«Сыбайлас жемқорлық»- «corruptio» деген латын сөзінен алынған, этимологиялық мағынасын: «параға сатып алу», «пара» ретінде, деген, анықтауға мүмкіндік береді. Әйгілі Рим құқығында, сондай-ақ «corrumpire» түсінік болған, ол жалпы сөзбен айтқанда «сындыру, бүлдіру, бұзу, зақымдау, жалғандау, параға сатып алу» деген түсінік беріп, құқыққа қарсы іс - әрекетті білдірген. Орыс тілінің түсіндірме сөздігінде сыбайлас жемқорлықты: пара беріп сатып алу, лауазымды адамдардың, саяси қайраткерлердің сатқындығы ретінде сипаттайды.
Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да дөп басып «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген. Олардың әділдік пен турашылдықты ту еткендігін ғасыр қайраткерлері Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би және тағы да басқа біртуар билер мен шешендердің өмірі дәлел болатындығын біз тарихтан жақсы білеміз.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестицияларды тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс.
Демократиялық қоғам жағдайында қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше мәнге ие болады. Яғни бұл мемлекеттің осы жағымсыз құбылысты жою бағытындағы кешенді және жүйелі күрес жүргізу саясаты жанданып, әрі қарай жалғасын табады деген сөз.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін, халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.
Кез-келген өркениетті қоғам үшін сыбайлас жемқорлықпен күрес ең өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Сыбайлас жемқорлық мемлекетті ішінен жоюдың бастамасы мен жетістіктерді жоққа шығаратын, ұлттық қауіпсіздікке қауіп-қатер әкелетіндігі күмәнсіз. Сондықтан да Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдылықтарының бірі болып осы зұлымдықпен күресу болып табылады.
Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлыққа орын жоқ. Қоғамның барлық күш-жігерін біріктіріп, осы дерттің одан әрі ушықпауы үшін оны тоқтатудың барлық амалдарын қолдану арқылы ғана бұл құбылысқа тиімді түрде қарсы тұруға болады.
Ел болып еңсемізді көтергенімізге, тәуелсіздігімізді алып, шаршы әлемге танылғанымызға отыз жылдан артық уақыт өтті. Өткенімізге көз салсақ, мемлекетіміздің тамыры тереңге тартып, нығая түсуіне бағытталған құқықтық заңнамалар мен іс-шаралар қабылданып, ел экономикасы мен әлеуметтік жағдайы түзеліп, әлем мемлекеттерінің ортасынан өз орынын айқындады. Бүкіл әлемге өзінің біртұтастығымен, ажырамас бірлігімен танылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде: «Жемқорлықты жою үшін оған бүкіл ел болып қарсы тұруымыз керек. Оған қоса заңнамалық шаралар қабылдауға тиіспіз. Сонымен бірге, жемқорлыққа қатысты қылмыстарды анықтау және ашу жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Сонда ғана жемқорлықпен табанды түрде күресе аламыз» деп нақты айтып өтті.
Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек.
Нұра ауданының әкімі Б. Мұқанов