемі есептеледі. Бұл жинақ болашақтағы зейнетақы төлемдерін мақсатты деңгейде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Келтірілген құн формуласының қолданылуы өмір бойына төленетін зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті жинақ көлемін есептеудің халықаралық тәжірибесіне негізделген.

 

  1. Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі қалай өзгерді?

 

ТЖШ-ны есептеу әдістемесіне енгізілген өзгерістер болашақтағы жинақтаушы зейнетақының жеткілікті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында ең төменгі зейнетақы жинақтарына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған. Бұл өзгерістер болашақтағы зейнетақы төлемдерінің неғұрлым жоғары деңгейін қалыптастыруды көздейді.

Енді ТЖШ мөлшері әрбір салымшының жасына қарай келтірілген құнды есептеудің стандартты формуласы негізінде және болашақтағы зейнетақы төлемдерінің мақсатты көрсеткіштерін ескере отырып айқындалады. Нақтыласақ, жаңа әдістеме «Болашақта лайықты деңгейдегі зейнетақы табысын алу үшін бүгін жеке зейнетақы шотында қандай ең төменгі сома қалуы тиіс?» деген сұраққа жауап береді.

Формула ұзақ мерзімді демографиялық (ұлттық демографиялық кестелер), қаржылық (табыстылық мөлшерлемелері мен зейнетақы төлемдерін индекстеу) факторларды, сондай-ақ республикалық бюджет туралы заңмен жыл сайын белгіленетін әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді – жасына байланысты ең төменгі зейнетақы мөлшерін және ең төменгі жалақыны ескереді. Бұл болашақтағы зейнетақы төлемдерінің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, енді ТЖШ есептеу кезінде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдаланған сәттен бастап зейнеткерлік жасқа дейін түсетін болашақ міндетті зейнетақы жарналары есепке алынбайды. Өйткені өмірлік жағдайларға байланысты жарналар толық көлемде аударылмауы немесе белгілі бір кезеңдерде мүлде түспеуі мүмкін. Мұндай тәсіл азаматтардың жинақтарының бір бөлігін пайдаланғаннан кейін болашақта төмен мөлшердегі жинақтаушы зейнетақы алу қаупін азайтуға бағытталған.

 

  1. Ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі неге өзгертілді?

 

2021 жылдан бастап БЖЗҚ салымшыларына тұрғын үй жағдайларын жақсарту және емделуге ақы төлеу сияқты заңнамада көзделген балама мақсаттарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін зейнеткерлік жасқа дейін мерзімінен бұрын пайдалану құқығы берілді. Осыған байланысты мемлекеттік органдар Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесін[1] әзірлеп, оны Қазақстан Республикасы Үкіметі бекітті.

Алайда кейінгі жылдары салымшылардың ТЖШ-дан асатын зейнетақы жинақтарын жеке зейнетақы шоттарынан жиі алуы олардың болашақта БЖЗҚ-дан алатын зейнетақы төлемдері мөлшерінің төмендеуіне себеп болу қаупі туындады. Осыған байланысты ең төменгі жеткіліктілік шектерінің мәндерін қайта қарау туралы шешім қабылданды.

Бұл өзгерістер халықаралық ұйымдардың ұсынымдарына сәйкес болашақтағы зейнетақы төлемдерінің жеткіліктілігін кезең-кезеңімен қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты. Сондықтан болашақ жинақтаушы зейнетақыны қамтамасыз ету үшін қажетті зейнетақы жинақтарының сомасына және зейнетақы жасындағы зейнетақы төлемдері есебінен салымшының еңбек табысын алмастыру коэффициентінің өсуіне қойылатын талаптар күшейтілді. 

Жаңа модельдің енгізілуі зейнетақы жүйесінің орнықтылығын нығайтуға және азаматтарды болашақта лайықты деңгейдегі зейнетақымен қамтамасыз етуге бағытталған.

 

  1. Зейнетақы жинақтарын баламалы мақсаттарға пайдалану мүмкіндігі сақтала ма?

 

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін заңнамада көзделген баламалы мақсаттарға пайдалану мүмкіндігі ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын жинақтары бар салымшылар үшін сақталады.

Сондай-ақ жоғалтқан еңбек табысының кемінде 40 пайызы мөлшерінде зейнетақы алатын зейнеткерлер, зейнетақы аннуитеті шартын жасаған азаматтар және еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы алушылар да бұрынғыдай өз жинақтарын пайдалана алады. Бұл – өзін зейнетақымен қамсыздандыруды белгілі бір деңгейде қамтамасыз еткен азаматтар санаты.

Десек те, зейнетақы жинақтарын пайдалану тәсілдері азаматтарды болашақта жеткілікті әрі тұрақты зейнетақымен қамтамасыз ету қажеттілігін ескере отырып одан әрі жетілдіріле береді.

 

  1. Көптеген азаматтар зейнеткерлік жасқа жетпей өмірден өтетінін ескерсек, ТЖШ-ны болашақтағы зейнетақыға сүйене отырып есептеу қаншалықты әділ?

 

2025 жылы қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы шамамен 76 жасқа жетіп, тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғары көрсеткішке жетті. 1991 жылдан бүгінгі күнге дейінгі демографиялық деректер халықтың өмір сүру сапасы мен денсаулық деңгейінің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, 1991 жылы орташа өмір сүру ұзақтығы 67,6 жасты құраса, 2001 жылы – 65,6 жас, 2011 жылы – 68,98 жас, 2021 жылы – 70,23 жас болды.

Осылайша, соңғы үш жарым онжылдықта Қазақстан азаматтарының орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа ұзарды. Өмір сүру ұзақтығының артуы азаматтардың зейнеткерлік кезеңде бұрынғыдан да ұзақ уақыт өмір сүретінін білдіреді. Сондықтан еңбек қызметі аяқталғаннан кейін қалыптасқан өмір сүру деңгейін сақтау үшін жеткілікті зейнетақы жинақтарын қалыптастырудың маңызы арта түседі.

Ең төменгі жеткіліктілік шектерінің ұлғайтылуы азаматтардың болашақта неғұрлым лайықты деңгейдегі зейнетақы алуына және зейнеткерлік кезеңде ұзақ уақыт бойы қаржылық тұрақтылығын сақтауға бағытталған.

 

[1] "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы төлемдерін, тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру, оларды бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына қайтару қағидаларын, зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеуді жүзеге асыру әдістемесін, алушының орташа айлық кірісін зейнетақы төлемдерімен алмастыру коэффициентін айқындау әдістемесін, зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегін айқындау әдістемесін бекіту туралы" Үкімет қаулысы

 

Мемлекеттік қызметтер
Мемлекеттік қызметтер бойынша ақпарат
24 апреля 2026
Қазақстанды цифрландыру: eGov.kz электрондық үкімет порталына – 20 жыл

12 сәуір күні eGov.kz электрондық үкімет порталы іске қосылғанына 20 жыл толды. Осы уақыт аралығында портал қарапайым ақпараттық ресурс деңгейінен толыққанды цифрлық экожүйеге дейін дамып, әрбір қазақстандықтың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Бүгінде ол елдегі технологиялық трансформацияның айқын көрінісі саналады.

eGov.kz тарихы – бұл 2006 жылдан бастау алған жүйелі даму кезеңдерінің жиынтығы. Порталдың негізін қалауға Қазақстан Республикасы Президентінің 2004 жылғы 10 қарашадағы №1471 Жарлығы, яғни 2005-2007 жылдарға арналған электрондық үкіметті қалыптастыру мемлекеттік бағдарламасы себеп болды. Алғашында портал тек анықтамалық қызмет атқарып, азаматтарға мемлекеттік органдар мен қызметтер туралы ақпарат ұсынумен шектелген еді.

Уақыт өте келе электрондық үкіметтің базалық инфрақұрылымы қалыптасып, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу мүмкіндігі пайда болды. Даму кезең-кезеңімен жүзеге асты: алғашқы электрондық қызметтерден бастап онлайн төлемі бар транзакциялық сервистерге, одан әрі өмірлік жағдайларға негізделген кешенді қызметтерге дейін жетті.

Цифрлық инфрақұрылымның маңызды элементтері енгізілді. Олардың қатарында мемлекеттік деректер базалары, ведомстволық ақпараттық жүйелер, eLicense.kz порталы, Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы және электрондық үкімет шлюзі бар. Бұл шешімдер ең сұранысқа ие қызметтерді алуды жеңілдетіп, мемлекеттік органдарға жеке жүгіну қажеттілігін едәуір қысқартты.

Цифрлық сервистер пайдаланушы тәжірибесін түбегейлі өзгертті. Мысалы, заңды тұлғаны небәрі 15 минут ішінде тіркеуге немесе баланың тууын онлайн рәсімдеп, бір мезетте жәрдемақыға өтініш беріп, балабақша кезегіне қоюға мүмкіндік туды.

2019 жылы электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы жаңартылып, eGov Mobile ретінде дами бастады. Пандемия кезеңі жүйе үшін үлкен сынақ болумен қатар, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Шектеулер жағдайында eGov.kz мемлекет пен азаматтар арасындағы негізгі байланыс арнасына айналып, қызметтерге қашықтан үздіксіз қол жеткізуді қамтамасыз етті. 2020 жылы биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, қызмет алу үдерісі одан әрі жеңілдеді. Осы кезеңде пайдаланушылар саны мен онлайн қызметтер көлемі айтарлықтай өсті. Сонымен қатар Smart Bridge, Smart Data Ukimet және eGov Business жобалары іске қосылып, цифрлық құжаттар бағыты қарқынды дамыды.

Бүгінде электрондық үкімет күнделікті өмірдің қалыпты құралына айналды. Порталда 15 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген, ал көрсетілген қызметтердің жалпы саны 508 миллионнан асты. eGov Mobile арқылы 111 миллионнан астам қызмет көрсетілген, бұл азаматтардың мобильді форматқа тұрақты түрде көшіп жатқанын көрсетеді. Қазіргі таңда 1300-ден астам мемлекеттік қызметтің шамамен 90%-ы онлайн қолжетімді. Сондай-ақ пайдаланушылар үшін 39 цифрлық құжат ұсынылған.

 
 
 
02 марта 2026
ҚҰРМЕТТІ РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУШЫ!
 
Мемлекеттік қызметтер
Мемлекеттік қызметтер бойынша ақпарат
18 февраля 2026
eGov Mobile қосымшасында мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау қызметі қолжетімді болды

Өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар енді әлеуметтік көмек алу үшін eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Бұған дейін бұл мүмкіндік тек eGov.kz порталы арқылы қолжетімді болатын. Енді өтінішті тікелей смартфоннан рәсімдеуге болады.

Әлеуметтік көмек – бұл өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың жекелеген санаттарына жергілікті атқарушы органдар тарапынан көрсетілетін ақшалай төлем немесе материалдық қолдау. Қызметтің мобильді форматқа көшуі мұндай көмекті алу процесін анағұрлым жеңіл әрі ыңғайлы етеді. Өтінішті кез келген уақытта және кез келген жерден беруге болады, ал рәсімдеу уақыты едәуір қысқарады.

Мәслихаттардың шешімдері бойынша әлеуметтік көмек қосымша қолдауға мұқтаж азаматтарға, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар аурулары бар адамдарға, өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын егде жастағы азаматтарға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тұлғаларға, сондай-ақ табысы төмен отбасыларға көрсетіледі.

«Өтініш беру процесі барынша автоматтандырылған. Өтінімді толтыру кезінде деректердің бір бөлігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде жүктеледі. Бұл рәсімдеуді жеңілдетіп, қателік жіберу ықтималдығын азайтады. Тәжірибе көрсеткендей, тек 2025 жылдың өзінде eGov.kz порталы арқылы 7 мыңнан астам өтініш түскен», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасы Дәулет Бекманов.

Қызметті пайдалану үшін пайдаланушыға:

  • eGov Mobile мобильді қосымшасына кіріп, «eGov мемлекеттік қызметтер» – «Арнайы қызметтер» бөліміне өту;
  • «Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау» қызметін таңдап, қажетті деректерді толтыру;
  • қол қоюдың қолжетімді тәсілдерінің бірімен өтінімді растау;
  • «Қызметтер тарихы» бөлімінде өтініштің өңделу мәртебесі туралы хабарламамен танысу қажет.

Қызмет көрсету нәтижесі ретінде әлеуметтік көмектің тағайындалғаны туралы хабарлама немесе өтініштің қанағаттандырылмағаны жөнінде негізделген жауап беріледі.

Өтініш берілгеннен кейін ол уәкілетті орган тарапынан қаралады. Шешім отбасының табыс деңгейін және белгіленген өзге де өлшемдерді ескере отырып қабылданады. Өтінішті қарау мерзімі – 8 жұмыс күніне дейін. Қызмет тегін көрсетіледі.

Қызмет Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан іске асырылды.

02 февраля 2026
«БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар»

2026 жылы не өзгерді?

1) 2026 жылы БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшері қалай өзгерді?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) төленетін зейнетақы төлемдері зейнетақы төлемдерін бұрыннан алып жүрген зейнеткерлер үшін 5 пайызға ұлғаяды.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-дан берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы қаулысымен бекітілген Зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу әдістемесіне сәйкес жүзеге асырылады. Аталған әдістемеге сәйкес, зейнетақы төлемдерін алғаш рет ала бастайтын азаматтар үшін ай сайынғы төлем мынадай тәртіппен есептеледі: зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинақтарын төлеу мөлшерлемесі — 6,5 пайызға көбейтіліп, 12 айға бөлінеді. Кейінгі жылдары ай сайынғы төлем мөлшері зейнетақы төлемдерін индекстеу мөлшерлемесіне сәйкес 5 пайызға арттырылып отырады. Бұл ретте БЖЗҚ-дан жүзеге асырылатын ай сайынғы зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің (ЕТК) кемінде 70 пайызына тең. 2026 жылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі - 50 851 теңге.  

Әдістемеде төменде көрсетілген санаттарға жататын азаматтар үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеу кезінде қолдануға болатын арттырушы түзету коэффициенттері көзделген:

  • мерзімсіз уақытқа белгіленген I немесе II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
  • міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жиынтығында кемінде 60 ай төленген және зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар. Егер азамат жоғарыда көрсетілген екі талапқа бірдей сәйкес келсе, ең жоғары мәнге ие түзету коэффициенті қолданылады.

БЖЗҚ-дан берілетін төлемдер жеке зейнетақы шотындағы қаражат толық таусылғанға дейін жүзеге асырылады.

2) 2026 жылы жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшерлемесі қандай?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарнасының (ЖМЗЖ) мөлшерлемесі қызметкер табысының 3,5%-ына дейін ұлғайтылды (ЖМЗЖ мөлшерлемесі кезең-кезеңімен өсіп келеді: 2024 жылы – 1,5%, 2025 жылы – 2,5%,             2026 жылы – 3,5%, 2027 жылы – 4,5%, 2028 жылы – 5%).

Еске саламыз, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі жаңа құрамдас бөлік – жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарымен (ЖМЗЖ) толықтырылды. Қабылданған өзгерістерге сәйкес, әрбір жұмыс беруші қызметкер табысынан ұсталатын міндетті 10% зейнетақы жарналарынан бөлек, өз қаражаты есебінен 1975 жылғы 1 қаңтардан кейін туған қызметкерлерінің пайдасына қосымша жарналар аударуға міндетті. ЖМЗЖ есептелетін табыс сомасы ең төменгі жалақы мөлшерінен (ЕТЖМ) кем болмауы және тиісті жылға белгіленген 50 еселенген ЕТЖМ-нан аспауы тиіс.

Жұмыс беруші зейнет жасындағы адамдар, I және II топтағы мерзімсіз мүгедектігі бар тұлғалар, әскери қызметшілер, сондай-ақ 1975 жылғы 1 қаңтарға дейін туған азаматтар үшін ЖМЗЖ төлеуден босатылады.

3) «Арнаулы салық режимі» (АСР) дегеніміз не?

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасында жаңа Салық кодексінің күшіне еніп, ҚР Әлеуметтік кодексіне өзгерістер енгізілуіне байланысты жаңартылған арнаулы салық режимдері (АСР) енгізілді: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтарына (ШФҚ) арналған АСР. Бұл режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың тек салықтарды ғана емес, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін де реттейді.

4) Жаңартылған арнаулы салық режимдері (АСР) қандай мақсатпен енгізілді?

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР, оңайлатылған декларация негізіндегі АСР және ШФҚ-ға арналған АСР енгізу келесі мақсаттарға бағытталған:

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын бизнесті белсенді тарту арқылы зейнетақы және әлеуметтік жүйемен қамтуды кеңейту;
  • Қазақстанның миллиондаған азаматтары үшін бизнесті жүргізуді жеңілдету;
  • мобильді қосымшалар мен онлайн-платформалар арқылы салықтық әкімшілендіруді одан әрі цифрландыру.

Бұл жаңашылдықтар зейнетақы жинақтарын қалыптастыруға, еңбек ететін азаматтардың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге және «көлеңкелі экономиканың» азаюына ықпал етеді.

5) Қандай арнаулы салық режимдері (АСР) енгізілді?

  1. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР (интернет-платформалар арқылы қызмет көрсететіндерді қоса алғанда)

2026 жылдан бастап енгізілген бұл АСР жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбайтын және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға (Қазақстан азаматтары мен қандастарға) арналған. Режим Үкімет бекітетін қызмет түрлерінің шектеулі тізбесіне қолданылады.

Айлық табыс мөлшері тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған 300 еселенген АЕК-тен, ал жылдық табыс 3 600 АЕК-тен аспауы тиіс.

Осы режимді қолданатын өзін-өзі жұмыспен қамтығандар алынған табыстарынан міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын (ЖМЗЖ) өз бетінше төлейді.

Мөлшерлемесі:

  • МЗЖ – табыстың 1%;
  • ЖМЗЖ – табыстың 1%.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар АСР-ны арнайы мобильді қосымшаны пайдалана отырып, оның чектері және өзге көздерден алынған кірістер туралы басқа да мәліметтер негізінде қолданатын болады. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-да жалпыға ортақ пайдаланылатын телекоммуникациялар желісі жоқ орындардағы кірістерді есепке алу өздері әзірлеген қарапайым нысанда, операциялардың күнін, атауын, әрбір операция нәтижесінде алынған сомаларды, әрбір күн үшін, бір айдағы қорытынды соманы көрсете отырып жүргізіледі.

      Қызметін интернет-платформаларды және (немесе) платформалық жұмыспен қамтудың мобильді қосымшаларын пайдалану арқылы жүзеге асыратын өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған АСР-да МЗЖ мен ЖМЗЖ-ны интернет-платформа операторы ұстап, аударады.

  1. Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР

ҚР Салық кодексінің 723 бабының 2-тармағында көрсетілген салық төлеушілерді (басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғаларды, коммерциялық емес ұйымдарды, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарға қатысушыларды және т.б.) қоспағанда, жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР-ны ЖК мен Қазақстан Республикасының резидент заңды тұлғалары қолдануға құқылы.

Жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР-ны төмендегі шарттарға сәйкес келетін тұлғалар қолдануға құқылы:

- күнтізбелік жылдағы шекті кірісі тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болған АЕК-тің 600 000 еселенген мөлшерінен аспайтын;

- ҚР Үкіметі айқындаған, оған қатысты жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР қолдануға тыйым салынған тізбеге енгізілмеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар. 

Жеңілдетілген декларация негізіндегі АСР үшін зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері стандартты:  

  • МЗЖ – табыстың 10%,
  • ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%, жыл сайын біртіндеп ұлғайтылып, 2028 жылы 5% - ға дейін көтеріледі.
  1. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР

Қазақстан аумағында жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқықтарына ие (қосалқы жер пайдаланушы құқығын қоса алғанда) жер учаскелері бар шаруа немесе фермер қожалықтары ШФҚ-ларға арналған АСР қолдануға құқылы.

 Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін таңдалған АСР бір күнтізбелік жыл ішінде өзгертілмейді. Оны шаруа қожалығының қызметі қолдану шарттарына сәйкестігін жоғалтқан жағдайларда ғана өзгертуге болады.  

 ШФҚ арналған АСР зейнетақы жарналарының мөлшерлемелері:

  • МЗЖ – табыстың 10%,
  • ЖМЗЖ – 2026 жылы табыстың 3,5%, жыл сайын біртіндеп ұлғайтылып, 2028 жылы 5% - ға дейін көтеріледі.

Оңайлатылған декларация негізіндегі АСР, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін АСР, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалықтары (ШФҚ) үшін АСР шеңберінде МЗЖ, ЖМЗЖ төлеу табыс алынған айдан кейінгі айдың 25-күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылады.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы