Сыбайлас жемқорлық - мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейтін және қоғам өміріне едәуір нұқсан келтіретін келеңсіздіктің бірі. Сыбайлас жемқорлық пен парақорлыққа пәрменді түрде тойтарыс берілмесе, гүлденген, өркениетті мемлекетті елестету мүмкін емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сыбайлас жемқорлық – өте күрделі құбылыс. Былай атқанда дерт деп те айтуға болады. Мысқалдап кіретін, батпандап шығатын кесел. Сондықтан бұл дертпен бәріміз қоғам болып күресуіміз керек», - деген болатын. Яғни қоғамға қауіпті жат құбылыстың алдын алып, жолын кесу – баршамызға ортақ маңызды міндеттің бірі.
Елімізде Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген болатын. Оның аясында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес барысы туралы халықты үнемі хабардар етіп, кешенді іс-қимыл арқылы қоғамдық сананың өзгеруіне ықпал жасау көзделген. Бұл орайда мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын насихаттаудың, аталмыш келеңсіздікпен қоғам болып күресудің маңызы зор.
Қарқаралы ауданында сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау, алдын алу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді.
Аудан әкімдігінің құрылымына жататын мемлекеттік органдарда арнайы кестеге сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілуде. Бұқаралық ақпарат құралдары мен аудан әкімдігінің ресми сайты және әлеуметтік желілер арқылы ішкі талдаудың басталуы мен нәтижелері бойынша тиісті ақпараттар жарияланып тұрады. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталған жағдайда, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарына ықпал ететін алғы шарттар мен себеп-салдарды жоюға бағытталған іс-шаралар қолға алынады.
Ауданымызда әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар, сыбайлас жемқорлық сипатындағы фактілерге, сондай-ақ, қарамағындағылардың сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін басшыларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мониторингісі үнемі жүргізіліп тұрады. Бүгінге Қарқаралы ауданында мұндай фактілер тіркелген жоқ.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда тұрғындармен тығыз қарым-қатынас орнатып, өзекті мәселелерді нәтижелі шешудің маңызы зор. Осы орайда, «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасы аясында ауданымызда жергілікті тұрғындармен мәселелерді бірлесе шешу, кері байланыс орнату жұмыстары жүргізілуде. Биылдан бастап, "Әкім сағаты" шарасы жанданып, ай сайын өткізіліп келеді. Онда аудан әкімі ретінде аудан тұрғындарының сұрақтарына тікелей эфирде жауап беріп, маңызды мәселелер тұрғындармен бірлесе талқылануда. Сондай-ақ, тоқсан сайын ауданға қарасты тұрғындармен есепті кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Биылғы жылдың І жартыжылдығында барлық деңгейде жүз есепті кездесу өтіп, барлығы 409 мәселе көтерілді. Кездесулерге үш мыңнан астам адам қатысты. Бұдан бөлек аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері аудан әкімінің азаматтарды жеке қабылдауы өтіп тұрады. Осы шаралардың бәрі тұрғындармен қоян-қолтық жұмыс жасап, мәселелерді түбегейлі шешуге, халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыруға өз септігін тигізуде.
Мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті нығайту мақсатында ауданның Әдеп жөніндегі уәкілі ай сайын мемлекеттік қызметшілер үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша түсіндіру іс-шараларын жүргізеді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен міндеттемелердің басқа да шараларының сақталуына тұрақты негізде мониторинг жүргізіледі, бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке тоқсан сайын мәліметтер ұсынылады.
Ауданда "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру" жобасы бойынша тоқсан сайын сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысы өткізіледі және бекітілген кестеге сәйкес аудан әкімдігінің ресми интернет-ресурсында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шараларды іске асыру туралы анықтамалық ақпарат жарияланып тұрады.
Осы ретте ағымдағы жылдың басынан бастап сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша 244 іс-шара өткізілді, оған 3000-ға жуық адам қатысты. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым қызметкерлері, жастар мен халық арасында кездесулер ұйымдастырылса, "Адал көмек" акциясы аясында 20 тікелей эфир өтті. Халыққа және бизнес құрылымдарына 150-ден астам буклет таратылып, ауданның елдімекендерінде баннерлер орнатылды. Алты мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыбы бойынша оқуға жіберілді.
Өңірде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс іске асырылуда. Осы мақсатта 2023 жылы Қарқаралы ауданы бойынша аудандық бюджеттен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық мәдениетті қалыптастыру және парасаттылық мәдениетін ілгерілету жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу бойынша арнайы қаржы бөлінді.
Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысы бойынша "ADAAL" Азаматтық бастамалар орталығы» қоғамдық бірлестігімен шарт жасалып, алдағы уақытта Қарқаралы ауданы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар атқарылатын болады. Оның ішінде Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментімен бірлесіп, ауданның мекемелерінде, кәсіпорындары мен ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта дөңгелек үстелдер, пікірталастар, форум, кездесулер, сонымен қатар, аудан бойынша мемлекеттік қызметкерлер мен қоғамдық ұйым өкілдерінің басқосулары, мектеп оқушылары арасында эссе, шығарма жазу, сурет салу, бейнероликтер әзірлеу конкурстары, брейн-ринг және тағы да басқа шаралар көзделуде.
Мемлекеттік органдар қызметінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, халықпен ашық диалог құру, тұрғындардың билік органдарына деген сенімін арттыру мақсатында 2020 жылы аудан әкімдігінде фронт-офис ашылды. Онда тұрақты негізде бір терезе қағидаты бойынша халыққа қызметтер мен консультациялар көрсетіледі. Құжаттарды қабылдау қағаз түрінде де, электрондық нысанда да, оның ішінде өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы арқылы жүргізіледі.
Жалпы алғанда, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеудің, алдын алу мен себеп-салдарын жою бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Ең бастысы, елімізде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді шаралар - азаматтық, адамгершілік ұстанымдарға негізделген әділ қоғам құру бағытындағы мемлекеттік саясаттың маңызды саласы. Бұл орайда әрбір азамат сыбайлас жемқорлықтың ұлтқа төндіретін қаупі мен зардабын түсініп, мұндай жағымсыз әрекеттен бойын аулақ ұстағаны абзал. Ал халыққа қызмет ететін әрбір мемлекеттік қызметші өз жұмысын әділдік пен адалдық қағидаттарына сүйеніп атқаратын болса, ортақ мүддеге бағытталған кешенді жұмыстар өз жемісін берері даусыз.
Ерлан Құсайын,
Қарқаралы ауданының әкімі.