16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесіне байланысты, Қарқаралы тарихи-өлкетану музейінде «Тәуелсіздік тарихы – ел тарихы» тақырыбында шара өтті. Шараға Желтоқсан оқиғасының қатысушылары, бірқатар мекеме басшылары мен қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері және мектеп оқушылары қатысты.
Жиынды белгілі ақын Руслан Нұрбай жүргізіп, халқымыздың азаттық жолындағы жанқиярлық күресі мен ұлтты ұлы істерге үндеген саяси қайраткерлер тарихынан сыр шертті.
Шара қатысушылары халықтың бостандығы жолында құрбан болған жандарды бір минут үнсіздікпен еске алған соң, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Сайлау Әлиұлы сөз алып, кеңестер уақытындағы тарихи кезеңге тоқталып өтті. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін айтып, оны нығайту баршамыздың ортақ міндетіміз екенін атап айтты.
Желтоқсанның сол бір ызғарлы күндерінде алаңда болған жерлесіміз Баян Жұмагелдинова өз естеліктерімен бөлісіп, көзі көріп, басынан кешкен жайттарды әңгімеледі.
Өлкетанушы Саят Оспанов пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ойрат Жүкібаев сөзге ие болып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Өнер мектебінің тәрбиеленушісі, №1 орта мектептің 6 сынып оқушысы Мирас Мұратұлы Шынболат Ділдебаевтың «Шындық» атты толғауын тарту етсе, Гүлмира Сламбекова қобыздан «Отан-Ана» күйін күңірете орындады.
О.Жәутіков атындағы №1 орта мектептің бір топ оқушылары, тарих пәнінің мұғалімі Қайрат Омарбековтың жетекшілігіндегі шәкірттер Желтоқсан қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтың қоштасу жырын оқып, шарадан алған әсерлерін жеткізді.
Жиын соңында барша қауым елдің бейбіт өмірі мен тыныштығын, жарқын келешегін тілеген ортақ тілекпен тарқасты.