Қарқаралы ауданының Көктас ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды
Қарқаралы ауданының Көктас ауылында Республика күні қарсаңында жалпы ауданы 542 шаршы метр болатын жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды.
Ашылу салтанатына аудан әкімі Саят Мусин мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нүркен Нұратов қатысты. Шара барысында бұқаралық спортты дамытуға қосқан үлесі үшін ардагер-спортшы Жұмаш Құрманғалиев аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
«Нұрай Құрылыс Сервис» ЖШС салған жаңа екі қабатты кешенде спорт залы, әкімшілік бөлме және душ кабиналары қарастырылған. Нысан ауыл тұрғындары мен жастар арасында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған.
Қарқаралы қаласының спорт кешенінде Жастар, спорт, білім және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен Мүмкіндігі шектеулі жандар күніне орай ерекше балаларға арналған «Көңілді мәрe» сайысы өтті.
Аталған сайысқа 9 отбасы қатысып, шеңберге доп салу, доп лақтыру, қысқа қашықтыққа жүгіру және сурет салу бойынша бақ сынады.
Іс-шараның соңында сайысқа қатысқан барлық балаға естелік сыйлықтар табысталды.
25 қыркүйек күні Қарқаралы қаласында аудандық ветеринариялық станция мен ветеринариялық зертхананың жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті.
Салтанатты шараға Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Республикалық ветеринариялық зертханасының бас директоры Темірхан Елшібаев және сала мамандары қатысты.
Жаңа зертхана заманауи талаптарға сай жабдықталып, жануарлардың аса қауіпті ауруларын зерттеу, ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізу және қауіпсіздігі талапқа сай келмейтін өнімдерді анықтау бағытында қызмет атқарады.
Шара барысында қонақтар сынама қабылдау, серология және ветеринариялық-санитариялық сараптау кабинеттерінің жұмысымен танысты.
18–20 қыркүйек аралығында Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында самбодан Әлем кубогі өтті.
Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданының спортшысы Мәдина Ержан 80 келі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.
Спортшымыз бен жаттықтырушыларын жоғары жетістіктерімен құттықтаймыз! Алдағы жарыстарда жаңа жеңістер мен толағай табыстар тілейміз!
Қарқаралы өңірінде дәстүрлі Bugyly Trail 2026 марафоны өтіп, жарыстың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Іс-шараға қатысушыларды Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Нұржан Ағыбайұлы және облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының бұқаралық спорт бөлімінің басшысы Ринат Тілеубек құттықтап, сәттілік тіледі.
Табиғаты көркем аймақта өткен марафон салауатты өмір салтын насихаттап, Қарқаралының туристік әлеуетін танытуға бағытталған маңызды спорттық шаралардың біріне айналды.
Биылғы жарысқа Қазақстанның әр өңірінен, сондай-ақ Ресей, Канада, Германия және Қырғызстаннан келген 400-ден астам спортшы қатысты.
Қатысушылар 1 км балалар жарысы, 5 км, 10 км Shaitankol Trail, 21 км Bugyly Forest Trail және 50 км Bugyly Ultra Trail бағыттары бойынша бақ сынады. Ең ұзын 50 шақырымдық қашықтық Бугылы жотасының көрікті жерлерін қамтып, биіктік айырмасы шамамен 1000 метр болатын күрделі бағыт ретінде ерекшеленді.
Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты іс-шараға шақырамыз.
Өтетін күні: 2026 жылғы 1 тамыз
Өтетін орны: Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, «ҚАРҚАРАЛЫ GO» этно-лагері.
Бағдарламада облыстық өнер ұжымдарының концерті, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар, ат бәйгелері және мерекелік кеш өтеді.
Спорттық жарыстар (09:00):
* Қазақ күресі (74 кг және +74 кг);
* Қол күресі (70 кг және +70 кг);
* Садақ ату (ерлер мен әйелдер).
Ат жарыстары (15:00): «Жаңанегіз» ауылы атшабарында Құнан, Топ және Аламан бәйге.
Жеңімпаздарға автокөлік пен қомақты ақшалай жүлделер тағайындалған.
Мерекелік кеште Әділет Жауғашар және өзге де эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді.
Баршаңызды ел мақтанышы Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойын бірге атап өтуге шақырамыз!
Иорданияның Амман қаласында жастар арасында дзюдодан Азия чемпионаты өтті.
Аталған дүбірлі додада қарқаралылық балуан Санжар Ерұланұлы барлық қарсыластарынан айқын басым түсіп, Азия чемпионы атанды.
Жерлесімізді жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл – қажырлы еңбек пен табанды дайындықтың жемісі.
Санжарға алдағы халықаралық жарыстарда да биік белестерді бағындырып, еліміздің абыройын асқақтата беруіне тілектеспіз!
Бір ай бойы «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары туған ауылымыздың тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аумақтарды тазалау, гүлдерге күтім жасау және абаттандыру жұмыстарына белсене қатысты.
Бір айлық еңбек маусымында жауапкершілік пен белсенділік танытқан барлық оқушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз. Сіздердің еңбектеріңіз – туған жерге деген сүйіспеншілік пен жанашырлықтың жарқын үлгісі.
Баршаңызға зор денсаулық, оқуда толағай табыс және жарқын болашақ тілейміз! 🌱💚
Бүгін, 17 маусым күні, Мартбек Мамыраев ауылдық округіне қарасты Ақжол ауылындағы Әлібек Бүркітбаев атындағы ЖББ №12 орта мектебінің 9 және 11 сынып оқушыларына аттестат табысталды.
Биылғы оқу жылын 11 сыныптың 3 оқушысы үздік аяқтап, «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл – оқушылардың табандылығы мен білімге деген құштарлығының, сондай-ақ ұстаздар мен ата-аналардың тынымсыз еңбегінің жемісі.
Барша түлектерді өмірлеріндегі маңызды белеспен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы өмір жолдарында толағай табыстарға жетіп, ел мақтанышына айналуларына тілектеспіз!
4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай Мартбек Мамыраев ауылдық округі әкімі аппаратында мекеме басшыларының қатысуымен «Елдің беті – елдің көркі, рәміздер!» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның маңызы мен тарихы туралы пікір алмасылып, ұлттық құндылықтарды құрметтеу, отансүйгіштік рухты нығайту мәселелері талқыланды.
Қатысушылар мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің тұғыры, ел бірлігі мен берекесінің нышаны екенін атап өтіп, оларды құрметтеу әрбір азаматтың қасиетті борышы екенін жеткізді.
Мемлекеттік рәміздерге құрмет – Отанға деген сүйіспеншілік пен адалдықтың жарқын көрінісі.