GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Қызметі
Байланыс ақпараты
Басқарма туралы
Құжаттар
Баспасөз орталығы
Онлайн қабылдау
Все материалы
Туризм
21 октября 2026
Қарқаралыда бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өтті

Қарқаралыда туристік саланы дамыту, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары және туристік жобаларды жүзеге асыруға перспективалы бос жер учаскелерін игеруге инвесторлар тарту мәселелері бойынша бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өтті.

Кездесу барысында қатысушылар туристік инфрақұрылымды дамыту мүмкіндіктерін, жаңа инвестициялық бастамаларды іске асыру шарттарын, сондай-ақ кәсіпкерлерге қолжетімді мемлекеттік қолдау құралдарын талқылады.

Мұндай кездесулер мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер арасындағы өзара байланысты нығайтуға, саланың өзекті мәселелерін анықтауға және перспективалы жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға ықпал етеді.

Туризм
21 октября 2026
Гидтер мен экскурсия жүргізушілері қандай заң талаптарын сақтауы тиіс?

Қазақстанда гидтердің, экскурсия жүргізушілерінің және туризм нұсқаушыларының қызметін реттейтін талаптар жаңартылды. 2026 жылы қабылданған заңнамалық өзгерістерге сәйкес, аталған мамандардың қызметін жүзеге асыру тәртібі нақтыланды.

Негізгі талаптардың бірі — қызметті бастамас бұрын белгіленген тәртіппен хабарлама беру. Бұл талапты орындамай жұмыс істеу әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Туризм индустриясы комитеті жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, саладағы заң талаптарының сақталуына бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр. Заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

Гид қызметін қалай заңдастыруға болады? Қандай талаптарды сақтау қажет? Міндетті хабарламасыз жұмыс істегені үшін қандай жауапкершілік көзделген?

Осы сұрақтардың жауаптары мен қызметті заңды түрде жүзеге асыру тәртібі ұсынылған ақпараттық материалда қамтылған. Сонымен қатар, қызметтің басталғаны туралы хабарлама беру және гидтердің ресми тізілімін тексеру үшін QR-кодтар орналастырылған.

Туризм
19 октября 2026
Қарағанды облысы делегациясының Павлодар облысының Баянауыл ауданына Қарағанды облысының туризм басқармасы, Қарқаралы ауданының әкімдігі өкілдері мен инвестордың қатысуымен сапары

Қарағанды облысы туристік әлеуетті дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және өңір тұрғындары мен қонақтарының жайлы демалысына қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда. Бұл ретте туристік аумақтарды абаттандыру, туристер баратын нысандарды дамыту және салаға инвестиция тарту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.

Осы жұмыстар аясында 2026 жылғы 15–16 қазанда Қарағанды облысы делегациясының Павлодар облысының Баянауыл ауданына жұмыс сапары өтті. Делегация құрамына Қарағанды облысының туризм басқармасының, Қарқаралы ауданы әкімдігінің өкілдері және инвестор кірді.

Сапардың мақсаты – туристік инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде визит-орталықтарды салу және олардың жұмысын ұйымдастыру, жағажай аумақтарын абаттандыру, сондай-ақ өңірдің туристік әлеуетін арттырудың тиімді тәсілдері бойынша тәжірибе алмасу.

Сапар барысында қатысушылар туристік инфрақұрылым нысандарымен, визит-орталықтың жұмысын ұйымдастыру тәжірибесімен, демалыс орындарын абаттандыру және туристерге қолайлы жағдай жасау тәсілдерімен танысты. Инвестиция тарту, туристік нысандарды дамыту және туристік әлеуеті жоғары аумақтарды кешенді түрде абаттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Жинақталған тәжірибе Қарағанды облысындағы туристік аумақтарды дамыту жөніндегі жұмыстарды жетілдіруге және Қарқаралы ауданында жаңа жобаларды жоспарлау кезінде тиімді шешімдерді қолдануға мүмкіндік береді.

Туризм
19 октября 2026
Туризм біріктіреді: идеялар, ынтымақтастық және жаңа мүмкіндіктер

Бүгін Қарағанды облысының туризмін дамытуға ортақ қызығушылық танытқан туристік сала өкілдері мен белсенді энтузиастардың бейресми кездесуі өтті.

Қатысушылар өз қызметтерімен таныстырып, идеяларымен бөлісті және туризмнің әртүрлі бағыттарының мүмкіндіктерін біріктіріп, сапалы туристік өнім қалыптастыру жолдарын талқылады. Кездесудің басты мақсаты - идеялардан нақты жобаларға көшу, өңіріміздің әлеуетін ашу және оны саяхатшылар үшін тартымды ету.

Ашық диалогқа белсенді, спорттық, ат және сән туризмі, қолөнер саласының өкілдері, сондай-ақ цифрлық шешімдер арқылы туризмді дамытуға мүдделі мамандар мен туристік саланың басқа да бағыттарының өкілдері қатысты.

Жаңа таныстықтар, тәжірибе алмасу, ортақ мүдделерді анықтау және ынтымақтастыққа дайындық кездесудің маңызды бөлігіне айналды. Өйткені әртүрлі қызығушылықтар мен кәсіби тәжірибелер тоғысқан жерде тың идеялар, жаңа әріптестік байланыстар және сұранысқа ие туристік өнімдер пайда болады.

Қатысушылардың ортақ мақсаты - күш біріктіріп, идеяларды Қарағанды облысының туристік болашағына бағытталған нақты жобаларға айналдыру.

Туризм
15 октября 2026
Балқаш қаласында инклюзивті жағажай құру жобасы қарастырылды

Туризм басқармасы мүдделі мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, Балқаш қаласының кәсіпкері Сергей Николаевич Казаков ұсынған инклюзивті жағажай құру жобасын қарастырды. Жоба ерекше қажеттіліктері бар адамдардың демалысы үшін қолжетімді әрі жайлы жағдай жасауға бағытталған.

Бұл бастаманы жүзеге асыру кедергісіз орта қалыптастыруға, баршаға тең демалыс мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге және қоғамдық кеңістіктердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Жобаны әзірлеу барысында мүгедектігі бар адамдардың қажеттіліктеріне, қауіпсіздік пен қолжетімділік талаптарының сақталуына, сондай-ақ халықтың барлық санаты үшін қолайлы инфрақұрылым қалыптастыруға ерекше назар аударылады.

Инклюзивті жағажай құру Балқаш қаласында қолжетімді, жайлы әрі баршаға қолайлы қалалық ортаны қалыптастыру жолындағы маңызды қадам болмақ.

Балқаш – әрбір адам үшін жайлылық пен тең мүмкіндіктер маңызды қала!

Туризм
15 октября 2026
«Атабулак» ЖШС инвесторларының этноат туризм кешенін құру жобасын іске асыруы

Туризм басқармасының басшысы мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлесіп, «Атабулак» ЖШС инвесторларының этноат туризм кешенін құру жобасын іске асыру мәселелерін қарастырды.

Жобаны Абай ауданының Спасск ауылында 2000 жылы құрылған және бүгінгі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқан шаруа қожалығының базасында жүзеге асыру жоспарлануда.

Кездесу барысында жобаны дамыту перспективалары мен оны іске асырудың алдағы қадамдары талқыланды.

Этноат туризм кешенін құру өңірдің туристік саласын дамытуға, ұлттық дәстүрлерді сақтауға және мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға үлес қосады.

Туризм
13 октября 2026
Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экскурсиялық қызметтердің сапасын арттыру және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында гидтер мен экскурсоводтардың қызметіне тексерулер жүргізіледі

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, экскурсиялық қызметтердің сапасын арттыру және заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында гидтер мен экскурсоводтардың қызметіне тексерулер жүргізіледі.

Заңнамада көзделген жағдайларда қажетті рұқсат құжаттарынсыз экскурсия өткізетін тұлғаларға ерекше назар аударылады.

Барлық гидтер мен экскурсоводтарды белгіленген талаптарды сақтауға, қажетті құжаттарды уақтылы рәсімдеуге және қолданыстағы заңнама аясында қызмет атқаруға шақырамыз.

Туристерге экскурсоводты таңдауға жауапкершілікпен қарап, ресми түрде жұмыс істейтін мамандардың қызметіне жүгінуді ұсынамыз.

Туристердің қауіпсіздігі мен экскурсиялық қызметтердің сапасы — біздің ортақ басымдығымыз!

12 октября 2026
БЖЗҚ туралы өзекті сауалдар
  1. Зейнетақы активтерін кім басқарады?

Зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (ҚРҰБ), сондай-ақ 2021 жылдан бастап тиісті лицензиясы бар және уәкілетті органның талаптарына сай келетін инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) жүзеге асырады. Мұндай сенімгерлік басқарудың негізгі мақсаты – зейнетақы жинақтарын түрлі қаржы құралдарына инвестициялап, табыс алу.

Зейнетақы активтерін басқарушылар – ҚРҰБ пен ИПБ-лардың зейнетақы активтерін инвестициялау бойынша өзіндік стратегиясы бар және олар инвестициялық портфельдің құрылымын инвестициялық декларация шеңберінде дербес айқындайды.

Қолданыстағы ИПБ тізіліміне қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға бере алатын 6 жеке компания кіреді:

«Alatau City Invest» АҚ, «BCC Invest» АҚ, «Сентрас Секьюритиз» АҚ, «Halyk Finance» АҚ, «Halyk Global Markets» АҚ, «Tansar Capital» АҚ. (Бұл ретте «Halyk Global Markets» АҚ «БЖЗҚ» АҚ-ға 2027 жылдан бастап сенімгерлік басқару шартын бұзатыны туралы хабарлаған. Осыған байланысты, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қор зейнетақы жинақтарын осы компанияға аудару туралы өтініштерді қабылдамайды).

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

  1. Заңнамалық өзгерістерге сәйкес міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) басқаруына беруге мүмкіндік қарастырылған. Бұл мүмкіндікті кім пайдалана алады және бұл механизм қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарының 100%-на дейін жеке басқарушы компаниялар – ИПБ-ларға сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігін БЖЗҚ-ның барлық салымшылары пайдалана алады. Бұл нормалар 2026 жылғы 7 қыркүйектен бастап күшіне енді.

www.enpf.kz сайтындағы «Қызметтер» – «Инвестициялық портфельді басқарушылар тізілімі» бөлімінен, сондай-ақ invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы арқылы ИПБ туралы ақпаратпен танысып, олардың инвестициялық декларацияларын зерделеуге болады.

Жақында бір ИПБ салымшыларға тәуекел деңгейі, күтілетін кірістілік және инвестициялау мерзімі бойынша ерекшеленетін инвестициялық портфельдердің үш түріне дейін – консервативті, қалыпты және тәуекелді портфельдерді ұсына алады.

Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфельдерін қалыптастыру тәртібін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган айқындайды.

  1. Зейнетақы жинақтарын бірнеше басқарушы компания арасында бөлуге бола ма?

Салымшы бір немесе бірнеше ИПБ-ны таңдай алады. Халықты кеңінен хабардар ету мақсатында БЖЗҚ invest.enpf.kz бірыңғай ақпараттық интернет-платформасын іске қосты. Бұл – салымшыларға сенімгерлік басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) басқаруындағы зейнетақы активтерінің портфельдері бойынша түрлі деректерді бір ақпараттық алаңда салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Салымшы мұнда инвестициялық портфельдерді өз бетінше бағалауға, сондай-ақ өзінің мақсаттары мен күтетін нәтижесіне сай келетін басқарушы компания мен оның инвестициялық стратегиясын таңдауға мүмкіндік беретін құралдарды пайдалана алады.

Бұдан бөлек, invest.enpf.kz платформасында салымшы ИПБ-лардың инвестициялық декларацияларымен танысып, олардың қаржылық көрсеткіштерін талдай алады. Сондай-ақ ИПБ-ларға қатысты реттеуші орган – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚР ҚНРДА) тарапынан қолданылған әкімшілік шаралар, санкциялар мен ықпал ету шаралары туралы ақпаратты да (олар болған жағдайда) көре алады.

  1. Зейнетақы жинақтарын БЖЗҚ-дан басқарушы компанияға беру қалай жүзеге асырылады?

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы алдымен ИПБ-ны таңдап, содан кейін белгіленген нысан бойынша өтініш береді.

Өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе invest.enpf.kz интернет-платформасында электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) пайдалана отырып, сондай-ақ БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып беруге болады.

Жеке кабинетте салымшы, сондай-ақ:

  • ИПБ-ға/ҚРҰБ-қа беруге немесе қайтаруға қолжетімді соманы тексере алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініш беру ережелері және талаптарымен таныса алады;
  • ИПБ-ны таңдау (өзгерту) туралы немесе ҚРҰБ-қа қайтару туралы өтініш беріп, оның мәртебесін қадағалай алады;
  • басқа да қолжетімді зейнетақы қызметтерін пайдалана алады.

Зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға аудару туралы берілген өтініштің мәртебесін сайттағы жеке кабинеттен немесе БЖЗҚ-ның мобильді қосымшасынан бақылауға болады.

ИПБ-ға аударуға өтініш беру және оларды БЖЗҚ-да өңдеу рәсімдері толық автоматтандырылған. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлік басқаруға нормативтік-құқықтық актілерде белгіленген мерзім ішінде береді.

Бұл ретте зейнетақы жинақтарын бір ИПБ-дан екіншісіне аудару немесе оларды ҚРҰБ-тың басқаруына қайтару алғашқы аударылған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң жүзеге асырылуы мүмкін.

  1. Салымшылар зейнетақы активтерін басқару туралы толық ақпаратты қайдан алып, басқарушы компаниялардың қызмет нәтижелерін қалай бақылай алады?

БЖЗҚ – барлық салымшылар үшін бірыңғай есепке алу және ақпараттық орталық, сондай-ақ активтерді кім басқаратынына қарамастан (ҚРҰБ және/немесе салымшы таңдаған ИПБ) олардың жеке зейнетақы шоттарының операторы.

БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқаруға байланысты қолжетімді қызметтер мен сервистерді ұсынады. Азаматтардың зейнетақы жинақтары, оның ішінде инвестициялық табыс ескерілген ақпарат enpf.kz сайтындағы жеке кабинетте немесе БЖЗҚ мобильді қосымшасында 24/7 режимінде берілетін үзінді көшірмелерде толық көрсетіледі.

Әр басқарушының инвестициялық қызметі туралы ақпарат enpf.kz сайтындағы «Статистика және талдау» – «Зейнетақы активтерін инвестициялық басқару» бөлімінде тұрақты түрде жаңартылып отырады.

Сонымен қатар, БЖЗҚ салымшылары үшін invest.enpf.kz ақпараттық интернет-платформасы жұмыс істейді. Бұл – барлық басқарушылардың (ҚРҰБ пен ИПБ) активтерді басқару нәтижелерін өзара салыстыруға мүмкіндік беретін заманауи цифрлық ресурс. Invest.enpf.kz платформасы инвестициялық табыстылық туралы ақпаратқа қол жеткізуге, белгіленген кезең аралығындағы басқарушылар мен олардың инвестициялық портфельдері бойынша деректерді салыстыруға және инвестициялық шешімдерді саналы түрде қабылдауға мүмкіндік береді.

 

Туризм
08 октября 2026
7–8 қазанда Қарқаралыда «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Қарқаралы табиғатына екі күн» экологиялық акциясы өтіп жатыр

7–8 қазанда Қарқаралыда «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Қарқаралы табиғатына екі күн» экологиялық акциясы өтіп жатыр. Акцияны «Орман Қарқаралы» қоғамдық бірлестігі Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі және «Орман» қонақ үйімен бірлесіп ұйымдастыруда.

Экологиялық акцияға Қарағанды облысының Туризм басқармасының, Visit Karaganda туристік ақпараттық орталығының қызметкерлері, волонтерлер және туризм саласының өкілдері қосылды.

Акция аясында табиғи және туристік аумақтарды тазалау, Кіші Қарқаралы өзенінің арнасын қоқыстан тазарту, тұрмыстық қалдықтарды жинау, жартастардағы вандалдық жазуларды өшіру және басқа да табиғатты қорғау жұмыстары жүргізілуде.

Қатысушылар бірлескен күш-жігермен танымал туристік нысандардың тазалығын сақтап, өңірдің табиғи мұрасына қамқорлық жасауда.

Туризм
08 октября 2026
Туризм және спорт министрінің орынбасары Мирас Төлебаев Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

Жиынға туризм және спорт саласының мамандары, спортшылар мен жаттықтырушылар, жергілікті атқарушы органдардың және туристік қауымдастық өкілдері қатысты.

Кездесу барысында бұқаралық спортты дамыту, спорт инфрақұрылымын жетілдіру, балалар мен жасөспірімдерді спортқа кеңінен тарту, ұлттық спорт түрлерін қолдау және өңірдің туристік әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

«Қарағанды облысы – табиғи және тарихи-мәдени әлеуеті жоғары, спортта өзіндік мектебі қалыптасқан өңір. Біздің міндетіміз – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, тұрғындарға спортпен айналысуға және сапалы демалысқа қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ туризм саласына жаңа инвестиция тарту», – деді Мирас Төлебаев.

2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың орналастыру орындарында 181 мың ішкі туристке қызмет көрсетілді. Өңірге 9,6 мың шетелдік турист келген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17%-ға жоғары. Ал сегіз айдың қорытындысы бойынша туризм саласына 15,5 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіш 10%-ға өсті.

Биыл облыста жалпы құны 12,7 млрд теңге болатын 14 жаңа туристік жоба іске асырылды. Оның ішінде Балқаш қаласында 6 нысан, Қарқаралы ауданында 4 жоба пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 9 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Балқаш қаласы өңірдегі негізгі туристік орталықтардың бірі саналады. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша қалаға шамамен 200 мың турист келген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 18%-ға көп. Қарқаралы ұлттық табиғи паркіне 43 мың адам барып, келушілер саны 23%-ға артқан. Сонымен қатар Бұғылы рекреациялық аймағында құны 4,4 млрд теңгені құрайтын инженерлік инфрақұрылым жобасы жүзеге асырылып жатыр.

Өңірде оқиғалық туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Балқашта өткен BalkhashTourFest фестиваліне рекордтық 75 мың қонақ жиналса, Қарқаралыда ұйымдастырылған BaiQymyz-2026 фестиваліне 20 мыңға жуық адам қатысты. Мұндай ірі мәдени-туристік іс-шаралар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына да серпін беріп отыр.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы