| Бөлім: Адам құқықтарын қорғау |
|
|
| |
Отбасы, әйелдер және балалар құқығын қорғау мәселелері бойынша «111» бірыңғай мемлекеттік сенім телефонының байланыс орталығы не үшін қажет? |
«111» байланыс орталығы «дәл қазір және осында» қағидаты бойынша, әрбір жағдайға жеке көзқараспен ұйымдастырылған. Байланыс орталығы азаматтарға келесі мәселелер бойынша көмек көрсетеді: - әділдікті қалпына келтіру және емделуге қол жеткізу; - мемлекеттік қызметтер мен жәрдемақыларды алу; - ақпараттық сұрау салулар; - тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғау; - әйелдерді балаларымен уақытша орналастыру; - білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау ұйымдарына шағымдар; - алаяқтық жолмен заңсыз несиелерді ресімдеу кезіндегі көмек; - оқыту, жұмысқа орналастыру бағдарламалары бойынша түсіндіру және басқа да көптеген мәселелер. Өтініш берушілердің мәселелерін шешу кезінде байланыс орталығының қызметкерлері мемлекеттік органдармен және басқа да мүдделі тұлғалармен өзара іс-қимыл жасайды. Байланыс орталығының жұмыс режимі – тәулік бойы. |
| |
Тегін заң көмегін алу үшін қайда жүгіну керек? |
Қазақстанда тегін заң көмегін мемлекеттік құқықтық көмек орталықтары (1414 немесе 119 жедел желісі арқылы жүгінуге болады), сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін қылмыстық және кейбір азаматтық істер шеңберінде мемлекет тағайындайтын адвокаттар, заң консультанттары ұсынады. |
| |
Сотқа талап қою үшін қанша мөлшерде мемлекеттік баж салығын төлеу қажет? |
Әкімшілік талап-арыздар мен өтініштер беру үшін мемлекеттік баж мынадай түрде айқындалады: 1) мүліктік сипаттағы талап-арыздар үшін: - жеке тұлғалар – талап-арыз сомасының 1%-ы, бірақ 10 000 АЕК-тен артық емес; - заңды тұлғалар – талап-арыз сомасының 3%-ы, бірақ 20 000 АЕК-тен артық емес. 2) Мемлекеттік органдардың әрекеттеріне шағымдар: - жеке тұлғалар – 0,3 АЕК; - заңды тұлғалар – 5 АЕК. 3) Салықтық хабарламаларға дау айту бойынша әкімшілік талап-арыздар үшін: - ЖК және фермерлер үшін: соманың 0,1%-ы, бірақ 500 АЕК-тен артық емес; - заңды тұлғалар үшін: соманың 1%-ы, бірақ 20 000 АЕК-тен артық емес. |
| |
Азаматтық сот ісін жүргізуде талап арызды қайда беру керек? |
Талап арыз жауапкердің тұрғылықты жері бойынша (жеке тұлғалар үшін) немесе заңды тұлғаның немесе ұйымның құжаттарында көрсетілген мекенжай бойынша сотқа беріледі. |
| |
Азаматтық іске қатысатын тұлғалар құрамына кімдер кіреді? |
Іске қатысушы тұлғалар: талапкерлер, жауапкерлер, үшінші тұлғалар, прокурор, мемлекеттік органдар, өтініш берушілер және соттың ерекше іс жүргізу тәртібімен қарайтын істер бойынша өзге де мүдделі тұлғалар болып табылады. |
| |
Сот процесіне өзі немесе өкілі арқылы қатысуға бола ма? |
Азаматтар өз істерін сотта жеке немесе өкілдері арқылы жүргізуге құқылы. Азаматтың іске жеке қатысуы оның осы іс бойынша өкілі болу құқығынан айырмайды. |
| |
Сот процесінің тағайындалғаны туралы тараптарға қалай хабарланады? |
Іске қатысушыларға және олардың өкілдеріне соттың немесе процестік әрекеттің уақыты мен орны туралы шақыру қағаздары, электрондық поштаға хабарламалар, телефон нөмірі немесе хабарламаны тіркеумен басқа да құралдар арқылы хабарланады. |
| |
Талап арызды қабылдаудан қандай жағдайларда бас тартылады? |
Судья талапты қабылдаудан бас тартады, егер: 1) іс азаматтық сотта қарауға жатпаса; 2) сол тараптар арасындағы осы дау бойынша сот шешімі немесе істі тоқтату туралы ұйғарым болса; 3) сотқа осы дау бойынша арбитраж шешімі туралы белгілі болса; 4) тараптар арасында жасалған атқарушылық жазба болса. |
| |
Сот шешіміне қалай шағымдануға болады? |
Сот шешіміне ол түпкілікті нысанда шығарылған күннен бастап бір ай ішінде шағымдануға болады. Сот талқылауына қатыспаған тұлғалар үшін шешімнің көшірмесін алған күннен бастап. |
| |
Азаматтық істер қандай мерзімде қаралады? |
Азаматтық істер сотта істі сот талқылауына дайындау аяқталған күннен бастап екі айға дейінгі мерзімде қаралады және шешіледі. Азаматтық істердің жекелеген санаттары үшін оларды қарау мен шешудің өзге мерзімдері белгіленуі мүмкін. |
| |
Апелляциялық шағым беру мерзімі өткен болса, не істеуге болады? |
Өткізіп алған процестік мерзімдерді өткізіп алу себептері дәлелді деп танылған жағдайда сот қалпына келтіре алады. Апелляциялық шағым беру мерзімін қалпына келтіру туралы өтініш бірінші сатыдағы сотқа өтініш беруші өз құқықтарының бұзылғаны туралы білген сәттен бастап бір ай ішінде беріледі. Өтінішке мыналарды қоса беру қажет: - құқықтарды қорғау туралы талап; - мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін растайтын құжат. |
| |
Лауазымды тұлға рұқсат құжаттарын алу үшін пара беруге ишара жасаса не істеу керек? |
1424 нөміріне Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Call-орталығына қоңырау шалып, лауазымды тұлғаның пара беруге ишара жасағаны туралы хабарлау қажет. |
| |
Әкімшілік айыппұлдың бар-жоғын қай жерде және қалай тексеруге болады? |
Қолда бар әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын Qamqor.gov.kz сайтында өз бетінше тексеруге болады, онда жасалған бұзушылықтың фотосуретін және әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы қарау мүмкіндігі де бар. |
| |
Ақпаратқа қол жеткізуді ұсынудан қандай жағдайларда бас тартылуы мүмкін? |
ҚР «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңына сәйкес ақпаратқа қол жеткізуді ұсынудан бас тартылады, егер: - сұрау салудың мазмұны сұралатын ақпаратты анықтауға мүмкіндік бермесе; - сұрау салу заңнама талаптарына сәйкес келмесе; - сұралатын ақпарат қол жеткізуі шектелген ақпаратқа жатса; - сұрау салуда ақпарат иеленуші қабылдаған актілерге құқықтық баға беру, ақпарат иеленушінің не оған ведомстволық бағынысты органдар мен ұйымдардың қызметіне талдау жүргізу немесе өзге де талдамалық жұмысты оны аяқтағанға дейін жүргізу туралы мәселе қойылса. |
| |
Егер шетелде жұмыс ұсынса, адам саудасының құрбаны болмау үшін нені білу керек? |
1. Шетелде жұмыс ұсынатын агенттіктің заңды жұмыс істейтініне көз жеткізіңіз. 2. Шетелге шығар алдында жұмысқа орналастыру туралы шарт жасасыңыз. Шартта жұмыстың, сондай-ақ тұрудың, төлемнің және медициналық сақтандырудың шарттары көрсетілуі тиіс. 3. Сізге қол қоюды ұсынатын келісімшартты мұқият оқыңыз, түпнұсқалардың бірі Сіздің қолыңызда қалуы тиіс. 4. Жұмыс визасын алыңыз, туристік виза жұмыс істеуге құқық бермейді. 5. Құжаттарыңызды көші-қон қызметтері мен құқық қорғау органдарының өкілдерінен басқа ешкімге және ешқандай жағдайда бермеңіз. Сіздің паспортыңыз тек Сізге тиесілі екенін есте сақтаңыз. |
| |
Егер Сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, не істеу керек? |
Егер Сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, келесі қадамдарды орындаңыз: - барлық хабарламаларды, электрондық хаттарды, хат алмасу скриншоттарын және алаяқтыққа қатысты кез келген басқа да дәлелдерді сақтаңыз; - жақын маңдағы полиция бөліміне арыз беріңіз. Оқиғаның сипаттамасы барлық қолда бар дәлелдерді қоса алғанда, мүмкіндігінше егжей-тегжейлі болуы тиіс. |
| |
Жол-көлік оқиғасына тап болған жағдайда не істеу керек? |
ЖКО кезінде жүргізуші міндетті: көлік құралын дереу тоқтатуға және оны орнынан қозғалтпауға, авариялық дабылды қосуға, авариялық тоқтау белгісін қоюға, сондай-ақ ЖКО-ға қатысы бар заттарды жылжытпауға; ЖКО туралы полиция бөліміне хабарлауға, куәгерлердің деректерін жазып алуға және полиция қызметкерлерінің келуін күтуге; басқа көлік құралдарының қозғалысы мүмкін болмаған жағдайда, жолдың жүру бөлігін босатуға; көлік құралының, оқиғаға қатысты іздер мен заттардың орналасуын тіркеуге. Сондай-ақ, ЖКО-дан кейін 3 жұмыс күні ішінде өзінің сақтандыру компаниясына хабарлау қажет. |
| |
Салынған айыппұлға онлайн режимде қалай шағымдануға болады? |
Айыппұлға Qamqor.gov.kz порталы арқылы өз бетінше шағымдануға болады. Qamqor.gov.kz сайтының бас бетінде «Әкімшілік құқық бұзушылықтарға шағымдану» қызметін таңдап, «Әкімшілік істер бойынша өтініштер беру» батырмасын басып, ЭЦҚ арқылы авторизациядан өту қажет. Айыппұл төлеу қажеттігі туралы ұйғарымға немесе айыппұл салу туралы қаулыға шағым оларды жасаған/шығарған органға беріледі. |
| |
Жеке куәлікті жоғалтқан жағдайда не істеу керек? |
Жеке куәлікті жоғалтқан немесе ұрлаған жағдайда, Сіз «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ-тың (ХҚКО) кез келген филиалына келесі құжаттармен жүгіне аласыз. Жоғалтқан жағдайда: жазбаша өтініш, мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртек (құны – 0,2 АЕК) немесе мемлекеттік баж салығын төлеуден босатуды растайтын құжат, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (бар болса). Ұрланған жағдайда: қылмыстық қудалау органынан талон-хабарлама, мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртек (құны – 0,2 АЕК) немесе мемлекеттік баж салығын төлеуден босатуды растайтын құжат, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты (бар болса). |
| |
Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды жоғалтқан жағдайда не істеу керек? |
Жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды жоғалтқан жағдайда жылжымайтын мүлік объектісінің орналасқан жері бойынша ХҚКО-ға немесе онлайн-қызмет арқылы өтініш беру қажет. Өтінішке жеке куәлік пен телнұсқаны бергені үшін мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртек немесе төлем чегін қоса беру қажет. Өтініш келіп түскен сәттен бастап мемлекеттік қызмет 3 жұмыс күні ішінде көрсетіледі. |
| |
Сапасыз тауар сатылған жағдайда тұтынушы қандай құқықтарға ие? |
Сатушы оның кемшіліктерін айтпаған жағдайда, сапасыз тауар сатылған тұтынушы өз қалауы бойынша мыналарды талап етуге құқылы: - сатып алу бағасын барабар азайтуды; - тауардың кемшіліктерін өтеусіз жоюды; - тауардың кемшіліктерін жоюға жұмсалған шығыстарды өтеуді; - ұқсас маркалы, модельді, артикулды тауарға ауыстыруды; - сатып алу бағасын тиісті қайта есептеумен басқа маркалы, модельді, артикулды сол тауарға ауыстыруды; - шартты бұзуды және тауар үшін төленген ақша сомасын қайтаруды. |
| |
Сатушы сапасыз тауарды қайтарудан бас тартса, өз құқығыңызды қалай қорғауға болады? |
Ақшаны қайтаруды немесе тауарды ауыстыруды талап ете отырып, сатушыға жазбаша шағыммен жүгінуге болады. Егер сатушы бас тартса, сатушының әрекеттеріне шағыммен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі аумақтық департаментке жүгінуге болады. |
| |
Егер Сіз коммуналдық қызметтерді есептеуде қате тауып, нәтижесінде қомақты соманы артық төлеген болсаңыз, не істеу керек? |
Есептеулерді қайта қарауды және артық төленген қаражатты қайтаруды талап ете отырып, коммуналдық компанияға жазбаша өтінішпен жүгіну қажет. Егер компания қатені түзетуден бас тартса, жергілікті атқарушы органға және Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағым беруге болады. Сондай-ақ Сіз артық төленген қаражатты қайтаруды және моральдық шығынды өтеуді талап етіп, сотқа талап арыз беруге құқығыңыз бар. Қате есептеуді және артық төлеуді растайтын барлық құжаттарды жинау маңызды. |
| Бөлім: Кәсіпкерлік |
|
|
| |
Ұлттық кәсіпкерлер палатасына қалай жүгінуге болады? |
Сіз жеке, 1432 телефоны, info@atameken.kz электрондық поштасы немесе Ұлттық кәсіпкерлер палатасының atameken.kz ресми сайты арқылы жүгіне аласыз. |
| |
Уәкілетті органдар тарапынан тексеру жүргізілген кезде кәсіпкерге нені білу қажет? |
Уәкілетті органдар тарапынан тексеру заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі уәкілетті органда міндетті тіркелуге жататын тексеру тағайындау туралы актінің негізінде жүргізіледі. Тексеру жүргізудің басталуы тексеру тағайындау туралы актіні табыс ету күні болып табылады. Тексеруші лауазымды тұлғалар: оның тіркелгені туралы белгісі бар тексеру тағайындау туралы актіні, қызметтік куәлікті, қажет болған жағдайда режимдік объектіге баруға құзыретті органның рұқсатын және тағы басқаларды көрсетуге міндетті. Кәсіпкер тексеру тағайындау туралы актіге, тексеру нәтижелері туралы актіге және лауазымды тұлғалардың әрекеттеріне шағымдануға құқылы. |
| |
Тексерулерді тіркеу туралы ақпаратты қай сайттан көруге болады? |
Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында (Qamqor.gov.kz.) Сіз құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының тексерулерін тіркеу туралы ақпаратты ала аласыз. |
| |
Тексеру жүргізу кезінде мемлекеттік органның қызметкерлері сізге қажетті құжаттарды ұсынбады. Мұндай жағдайларда қалай әрекет ету керек? |
Құжаттарды жазбаша түрде сұрату қажет. Егер қызметкерлер бас тартса, жоғары тұрған органға немесе прокуратураға жүгініңіз. |
| |
Бақылау және қадағалау органы тексеру жүргізген кезде бизнес субъектісі нені білуі керек? |
Тексеру және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бара отырып профилактикалық бақылау жүргізу кезінде тексеру парақтарында белгіленген талаптар ғана жатады. Тексеру парағына енгізілетін талаптар бір мезгілде келесі критерийлерге сәйкес келуі тиіс: 1) адамдардың өміріне, денсаулығына, олардың мүлкін қорғауға, қоршаған орта үшін қауіпсіздікке, ҚР ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін қызметпен (процесспен, әрекетпен) байланысты болуы; 2) талаптардың сақталуын визуализациялау, зертханалық зерттеу, қарап тексеру және тексеру, растайтын құжаттардың бар-жоғын тексеру арқылы тексеруге болады; 3) талаптар жалпы сипатта болмауы және басқа нормативтік құқықтық актілерге сілтеме жасамауы тиіс; 4) талаптың бірнеше реттеуші мемлекеттік органдармен қайталануына жол бермеу. Бақылау және қадағалау органы тексеру жүргізу басталғанға дейін күнтізбелік отыз күннен кем емес мерзімде бақылау және қадағалау субъектісіне тексеру басталғаны туралы хабарлауға міндетті. Жоспардан тыс тексеру жүргізу кезінде хабарлама мерзімі тексеру басталғанға дейін бір тәуліктен кем емес мерзімді құрайды. |
| |
Кедендік тексеру түрлері, мерзімдері және не тексеріледі? |
Кедендік тексеру камералдық немесе көшпелі болуы мүмкін. Кедендік тексеру жүргізу кезінде кеден органдары мыналарды тексере алады: - тауарларды кедендік рәсімге орналастыру фактісі; - кедендік декларацияда және құжаттарда мәлімделген мәліметтердің дұрыстығы; - шартты түрде шығарылған тауарларды пайдалану немесе оларға билік ету жөніндегі шектеулердің сақталуы; - кеден ісі саласында қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың кеден заңнамасында көзделген міндеттерді орындауы; - уәкілетті экономикалық оператордың уәкілетті экономикалық операторлар тізіліміне енгізу шарттарын сақтауы және кеден заңнамасында көзделген өзге де міндеттерді орындауы; - тауарларды кедендік рәсімдерге сәйкес пайдалану шарттарының және кеден заңнамасында белгіленген өзге де талаптардың сақталуы. Камералдық кедендік тексеру жүргізу мерзімі тексерілетін тұлғаға тексеру басталғаны туралы хабарлама жіберілген күннен бастап алпыс күнтізбелік күннен аспауы тиіс. Көшпелі кедендік тексеру жүргізу мерзімі екі айдан аспауы тиіс. Кеден заңнамасының бұзылуы анықталған жағдайда тексеру нәтижелері туралы хабарлама шығарылады. Мұндай хабарламаны орындау мерзімі хабарлама тапсырылған күннен бастап отыз жұмыс күнінен аспайды. Тексерілетін тұлға отыз жұмыс күні ішінде хабарламаға шағымдануға құқылы. |
| |
Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша құжаттарды қайда беру қажет? |
Құжаттарды беру үшін әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну немесе кезекке қою мәселесін қарау үшін электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» МК» КЕАҚ (ХҚКО) арқылы электрондық форматта жүгіну қажет. |
| |
Кәсіпкерлік қызметті қаржыландыру/субсидиялау бойынша мемлекеттік қолдаудың қандай құралдары бар? |
Үкімет кәсіпкерлерді қаржыландырудың/субсидиялаудың түрлі бағдарламаларын іске асыруда. Мысалы, «Бірыңғай кешенді бағдарлама». «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ осы бағдарламаның қаржылық операторы болып табылады. Бірыңғай кешенді бағдарламаның, сондай-ақ басқа да бағдарламалардың бағыттары мен өлшемшарттары бойынша толық ақпаратты damu.kz сайтынан алуға болады. |
| |
АӨК кәсіпорындарын субсидиялауды алу үшін қандай өлшемшарттар бар? |
АӨК-ны дамытуды субсидиялау қағидаларына сәйкес АӨК қызметінің әрбір түрі үшін өлшемшарттардың жеке түрлері көзделген. Негізгі жиынтық өлшемшарттар – ірі қара мал/ұсақ малдың жеткілікті нақты саны және тиісті инфрақұрылымның болуы. |
| |
Бизнеске грантты қалай алуға болады? |
Мемлекет азаматтарға келесі жолдармен бизнеспен айналысуға мүмкіндік береді: - «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту; - жеке ісін ашуға өтеусіз гранттар беру. Жобаны «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы іске асырады. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан және қаржы институтынан қаражат алудан басқа, қатысушылар бизнес-жоспарды дайындауда, бизнес-жобаны қорғауда және сүйемелдеуде көмекке сене алады. |
| |
Жеке ұйымдардың (мысалы, ЖШС, ШҚ, ЖК және т.б.) қызметкерлеріне көтерме жәрдемақы және бюджеттік кредит түрінде шаралар көрсетілуі мүмкін бе? |
Денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну қағидаларында маман жұмыс істеуі тиіс ұйымның меншік нысаны регламенттелмеген. Осыған байланысты жеке ұйымдарда жұмыс істейтін мамандар әлеуметтік қолдау шараларын алуға өтініш беруге құқылы. |
| |
ЖК қалай ашуға болады? |
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу үшін салық органына жеке кәсіпкер ретінде қызметті бастау туралы хабарлама ұсына отырып, кәсіпкерлік қызметтің басталғаны туралы хабарлау қажет. Хабарламаны келесі тәсілдермен ұсынуға болады: - электрондық тәртіппен - Қазақстан Республикасының E-license Электрондық лицензиялау порталы арқылы; - қағаз жеткізгіште келу тәртібімен – оның ішінде Қызмет көрсету орталықтары немесе «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арқылы; - Екінші деңгейдегі Банктердің мобильді қосымшасы арқылы; - «E-Salyq business» мобильді қосымшасы арқылы. Қызмет тегін көрсетіледі. Салық органы бір жұмыс күні ішінде ЖК ретінде тіркеуді жүргізеді. |
| |
Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті қалай тіркеуге болады? |
Жауапкершілігі шектеулі серіктестікті мемлекеттік тіркеу үшін нысан бойынша өтінішті құрылтай құжаттарын қоса бере отырып, аумақтық әділет органына беру қажет. |
| |
Шаруа (фермер) қожалығы жер учаскесін пайдалану құқығын қалай алады? |
Жер учаскелерін беру шаруа немесе фермер қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығын беру жөніндегі конкурс негізінде жүзеге асырылады. Конкурсты ұйымдастыру және өткізуді аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады. |
| |
Қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеуші ретінде қалай тіркелуге болады? |
ҚҚС төлеуші ретінде электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы немесе белгіленген нысандағы салық өтінішін мемлекеттік кірістер органына ұсыну арқылы тіркелуге болады. |
| |
Әлеуметтік кәсіпкерлік тізіліміне қалай тұруға болады? |
Ол үшін кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті органға өтінім беру қажет. Әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі ағымдағы жылдың 1 ақпанынан кешіктірілмей, алдыңғы күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша бекітіледі. |
| |
n теңге сомасына тауар жеткізуге шарт жасастық, жеткізуші қолма-қол ақшамен төлем жасауды талап етеді. Жеткізушінің талаптары заңды ма? |
Сомасы айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асатын мәміле бойынша төлемдерді қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке кәсіпкерлер жүзеге асырады. Осылайша, егер мәміле сомасы республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген айлық есептік көрсеткіштің мың еселенген мөлшерінен асса, онда төлем тек қолма-қол ақшасыз тәртіппен жүргізілуі тиіс. |
| |
Қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды қабылдаудан бас тартқаны үшін қандай жауапкершілік көзделген? |
Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген: бірінші рет – ескерту, қайта бұзған жағдайда - шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 60 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 80 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. |
| |
Тауарды сатып алу үшін қолма-қол ақшасыз есеп айырысуды қабылдамауға құқығым бар ма? |
Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз болып табылады, өйткені заңнама нормаларында төлемнің түрлі тәсілдері – банктік картамен, QR төлемімен немесе қолма-қол ақшамен көзделген. |
| |
Кәсіпорында еңбекақы төлеу қоры, екінші деңгейдегі банктер алдында және салықтар бойынша үлкен кредиторлық берешек бар. Кәсіпорынды төлем қабілетсіздігіне жеткізбеу үшін қандай шаралар қабылдау қажет? |
Шаруашылық жүргізуші субъектіні сауықтырудың бірнеше тәсілі көзделген. Оларға берешекті қайта құрылымдау, оңалту рәсімі және салық берешегін орындау мерзімдерін өзгерту жатады. |
| |
Сіздің кәсіпорныңыз банктің заңсыз әрекеттеріне байланысты кредит алуда қиындықтарға тап болды. Өз құқығыңызды қалай қорғауға болады? |
Барлық қажетті құжаттар мен дәлелдерді ұсына отырып, Қазақстан Ұлттық Банкіне банктің әрекеттеріне шағыммен жүгініңіз. Егер мәселе шешілмесе, сотқа талап арыз беріңіз. |
| |
Мен бизнес үшін үй-жайды жалға аламын, ал жалға беруші ескертусіз төлемді көтерді. Бұл заңды ма? |
Жалдау шарттарының барлық өзгерістері, оның ішінде жалдау ақысын көтеру шартта көрсетілуі тиіс. Егер жалға беруші шарттың талаптарын бұзса, сіз талап-арызбен жүгіне аласыз. |