
Көкпарға әркімнің бар таласы
Қарқаралы ауданының Балқантау ауылдық округінің Қарабұлақ ауылында Отан қорғаушылар күніне және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне 30 жыл толуына орай ұлттық ат спорты көкпар ойынынан аудандық жарысы өтті. Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде Балқантау ауылдық округінің әкімі Рахимбергенов Аслан, ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Нурбеков Хамит, жарыстың бас төрешісі құттықтау сөз сөйлеп, Қарабұлақ ауылының ақсақалы Шөкенов Қасымбек жарысқа қатысушыларға батасын берді. Аталған жарысқа алыс-жақыннан 7 құрама команда қатысты. Атап айтқанда, Егіндібұлақ ауылының ересектер құрамасы, Егіндібұлақ ауылының жастар құрамасы, Теректі ауылының "Намыс" командасы, Теректі ауылының жастар командасы, Қаракөл құрама командасы, Қарабұлақ ауылының "Балқантау" командасы, Қарабұлақ ауылының жастар құрамасы жарысқа қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды Теректі ауылының "Намыс" командасы жеңіп алып 100 мың теңге сертификатымен марапаттады. 2- ші орынды Қарабұлақ ауылының "Балқантау" командасы жеңіп алды. Егіндібұлақ ауылының ересектер құрамасы 3 орынға табан тіреді. Жарысқа қатысқан барлық командалар алғыс хатпен марапатталды. Командалық жарыстан соң аталған команда мүшелері және Қарағайлы, Аппаз ауылынан келген көкпаршылар жаппай көкпар тартып, көрермендерге өз өнерлерін паш етті. Жаппай көкпар тарту кезінде салым салған көкпаршылар 5000 теңгеден, 20000 теңгеге дейін ақшалай сыйлыққа ие болды. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне ат салысып, демеушілік еткен Қарабұлақ ауылының азаматтарына, Балқантау ауылдық округінің шаруа қожалықтарына, балалар дәне жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Рахымбек Қанатқа және жарысты жүргізіп отырған Қарағайлы кентінің азаматы Базарбаев Медетке, Қарағанды облысының ат спорты федерациясына ұйымдастырушылар атынан алғысымызды білдіреміз.