Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы туралы

Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы туралы

 

          Тәртіптік жаза қолдану және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру мақсатында ҚР Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы Жарлығымен ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің жаңа редакциясы бекітілді.

          Жаңа Әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілейді және мемлекеттік қызметшілердің моральдық-адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру үшін негіз болады.

          Маңызды айырмашылық – жеке тарауда адалдық, шыншылдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық және клиентке бағдарлану сияқты мемлекеттік қызметтің этикалық қағидаттары айқындалған.

         Кодекстің жаңа редакциясында «клиентке бағдарланған» мемлекеттік аппаратты қалыптастыру және мемлекеттік қызметтерді ұсынуда ашықтық қағидаттарын сақтау бойынша, сондай-ақ өтініштерді қарау кезінде төрешілдік пен сөзбұйдаға (бюрократизмге) салу көріністеріне жол бермеу бойынша басым талаптар көзделген.

         Сондай-ақ, Әдеп кодексі жалпы қабылданған мінез-құлық нормаларының басқа тараптарын да қамтиды. Мысалы, Кодекстің осы редакциясында, бұрын қолданыстағылармен салыстырғанда, Заңда белгіленген шектеулерді сақтау, мүдделер қақтығысын болдырмау, заңсыз уәде бермеу және лауазымдық міндеттерін орындауға байланысты кез келген сипаттағы заңсыз міндеттемелер алмау қажеттігі туралы көзделген.

         Мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз ету және мемлекеттік мүлікті тек нысаналы мақсаты бойынша пайдалану нормалары өзгеріссіз қалады.          

        Қызметтен тыс уақытта жалпы қабылданған моральдық-этикалық нормаларды ұстануға, қарапайымдылық танытуға, тиісті көрсетілетін қызметтерді алу кезінде өзінің лауазымдық жағдайын баса көрсетпеуге және пайдаланбауға және қоғамдық имандылыққа қолсұғушылықпен ұштасатын қоғамға жат мінез-құлық жағдайларына жол бермеуге тиіс.

          Мемлекеттік қызметшінің сыртқы келбеті қызметтік міндеттерін атқару кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуы тиіс.

          Бұдан басқа, мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидалары мен Әдеп жөніндегі кеңестер туралы ережеге өзгерістер енгізілді. Тәртіптік жаза қолдану қағидаларында қызметтік тексеру жүргізу, тәртіптік комиссияның материалдарды қарау тәртібі және тәртіптік комиссияның ұсынымы бойынша уәкілетті адамның шешім қабылдау мерзімдері нақтыланды. Сонымен бірге Агенттіктің Әдеп жөніндегі комиссиясына қызметтік әдеп нормаларын бұзғаны және беделін түсіретін теріс қылықтар жасағаны үшін облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің орынбасарларының, облыстардың, облыстық маңызы бар қалалардың, облыстар аудандары мен қалалардағы аудандардың әкімшілік орталықтары болып табылатын қалалар әкімдерінің, комитеттер төрағаларының, сондай-ақ облыстар әкімдері аппараттары басшыларының тәртіптік жауаптылығын қарау өкілеттігі берілген.

Дата публикации
15 марта 2024