GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Баспасөз орталығы
Қызметі
Басқарма туралы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Онлайн қабылдау
Все материалы
19 октября 2026
«СЫН - ШЫН БОЛСЫН…» ІІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕАТР ФЕСТИВАЛІНДЕ ҮЗДІКТЕР МАРАПАТТАЛДЫ.

Қарағандыда көрнекті театр сыншысы, ғалым, драматург Әшірбек Сығай атындағы «Сын - шын болсын…» ІІІ республикалық театр фестивалі аясында үздік театр ұжымдары мен шығармашылық мамандар марапатталды.

Өнер додасы еліміздің әр өңірінен келген театр ұжымдарының басын қосып, ұлттық сахна өнерінің көркемдік қуатын, шығармашылық ізденісін және кәсіби әлеуетін танытты. Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен фестивальдің басты мақсаты - театр өнерін дамыту, кәсіби сынның маңызын арттыру, шығармашылық тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және Әшірбек Сығайдың рухани мұрасын ұлықтау.

2021 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Әшірбек Сығайдың 75 жылдық мерейтойына орай алғаш рет ұйымдастырылған фестиваль бүгінде отандық театр өнеріндегі маңызды мәдени жобалардың біріне айналды. Үшінші мәрте өткізіліп отырған фестиваль сахна шеберлерінің шығармашылық ізденісін қолдап, театр мен кәсіби сынның арасындағы рухани байланысты нығайтуға үлес қосып келеді. Фестиваль аясында еліміздің әр өңірінен келген театр ұжымдары өздерінің таңдаулы қойылымдарын көрермен назарына ұсынып, режиссерлік шешімдері мен актерлік шеберлігін танытты. Қойылымдарды Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Қазақстан Театрлар Қайраткерлері» одағының төрағасы Тұңғышбай Жаманқұлов бастаған кәсіби қазылар алқасы бағалады. Фестивальдің маңызды сәттерінің бірі - үздік деп танылған шығармашылық жұмыстар мен олардың авторларын марапаттау рәсімі болды.

«Бас жүлде» - «Ұлпан» қойылымына.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» драмасы фестивальдің «Бас жүлде» номинациясы бойынша марапатталды. Қойылымның авторы - Ғабит Мүсірепов, режиссері - Гүлназ Балпейісова.

«Үздік режиссура» - Гүлназ Балпейісова.

«Үздік режиссура» номинациясының иегері -Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» қойылымының режиссері Гүлназ Балпейісова.

«Үздік ансамбль» - «Қарагөз» қойылымы.

Астана қаласы әкімдігінің «Жастар» театры Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы үшін «Үздік ансамбль» номинациясымен марапатталды. Қойылымның режиссері - Дәурен Серғазин.

«Үздік Ер адам рөлі» - Нұркен Өтеуіл.

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының "Парасат майданы" психологиялық драмасындағы "Бейтаныс" рөлі үшін.

«Үздік Әйел адам рөлі» - Толқын Нұрбекова.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектакліндегі "Ұлпан" рөлі үшін.

«Үздік сценография» - Ерлан Тұяқов.

Астана қаласы әкімдігінің "Жастар" театры "Қарагөз" трагедиясының қоюшы суретшісі.

«Әшірбек Сығай атындағы арнайы жүлде» - Мәмбет Қожалиев.

А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театры "Макбет" спектакліндегі "Макбет" рөлі үшін.

«Екінші пландағы үздік актер» - Нариман Егимбеков.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектакліндегі "аңшы Мүсіреп" рөлі үшін.

«Екінші пландағы үздік актриса» - Анар Адилова.

Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектакліндегі "Шынар" рөлі үшін.

Барлық марапат  фестивальдің негізгі құндылықтарын - көркемдік сапаны, режиссерлік ізденісті және актерлік ансамбльдің үйлесімділігін дәріптейді. Сонымен қатар олар еліміздің театр ұжымдарының кәсіби дамуына, шығармашылық байланыстардың нығаюына және ұлттық драматургияның сахнадағы өміршеңдігін арттыруға ықпал етеді. «Сын - шын болсын…» фестивалі - театр ұжымдарының жетістіктерін саралап қана қоймай, сахна өнерінің бүгінгі бағыты мен болашағына ой жүгіртетін маңызды мәдени алаң.

Осындай жобалар арқылы кәсіби сынның беделі артып, театр мамандарының тәжірибе алмасуына және көрерменнің ұлттық өнерге деген қызығушылығының өсуіне жол ашылады. Қарағанды төрінде өткен республикалық фестиваль ұлттық театр өнерінің өрісін кеңейтіп, шығармашылық ізденіске серпін берді. Өнер додасында үздік атанған театр ұжымдары мен мамандарды құттықтаймыз! Шығармашылық табыс, жаңа белестер мен көрермен жүрегінен орын алатын жарқын қойылымдар тілейміз!

19 октября 2026
CREATIVE AIMAQ: ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕУЕТІ АСТАНАДА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ.

Астанада 17-18 қазан күндері QazaqCreative Hub алаңында өткен CREATIVE AIMAQ шығармашылық жәрмеңкесі өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған мәдени іс-шараға Қарағанды облысынан 80-нен астам қолөнерші, дизайнер мен суретші қатысып, өз туындыларын көпшілік назарына ұсынды. Жәрмеңкеге 4 500 адам келіп, сауда көлемі 10 миллион теңгеге жетті.

Шығармашылық индустрия өкілдерінің басын қосқан жәрмеңке ұлттық қолөнерді, заманауи дизайнды және авторлық өнерді кеңінен насихаттауға, отандық шеберлердің шығармашылығын қолдауға әрі олардың өнімдерін жаңа аудиторияға таныстыруға мүмкіндік берді. Іс-шара барысында Қарағанды өңірінің өнерпаздары мен шеберлері өздерінің бірегей туындыларын ұсынып, шығармашылық әлеуетін және кәсіби шеберлігін көрсетті.

Жәрмеңке келушілеріне авторлық картиналар, әшекей бұйымдар, ұлттық киімдер, дизайнерлік топтамалар, кілемдер, керамикалық бұйымдар және қолдан жасалған түрлі өнімдер ұсынылды. Әрбір бұйым автордың өзіндік қолтаңбасын, шығармашылық ізденісін және ұлттық нақышқа деген құрметін танытты. Келушілер туындыларды тамашалап қана қоймай, өздеріне ұнаған бұйымдарды тікелей авторларынан сатып алуға мүмкіндік алды.

CREATIVE AIMAQ жәрмеңкесінің маңызды ерекшеліктерінің бірі - дәстүрлі қолөнер мен заманауи технологиялардың қатар ұсынылуы. Арнайы алаңдарда инклюзивті шығармашылыққа, ұлттық музыкалық аспаптарға, ақпараттық технологияларға, жасанды интеллектке және ұшқышсыз технологиялар саласындағы заманауи әзірлемелерге ерекше назар аударылды. Бұл шығармашылық индустрияның түрлі бағыттарын бір кеңістікте тоғыстырып, дәстүр мен инновацияның өзара сабақтастығын көрсетті.

Жәрмеңке бағдарламасы аясында суретші Кәріпбек Күйіковтің шығармашылық және өмір жолына арналған «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптарының тұсаукесері өтті. Бұл басылымдар өнер иесінің өмірлік ұстанымы мен шығармашылық жолын таныстыруға бағытталған маңызды мәдени оқиғалардың бірі болды.

Келушілер үшін сән көрсетілімдері, шеберлік сабақтары және Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігі ұжымдарының концерттері ұйымдастырылды. Түрлі мәдени бағдарламалар жәрмеңкенің мазмұнын байытып, көрермендерге өнердің бірнеше бағытын бір мезгілде тамашалауға мүмкіндік берді.

Шеберлік сабақтары барысында қатысушылар сәндік-қолданбалы өнердің түрлі бағыттарымен танысып, қолөнер бұйымдарын өз қолдарымен жасап көруге мүмкіндік алды. Ал шығармашылық жобалардың авторларымен жүздесу келушілерге әр туындының жасалу ерекшелігі, идеясы мен авторлық шешімдері туралы толығырақ білуге жол ашты.

Екі күн ішінде жәрмеңкеге 4 500 адамның келуі және сауда көлемінің 10 миллион теңгеге жетуі шығармашылық өнімдерге деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Бұл көрсеткіштер авторлық бұйымдарды көпшілікке таныстырумен қатар, жергілікті шеберлердің еңбегін қолдауға және олардың өнімдерін нарыққа шығаруға арналған осындай алаңдардың маңызын айқындайды.

CREATIVE AIMAQ шығармашылық жәрмеңкесі Қарағанды облысының қолөнершілері, дизайнерлері мен суретшілері үшін тәжірибе алмасуға, кәсіби байланыстар орнатуға және өз туындыларын кең аудиторияға ұсынуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар іс-шара ұлттық өнер мен заманауи шығармашылық бағыттарды дамытуға, отандық өнімдердің танымалдылығын арттыруға және шығармашылық индустрияның әлеуетін көрсетуге ықпал етті.

19 октября 2026
ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА КӨРУ ҚАБІЛЕТІ БҰЗЫЛҒАН БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН «АЙНАЛАЙЫН» КІТАБЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТТІ.

Халықаралық «Ақ таяқ» күніне орай Қарағанды облысында көру қабілеті бұзылған балаларға арналған «Айналайын» кітабының тұсаукесері өтті. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың көркем әдебиетке қолжетімділігін арттыруға, олардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытуға және Брайль қарпімен оқу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған басылымның жарық көруі - инклюзивті мәдени орта қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.

Іс-шара Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен, ақын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, «Білте» қоғамдық қорының президенті Мақпал Мысаның бастамасымен жүзеге асырылды.

Халықаралық «Ақ таяқ» күні - көру қабілеті бұзылған адамдардың құқықтарына, қоғам өміріне толыққанды қатысуына және олардың қажеттіліктеріне назар аударуға үндейтін маңызды күн. Осыған орай жарық көрген «Айналайын» кітабы балалардың әдебиет әлеміне еркін енуіне мүмкіндік беріп, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттыруды, ұлттық және өңірлік құндылықтарды танытуды мақсат етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік қолдау көрсету, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау және әрбір азаматқа тең мүмкіндік ұсыну мәселелеріне айрықша мән беріп келеді. Осы бағыттағы бастамалар әр адамның құқықтары мен қадір-қасиетін құрметтейтін, қоғамның барлық мүшесіне мүмкіндік беретін инклюзивті ортаны қалыптастырудың маңызын айқындайды.

«Айналайын» кітабы - осы мақсаттарға үндес, балалардың рухани дамуына жол ашатын мәдени-ағартушылық жоба. Басылымның басты ерекшелігі - оның бедерлі-нүктелі Брайль қарпімен жарық көруі. Бұл көру қабілеті бұзылған балаларға шығармаларды өз бетінше оқуға, әдебиетке қызығушылығын арттыруға және көркем сөз арқылы қоршаған ортаны тануға мүмкіндік береді.

Кітапқа Қарағанды өңірінің табиғатын, тарихын және рухани құндылықтарын танытатын 15 автордың шығармасы енгізілген. Шығармалар мазмұны арқылы жас оқырмандар туған өлкенің ерекшеліктерімен танысып, оның мәдени мұрасы мен бай табиғаты туралы мағлұмат алады. Басылым балалардың туған жерге деген сүйіспеншілігін қалыптастыруға, қиялын дамытуға және білімге деген ынтасын арттыруға бағытталған.

Жобаның тағы бір маңызды ерекшелігі - кітаптағы барлық шығарманың дыбысталғаны. Оқырмандар басылымның соңында орналастырылған QR-код арқылы шығармалардың аудионұсқаларын тыңдай алады. Осылайша, кітап Брайль қарпімен оқуды және аудиоматериалдарды пайдалануды ұштастырып, балаларға ақпаратты қабылдаудың қосымша мүмкіндігін ұсынады.

Тұсаукесер барысында кітап авторы Мақпал Мыса сөз сөйлеп, басылымның идеясы мен маңызына тоқталды. Оның бастамасымен жүзеге асқан бұл жоба көру қабілеті бұзылған балалардың көркем әдебиетке қолжетімділігін кеңейтуге және олардың шығармашылық әлеуетін қолдауға бағытталған.

«Айналайын» кітабының жарық көруі - өңірдегі инклюзивті мәдениет пен балалар әдебиетін дамытуға қосылған үлес. Мұндай бастамалар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың рухани әлемін байытып қана қоймай, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына, өзіндік қабілеттерін дамытуына және қоршаған ортаны тереңірек тануына жағдай жасайды.

Жаңа басылым жас оқырмандарға туған өлкенің тарихы мен табиғатын танытып, кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды бойына сіңіруге ықпал етеді. «Айналайын» кітабының әр балаға қолжетімді болуы - білім мен мәдениетке бастайтын мүмкіндіктердің баршаға ортақ болуы жолындағы маңызды қадам.

19 октября 2026
«БҰҚАРЕКЕҢ ЖЫРЛАЙДЫ» - ДӘСТҮРЛІ ОБЛЫСТЫҚ ЖЫРШЫ-ЖЫРАУЛАР САЙЫСЫ.

«БҰҚАРЕКЕҢ ЖЫРЛАЙДЫ»: ДӘСТҮРЛІ ОБЛЫСТЫҚ ЖЫРШЫ-ЖЫРАУЛАР САЙЫСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ШЫҒАРЫЛДЫ

Қазақ халқының бай рухани мұрасын дәріптеп, жыраулық өнердің сабақтастығын сақтауға бағытталған «Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі облыстық жыршы-жыраулар сайысы өз мәресіне жетті. Ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, ұлы жырау Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылық мұрасын жас ұрпаққа насихаттауды мақсат еткен байқау қатысушылардың өнері мен шығармашылық әлеуетін танытқан маңызды мәдени шаралардың біріне айналды.

Бұқар жырау Қалқаманұлы -қазақ әдебиеті мен руханиятында айрықша орны бар тарихи тұлға, жыраулық дәстүрдің көрнекті өкілі. Оның толғауларында ел бірлігі, халықтың тұтастығы, адамгершілік, парасаттылық пен ұрпақ тәрбиесі секілді мәңгілік құндылықтар көрініс тапқан. Сондықтан жырау мұрасын зерделеу, оның шығармаларын кеңінен насихаттау және өскелең ұрпаққа жеткізу - ұлттық мәдениетімізді сақтаудың маңызды бағыттарының бірі.

«Бұқарекең жырлайды» сайысы да осы игі мақсаттарды жүзеге асыруға, дәстүрлі орындаушылық өнерді дамытуға және жас таланттардың шығармашылық қабілетін шыңдауға арналды. Байқау барысында қатысушылар жыраулар мұрасына деген құрметін, сөз өнеріне деген ықыласын және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге деген ұмтылысын көрсетті.

Байқауға қатысушылар төрт номинация бойынша бақ сынады. Әр номинация жыраулық дәстүрдің сан қырын ашып, қазақтың төл өнерін әртүрлі бағытта танытуға мүмкіндік берді. Қатысушылардың өнері арқылы дәстүрлі жыршылық мектептің өзіндік ерекшелігі, көркем сөздің құдіреті мен ұлттық мұраның тәрбиелік мәні айқындала түсті.

Байқау жеңімпаздары

«Бұқар жырау оқулары» номинациясы:

  • I орын - Әдібек Арда
  • II орын - Дүйсенбай Сезім
  • III орын - Кенжеғали Дара

«Бұқар жырауша» номинациясы:

  • I орын - Мұратбек Жайнагүл
  • II орын - Бекежанов Айтуар

«Жыршы-жыраулар» номинациясы:

  • I орын - Дәулен Дарын
  • II орын - Сардар Абдулла
  • III орын - Игілік Күнсұлу

«Әлемді түгел білсе де» номинациясы:

  • I орын - Абдикаримова Зиёда
  • II орын - Беганова Амина
  • III орын - Бугинова Влада

Сонымен қатар байқау аясында бірқатар қатысушы арнайы жүлделермен марапатталды. Олардың қатарында Шержанова Екатерина, Ойгорбай Кәмшат, Рахметолла Разия, Аманай Санжар және Сия Айбота бар.

Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған өнерпаздар ұлттық өнерге деген сүйіспеншілігімен, шығармашылық ізденісімен және жыраулық дәстүрді дәріптеуге қосқан үлесімен ерекшеленді. Қатысушылар үшін бұл сайыс өз шеберлігін көрсетуге, тәжірибе жинақтауға, өнердегі мүмкіндіктерін кеңейтуге және қазақтың дәстүрлі сөз өнеріне деген қызығушылығын арттыруға жол ашты.

Мұндай мәдени іс-шаралардың маңызы зор. Өйткені жыраулық өнер - халқымыздың тарихи жадын, дүниетанымын, даналығы мен рухани құндылықтарын ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін асыл мұра. Жыр мен толғау арқылы елдік пен бірлікті, адамгершілік пен ізгілікті дәріптеу — ұлттық мәдениетіміздің өміршеңдігін танытатын маңызды құбылыс.

«Бұқарекең жырлайды» дәстүрлі облыстық сайысы да осы мұраны жаңғыртып, жас буынның ұлттық өнерге деген қызығушылығын арттыруға және жыраулық дәстүрдің үзілмей жалғасуына үлес қосты.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді шын жүректен құттықтаймыз! Байқауға қатысқан барша өнерпазға ұлттық мұрамызды ұлықтап, жыраулық дәстүрді дәріптеуге қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, шығармашылық табыстарыңыз арта берсін! Қазақтың жыршылық және жыраулық өнері жасай берсін!

13 октября 2026
Өнер мен өлеңге тағзым: Қарағандыда Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған кеш өтті.

Қазақ музыкасы мен поэзиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті тұлғалар - Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, композитор Кеңес Дүйсекеев пен ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Франц Кафка атындағы халықаралық «Алтын медаль» сыйлығының лауреаты Шөмішбай Сәриевтің туғанына 80 жыл толуына орай әдеби-сазды кеш өтті.

Руханият пен өнерді тоғыстырған тағылымды шараның мақсаты - қос дарынның бай шығармашылық мұрасын ұлықтау, олардың өнеріндегі терең үндестікті таныту, ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дәріптеу, жас ұрпақтың әдебиет пен музыкаға деген қызығушылығын арттыру.

Кеш барысында көрермендер Кеңес Дүйсекеев пен Шөмішбай Сәриевтің өмірі мен шығармашылығына арналған бейнероликтерді тамашалап, композитордың жүрекке жеткен әуендері мен ақынның сырлы жырларынан сусындады. Сондай-ақ ақын Ерқанат Кеңесбекұлымен шығармашылық кездесу өтіп, әдеби мұра мен өнер сабақтастығы туралы мазмұнды әңгіме өрбіді.

Әдеби-сазды кеш аясында «Қарағым-ай», «Ей, дүние, жаныма дем бересің», «Ойлан, балам», «Айнам көл», «Атамекен-ай» әндері орындалды. Әсем әуендер мен әсерлі шығармалар көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлап, қазақ өнерінің қайталанбас болмысын тағы бір мәрте танытты.

Тағылымы мол шара қос тұлғаның шығармашылығына тағзым етіп, қазақтың ән өнері мен поэзиясындағы рухани сабақтастықты дәріптеді. Өнер иелерінің мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ұлттық мәдениетіміздің асыл қазынасы ретінде өз құндылығын сақтай бермек.

13 октября 2026
«Дүниеге келер әлі талай Қасым…»: Қарағандыда республикалық мүшәйра жеңімпаздары марапатталды.

Қасым жыры - қазақ рухының үні! Қарағандыда дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылған республикалық мүшәйра қорытындыланып, үздік ақындар марапатталды.

Қарағанды қаласында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, өр рухты ақын Қасым Аманжоловтың 115 жылдығына арналған «Дүниеге келер әлі талай Қасым…» атты республикалық ақындар мүшәйрасы өтті.

Жыр додасының басты мақсаты - ақынның бай әдеби мұрасын ұлықтау, ұлттық поэзияның қадір-қасиетін дәріптеу, сондай-ақ жас қаламгерлердің шығармашылық ізденістеріне қолдау көрсету. Мүшәйра ақындық өнерді ардақтаған жырсүйер қауымның басын қосып, қазақ әдебиетінің сабақтастығы мен рухани құндылықтарын тағы бір мәрте айшықтады.

Қасым рухы - ұрпаққа аманат

Іс-шара аясында марқұм ақын Қайрат Асқаровтың кітабының тұсаукесері өтті. Бұл тағылымды сәт ақынның әдеби мұрасын еске алып, шығармашылығына құрмет көрсетуге арналды. Қаламгердің рухани мұрасы мен поэзияға қосқан үлесі әдебиетсүйер қауым үшін ерекше мәнге ие болды.

Мүшәйра қорытындысы бойынша қазылар алқасы ақындардың шығармаларын саралап, үздіктерді анықтады.

Республикалық мүшәйра жеңімпаздары

  • I орын – Мирас Асан
  • II орын – Мәрлен Ғилымхан
  • III орын – Нұржан Кәдірәлі
  • Дәулет Ырысбайұлы атындағы арнайы жүлде – Төлеген Меллат
  • Қайрат Асқаров атындағы арнайы жүлде – Сезім Мергенбай

Жеңімпаздар мен арнайы жүлде иегерлері өз шығармашылық ізденістері мен ақындық қарым-қабілеттерін танытып, жыр бәйгесінде үздіктер қатарынан көрінді.

Әдебиетке төрелік еткен қазылар алқасы

Мүшәйраға қатысушылардың шығармаларын белгілі әдебиет және өнер өкілдерінен құралған қазылар алқасы бағалады.

Қазылар алқасының төрағасы:

  • Бауыржан Жақып – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы.

Қазылар алқасының мүшелері:

  • Серік Ақсұңқарұлы – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
  • Светқали Нұржан – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
  • Ғалым Жайлыбай – Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты;
  • Жанарбек Әшімжан – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Жыр жалғасады, рух жаңғырады

Қасым Аманжоловтың өршіл поэзиясы - ұлттық рухтың, азаматтық ұстанымның және туған елге деген сүйіспеншіліктің жарқын көрінісі. Оның шығармалары уақыт өткен сайын жаңа ұрпақтың жүрегіне жол тауып, қазақ әдебиетінің алтын қорындағы орнын айқындай түсуде.

«Дүниеге келер әлі талай Қасым…» атты республикалық мүшәйра - ақын мұрасын ұлықтап қана қоймай, қазақ поэзиясының болашағына жол ашатын маңызды әдеби бастама.

Жыр бәйгесінде жеңіске жеткен ақындарды шын жүректен құттықтаймыз! Қаламдарыңыз мұқалмасын, шабыттарыңыз сарқылмасын, қазақ жырының көкжиегі кеңейе берсін!

13 октября 2026
Қарағанды қуыршақ театры халықаралық сахнада: «Буратино» ұжымы Қорған фестивалінен оралды.

Өнер шекара талғамайды! Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының «Буратино» қуыршақ театр-студиясы Қазақстанның театр өнерін халықаралық деңгейде танытып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

2026 жылғы 2-6 қазан аралығында Ресейдің Қорған қаласында V Халықаралық қуыршақ театрларының «Ұшу арманы. Өнер туралы диалог» фестивалі өтті. Өнер мерекесі Ресей, Қазақстан, Беларусь, Қытай және Перу елдерінің театр ұжымдарын бір сахнаға тоғыстырып, мәдениетаралық шығармашылық байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.

«Махаббат аңызы» - сезім мен қиял тоғысқан сахналық әлем

Халықаралық фестиваль аясында Қарағанды театры көрермен назарына «Махаббат аңызы» спектаклін ұсынды. Қуыршақ театрының көркемдік мүмкіндіктерін актерлік пластикамен, бимен, музыкамен және драмалық әрекетпен үйлестірген бұл пластикалық қойылым өзіндік сахналық шешімімен ерекшеленді.

Спектакль көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, жылы пікірлер мен зор қызығушылық тудырды. Қойылымдағы өнер түрлерінің үйлесімі, сахналық бейнелердің әсерлілігі мен шығармашылық ізденіс көрермендерге ұмытылмас әсер сыйлады.

Фестивальге қатысу «Буратино» театр-студиясы үшін кәсіби тәжірибе алмасуға, халықаралық шығармашылық байланыстарды кеңейтуге және отандық қуыршақ театрының әлеуетін жаңа қырынан танытуға жол ашты.

Қарағанды өнері - халықаралық сахна төрінде

Қарағандылық өнерпаздардың бұл сапары - өңірдің мәдени өміріндегі маңызды оқиғалардың бірі. Халықаралық фестивальде өнер көрсету арқылы шығармашылық ұжым қаланың ғана емес, тұтас Қазақстанның театр өнерін лайықты танытты.

Қойылымның көрермендер тарапынан жылы қабылдануы - ұжымның кәсіби шеберлігі мен шығармашылық ізденісінің нәтижесі.

Қарағандының өнерпаздарымен мақтанамыз! «Буратино» театр-студиясына жаңа шығармашылық белестер, жарқын премьералар және халықаралық сахналарда толағай табыстар тілейміз!

Шығармашылық топ:

  • Режиссер – Антон Зайцев.
  • Суретші – Юлия Чернова.
  • Хореограф – Жанна Жаппарова.
  • Композитор – Әбілқайыр Сағымбаев.
13 октября 2026
Қайсарлыққа тағзым: Кәріпбек Күйіковтің «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптары оқырманға жол тартты.

Қарағандыда өмірдің сынағына мойымаған қайсар рухты, өнерге деген шексіз сүйіспеншілікті және адам жігерінің құдіретін дәріптейтін тағылымды кездесу өтті.

Қарағанды облысының тарихи-өлкетану музейінде Қазақстанның ізгі ниет елшісі, халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі, белгілі суретші Кәріпбек Телтайұлы Күйіковтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Қайсар рух» және «Жизнь без рук» атты автобиографиялық кітаптарының тұсаукесері өтті.

«Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған рухани-танымдық шара автордың тағдырлы өмір жолын, шығармашылық әлемін және қоғамдық қызметін кеңінен таныстыруға арналды. Кездесу барысында суретшінің туындылары мен тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылып, оның өмірі мен шығармашылығы туралы сыр шертетін бейнебаян көрсетілді.

Өмірге құштарлық пен қайсар рухтың шежіресі

Кітаптардың тұсаукесер рәсіміне Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Үсенұлы Әлденей мен Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нұркен Сайфиддинұлы Қобжанов қатысты.

Жаңа басылымдардың оқырманға жол тартуы қазақ халқының «тұсау кесу» дәстүрімен сабақтасып, ерекше мазмұнға ие болды. Ұлттық дәстүр аясында кітаптарға ақжолтай тілектер айтылып, автордың шығармашылық еңбегіне құрмет көрсетілді.

«Қайсар рух» пен «Жизнь без рук» - Кәріпбек Күйіковтің өмір жолын ғана емес, оның бойындағы қайсарлықты, табандылықты және өмірге деген шексіз құштарлықты танытатын туындылар. Бұл кітаптар оқырманды кез келген қиындыққа мойымай, өз мақсатына сеніммен қадам басуға үндейді.

Димаш Құдайбергеннен жүрекжарды бейнеүндеу

Кештің ерекше әсерлі сәттерінің бірі - әйгілі әнші Димаш Құдайбергеннің бейнеүндеуі болды. Бұған дейін өнер иесі Кәріпбек Күйіковтен кітапты қабылдап, оны оқып шыққаннан кейін өз әсерімен әлеуметтік желідегі парақшасында бөліскен болатын.

Бұл сәт шығармашылық тұлғалар арасындағы рухани үндестікті айқындап, кітаптың мазмұны мен автор көтерген идеялардың кең аудитория үшін маңызын көрсетті.

Кездесу барысында Кәріпбек Телтайұлы кітаптарының жазылу тарихына тоқталып, шығармаларының негізгі идеяларымен бөлісті. Автор өмірлік тәжірибесі мен шығармашылық ізденістері туралы әңгімелеп, оқырмандарға кітаптардың астарындағы терең ойды жеткізді.

Сондай-ақ ақын, журналист, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Бағдат Мүбарак кеш қонақтарына «Рух» атты арнауын оқып берді. Поэзиялық туынды кездесудің мазмұнын байытып, қайсарлық пен адам рухының биіктігін дәріптеген тағылымды шараның әсерін күшейте түсті.

Қайсар рух - өмірге деген сенімнің символы

Кәріпбек Күйіковтің өмірі мен шығармашылығы - адам мүмкіндігінің шексіздігін, жігер мен сенімнің кез келген кедергіден биік тұратынын дәлелдейтін жарқын өнеге. Оның өнері арқылы әлемге жолдаған үндеуі бейбітшілік, адамгершілік және ядролық қарусыз болашақ идеяларымен тығыз байланысты.

«Қайсар рух» және «Жизнь без рук» кітаптары - бір адамның ғұмырнамасы ғана емес. Бұл - қиындыққа мойымаудың, өмірді сүюдің, өнерге адалдықтың және армандарға жету жолында табандылық танытудың жарқын үлгісі.

Өйткені қайсар рух -тағдырға қарсы тұру ғана емес, қандай жағдайда да өмірден мән тауып, өз шуағыңмен өзгелерге үміт сыйлай білу.

13 октября 2026
Өнерде шекара жоқ: «Жан шуағы» фестивалі жүректерге жылу сыйлады.

Қарағандыда XXIX облыстық «Жан шуағы» фестивалі аясында шығармашылықтың шексіз мүмкіндіктерін паш еткен көрме мен «Творчество души» гала-концерті өтті.

2026 жылғы 7 қазанда Қарағанды қаласындағы К. Станиславский атындағы театр ерекше шабыт пен шаттыққа, мейірім мен әсемдікке толы мәдени шараның орталығына айналды. Мұнда денсаулық мүмкіндігі шектеулі адамдардың шығармашылық әлеуетін дәріптеп, олардың өнерін кеңінен танытуға бағытталған XXIX облыстық «Жан шуағы» фестивалі аясында «Шексіз мүмкіндіктер әлемі» шығармашылық жұмыстар көрмесі және «Творчество души» атты мерекелік гала-концерт ұйымдастырылды.

Фестивальдің басты мақсаты - әр адамның бойындағы талантты таныту, шығармашылыққа деген қызығушылығын қолдау және өнер арқылы қоғамдағы өзара түсіністік пен ізгілік құндылықтарын нығайту.

«Шексіз мүмкіндіктер әлемі»: әр туындыда - жүрек үні

Сағат 10:00-де театр фойесінде ашылған көрме келушілерге ерекше әсер сыйлады. Мұнда фестиваль қатысушыларының суреттері, картиналары, сәндік-қолданбалы өнер бұйымдары және басқа да шығармашылық жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды.

Әрбір туынды - автордың ішкі жан дүниесінің көрінісі, сезімдері мен армандарының, қиялы мен өмірге деген ерекше көзқарасының көркем бейнесі. Түрлі түстер мен пішіндер арқылы өрілген шығармалар адам бойындағы таланттың, табандылықтың және шабыттың шексіз екенін дәлелдеді.

Көрменің ашылу салтанаты Саран қаласындағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының «Pulse» вокалдық-хореографиялық ансамблі орындаған «Зажигай!» композициясымен басталды. Әсерлі қойылым көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік шараның жарқын басталуына жол ашты.

Іс-шара барысында шығармашылықтың адам өміріндегі ерекше орны, өнердің рухани күш-қуаты және ерекше қажеттіліктері бар адамдардың қабілеттерін дамыту мен қолдаудың маңыздылығы атап өтілді.

Көрмеге белсенді қатысып, өз туындыларын ұсынған шығармашылық иелеріне арнайы дипломдар табысталды. Марапаттау рәсіміне «Қуаныш» ансамблінің қыздары қатысып, жеңімпаздар мен қатысушыларға құрмет пен ізгі тілектерін жеткізді.

Сонымен қатар шығармашылық жолда қолдау көрсетіп жүрген ата-аналарға, жақындарына, педагогтерге, шығармашылық ұжым жетекшілеріне, мәдениет саласының мамандарына, әлеуметтік қызметкерлерге, достар мен тәлімгерлерге шынайы алғыс білдірілді. Өйткені әрбір жетістіктің артында сенім сыйлаған, жігер берген және алға жетелеген жандардың еңбегі бар.

«Творчество души»: өнер сөйлегенде, жүректер үндеседі

Көрмеден кейін фестивальдің жарқын жалғасы - «Творчество души» гала-концерті көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.

Концерттің шымылдығын Қарағанды қаласының облыстық Саңыраулар мәдениет үйінің «Меруерт» халықтық ым-ишара және би ансамблі «Теңгри» вокалдық-хореографиялық композициясымен ашты. Әсерлі сахналық қойылым кештің мазмұнын айшықтап, өнердің тілден де, сөзден де биік тұратын ортақ әлем екенін көрсетті.

Гала-концертке Қарағанды облысының түрлі өңірлерінен келген шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылар қатысты. Сахна төрінде Теміртау мен Балқаш қалаларының, Ақтоғай, Қарқаралы, Баянауыл, Бұқар жырау және Абай аудандарының өнерпаздары, Саран қаласындағы Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының «Pulse» ансамблі, Қарағанды қаласының арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының шығармашылық ұжымдары, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мәдениет үйінің және Саңыраулар мәдениет үйінің өнерпаздары, сондай-ақ «Бірлік» халықтық вокалдық ұжымы өнер көрсетті.

Концерттік бағдарлама мазмұнының байлығымен және жанрлар әралуандығымен ерекшеленді. Көрермендер әсем әндер мен ырғақты билерді, музыкалық композицияларды, пантомиманы, поэзиялық шығармаларды және хореографиялық қойылымдарды тамашалады. Әрбір нөмір сахнаға өзіндік бояу қосып, қатысушылардың таланты мен еңбегін, өнерге деген шынайы сүйіспеншілігін танытты.

Әртістердің өнері көрермендердің жүрегіне жол тауып, залға ерекше жылулық пен қуаныш сыйлады. Сахнада тек шығармашылық қабілет қана емес, адамның жігері, қайсарлығы, өзіне деген сенімі мен арманына адалдығы көрініс тапты.

Жүректерді біріктірген өнер мерекесі

XXIX облыстық «Жан шуағы» фестивалі - талантты қолдауға, шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтуге және әр адамның қоғам өміріне белсенді араласуына жол ашатын маңызды мәдени бастама.

«Шексіз мүмкіндіктер әлемі» көрмесі мен «Творчество души» гала-концерті өнердің адамды жақындастыратын, шабыттандыратын және жүректерге үміт сыйлайтын құдіретін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Бұл күн қатысушылар үшін өз өнерін көрсетуге мүмкіндік берсе, көрермендер үшін шынайы эмоцияға, рухани әсерге және жарқын сәттерге толы мерекеге айналды.

Өйткені өнерде шекара жоқ. Шабыт бар жерде - мүмкіндік бар, ал жүрекпен жасалған әрбір туындыда - жан шуағы бар!

01 октября 2026
Қарағандыда архив ісі және құжаттаманы басқару мәселелеріне арналған өңірлік семинар өтті.

Қарағанды қаласында архив ісі және құжаттаманы басқару саласындағы өзекті мәселелерге арналған өңірлік семинар өз жұмысын қорытындылады. Екі күнге созылған кәсіби жиынға Қазақстанның бес облысынан 250-ге жуық архив саласының маманы қатысты.

Семинар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Архив ісі саласындағы мемлекеттік саясат және бақылау басқармасының ұйымдастыруымен, Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасымен бірлесіп, Қарағанды облысының Мемлекеттік архиві базасында өткізілді.

Жиынның негізгі мақсаты - архив ісі мен құжаттаманы басқару саласындағы заңнамалық өзгерістерді түсіндіру, жаңа талаптарды тәжірибеде қолдану мәселелерін қарастыру, сондай-ақ архив қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау.

Семинардың алғашқы күні архив ісі мен құжаттаманы басқару саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасына енгізілген негізгі өзгерістерге арналды. Мамандарға қолданыстағы нормативтік талаптар, архивтердің және тиісті қызметтердің жұмысындағы жаңа бағыттар түсіндіріліп, заңнамалық нормаларды практикалық қызметте қолдану тәртібі қарастырылды.

Сонымен қатар қатысушылар архив құжаттарын сақтау, есепке алу, пайдалану және құжаттаманы басқару үдерістерін ұйымдастыруға қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Кездесу барысында мамандарды қызықтырған сұрақтарға жауаптар беріліп, нақты жұмыс тәжірибесіне негізделген түсіндірмелер ұсынылды.

Семинардың екінші күні «Е-Архив» ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу тәжірибесіне арналды. Практикалық сабақтар барысында мамандар ақпараттық жүйенің негізгі функционалдық мүмкіндіктерімен танысып, оны жұмыс барысында пайдалану тәртібін меңгерді.

Қатысушыларға жүйенің тиімді мүмкіндіктері, ақпаратпен жұмыс істеу алгоритмдері, сондай-ақ техникалық және әдістемелік сүйемелдеу мәселелері бойынша жан-жақты түсіндірме берілді. Практикалық формат мамандарға алған білімдерін тікелей жұмыс барысында қолдануға мүмкіндік берді.

Өңірлік семинар аясында архив саласындағы өзекті мәселелер ашық форматта талқыланып, қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Мамандар жұмыс үдерістерін жетілдіру, архив ісін цифрландыру және заманауи ақпараттық жүйелерді тиімді пайдалану бағыттары бойынша ұсыныстарын ортаға салды.

Жиынның маңызды бөлігі ретінде Қарағанды облысының Мемлекеттік архиві қорларындағы құжаттардан арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрме арқылы қатысушылар өңір тарихына қатысты архивтік құжаттармен танысып, тарихи деректердің сақталуы мен оларды ғылыми және қоғамдық айналымға енгізудің маңызын бағамдады.

Өңірлік семинар архив саласы мамандарының кәсіби байланысын нығайтып, тәжірибе алмасуына, заңнамалық және цифрлық өзгерістерді талқылауына, сондай-ақ архив қызметін одан әрі жетілдірудің өзекті бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы