
Қарағанды облысында 2020 жылы 29 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов мәлім етті.
Ол сондай-ақ "Нұрлы жер" бағдарламасының жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
- 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздері есебінен 3084 пәтер пайдалануға берілді. Бұл 2018 жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішімен салыстырғанда 103,3% құрайды. "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 2019 жылы республикалық және жергілікті бюджеттен 12,3 млрд.теңге бөлінді, - деді ол.
"Бақытты отбасы" бағдарламасы бойынша биыл тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 255 өтінім қабылдады. Оның 236-сы мақұлданды, пәтерлерді сатып алуға 146 қарыз берілді.
Биыл көп балалы отбасыларға 111 жалға берілетін пәтер және 770 несие беріледі деп жоспарлануда.
2020 жылы жоспар бойынша жалға берілетін пәтерлер 1969 отбасына табыс етілуі тиіс. Сонымен қатар облыстың қалалары мен аудандарында 29 тұрғын үйдің құрылысы басталады.
Жеңіс Қасымбек қала және аудан әкімдеріне тұрғын үй құрылысының сапасы мен қарқынын мұқият қадағалауды тапсырды.
- Барлық жоспарларды осы жылдың соңына дейін жүзеге асыру қажет. Бұл өте маңызды мәселе. Пәтер алу кезегін және күту мерзімін қысқарту қажет, - деді облыс әкімі.
Ол сондай-ақ "Нұрлы жер" бағдарламасының екінші кезеңі аясында жаңа үйлердің құрылысына бюджеттік өтінімдерді дайындау қажеттігін еске салды. Ол 2020 жылы басталып, бес жылға созылады.